ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР ҰСЫНЫЛДЫ

«Анаға тағзым» орталығының дәстүр залында «Салт-дәстүр жараса, Наурыз келді жаңаша!» атты Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын тойлауға арналған онкүндік бағдарламасы аясында ұлттық тағамдарымыздың құндылығын дәріптеу мақсатында көрме өтті.   

  Қаладағы «Жас аналар» клубының мүшелері өздері әзірлеген ұлттық тағамдарды көрсетіп, оны дайындау әдістері және меймандарға ұсыну реттері бойынша шеберлік сабақтарын өткізді.

  Шарада аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев, қала әкімінің орынбасары Ертай Құдайсүгіров көрме қонақтарын Наурыз мерекесімен құттықтап, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының әдет-ғұрыптарымен қатар, ұлттық тағамдары да кеңінен насихатталуы қажет екендігін айтты.

  Қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев, еңбек ардагері Қуанышбай Князбаев сөз сөйлеп, көрме барысында көрсетілген ұлттық тағамдарды жастарға үйретсек, дастарханымыздың сәніне айналар еді деп игі тілектерін жеткізді.