ЖАСТАР МАРАПАТТАЛДЫ

Аудандық жастар ресурстық орталығы мен ауданның білім бөлімі бірігіп, Наурыз мерекесіне арналған «Наурыз келді жаңаша, салт-дәстүрі жараса» атты онкүндік аясында «Жастардан игі іс» тақырыбында мерекелік іс-шаралар өткізген болатын.

   Осы орайда «Анаға тағзым» орталығының дәстүр залында белсенді жастардың қатысуымен  онкүндіктің  қорытынды  салтанатты рәсімі өтті.

  Шарада аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев сөз сөйлеп, мерекелік шараның өтуіне атсалысқан барлық аудан жастарына алғысын білдірді.

  —Елімізде  Наурызды он күн тойлау ұсынылып, әр күні түрлі тақырыпта атап өтілді. Яғни,  осы арқылы қазақ халқының дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптары, отбасылық салты дәріптеліп, жұртшылықтың қоршаған ортаға деген құрметі мен қайырымдылық мәдениеті қалыптасады.  Жалпы алғанда, бұл мерекеде халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтар кеңінен насихатталады, — деп оларды аудан әкімінің Дипломдары, Алғыс хаттарымен марапаттап, сертификаттар табыс етті.

   Аталған шараның өз деңгейінде өтуіне ұжым болып қолдауы көрсеткені үшін №3 және І.Үргенішбаев атындағы орта мектептердің жастары I орын алды.  II орынға №2 мектеп-гимназиясы мен Ә.Жангелдин атындағы орта мектебі лайықты деп танылса,  III орын №5 мектеп-лицейіне бұйырды. Ал №4 және №8 орта мектебінің жастарына Алғыс хаттар берілді.

   Сонымен қатар Сандуғаш Аманжолова, Гүлбану Досниязова, Ақмарал Ранатова,  Қанат Сәдуақас, Алтынай Нұрланова, Арайлым Шатаева, Сандуғаш Нағымбаевалар Алғыс хаттарға ие болды.

   Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ.