Домбыраның қос ішегіндей тартылған теміржол бетімен жүйіткитін құрамалардың әр тетігін мұқият тексеріп, олқы жерін бекітіп, жөндеу ісінің де ауыртпалығы мол. Вагондардың зіл батпан шойын темірлерін, уысыңа сыймайтын бұрамаларын көргенде, бұл жұмыстарды тепсе темір үзетін жігіттер ғана атқарады-ау деп ойлайсың. Алайда Шалқар вагон жөндеу депосының шебері Шолпан Жақсылыққызының жұмысындағы міндетін көріп, біз бұл ойымыздан айныдық. Ананың аялы алақаны ас үйдегі ыдыс-аяқтың ғана емес, қара темірлердің де қырын келтіре алатынына куә болдық.
Шолпанның ата-анасы Жақсылық Байбосынов пен Үміт Нажимованы шалқарлықтар жақсы таниды. Жақсылық ақсақал №6 Шалқар қалпына келтіру пойызы мекемесінде ұзақ жылдар жауапты қызметтер істеді. Анасы Үміт 40 жыл табан аудармастан жергілікті ауруханада кіші қызметкер болып еңбек етті. Екеуінен тараған 10 баланың үлкені осы — Шолпан. Ол жастайынан әке-шешенің еңбекқорлығын, табандылығын көріп есейеді. Теміржолшы әкенің түзу тәртібіне, жұмысына деген жауапкершілігіне кішкентайынан тәнті болыпты. Қызының бұл қызығушылығын ерте аңғарған әкесі өскенде теміржол саласының маманы болуға баулиды.
— Бала кезімде дертке шипа беретін дәрігер болсам ба деп армандайтынмын. Бірақ талайыма теміржолшы мамандығын игеру бұйырды. 1980 жылы жолдамамен Алматы темір жол көлігі инженерлері институтына оқуға түсіп, инженер-механик мамандығын иелендім. Қазіргі таңда «Қамқор вагон» ЖШС Шалқар вагон жөндеу депо филиалында доңғалақ жөндеу шеберханасының шебері болып жұмыс істеймін. Бұл кәсіпорында 189 адам еңбек етеді. Атқаратын міндеті — вагондарды ағымдағы орташа және күрделі жөндеуден өткізу. Менің цехым вагонның доңғалақ жұптарын жөндеуден өткізеді. Бес жыл институтта оқығанымды қоспағанда, биыл осы кәсіпорында жұмыс істегеніме 37 жыл болыпты. Өзім де тәртіппен жүргенді жақсы көремін. Отбасында да осы қағида мен сенім жолға қойылса, әрбір шаңырақтың түтіні түзу шығар еді, — дейді Шолпан.
Жалпы теміржол мекемелерінің қызметкерлеріне қояр талабы жоғары. Жұмысы таң ала кеуімде басталып, кешкілік бітетін салада еңбек етудің алғашқы кезде қиынға соққанын Шолпан апа да жасырмайды. Әсіресе, тұрмыс құрған жылдары теміржолдағы жұмысы мен үйдегі келіндік міндетті қатар алып жүрудің де оңай соқпағанын айтады. Сол кезде жанына демеу болған жолдасы Есет аға мен ата-енесінің қамқорлығына ризашылығын әлі ұмыта алар емес.
Қандай жұмыста да аға буыннан алар ақыл-кеңестің орны бір бөлек. Шолпан апай да өзіне тәлімгер болған ағаларынан көрген жақсылығын әрдайым мақтанышпен айтып жүреді.
— Жұмыста бір жетістікке қолың жетсе, оған өз еңбегіңмен жеттім деу бір жақты болады. Себебі қандай да жұмыс әріптестеріңнің, жалпы ұжымның ауызбіршілігінің арқасында бітетіні айқын.
Шалқар вагон жөндеу депосының тарихы ғасырдан асады. Осы кәсіпорынның еңбек қазанында қайнап, құрыштай шыңдалған ағаларымыз бар. Олардың жұмысқа табандылығын, кісілік болмысын айтып жүру — ізбасарларына парыз. Еңбек жолымда өзіме осы саладағы алдыңғы толқынның көмегі көп тиді. Ізмұқан Бигеев, Шамшырақ Өталин, Дәуренбек Мекебаев, Тыныштықбай Сағитжанов, Ахметжан Кенжеғарин, Мыңжасар Пірманов, Сағынай Дайыров сынды ағалардың еңбегін, іскерлігін айырықша атағаным орынды болар. Бұл кісілердің көбі қазір арамызда болмағанымен, олардың еңбектегі тәжірибесін, берген кеңестерін біз ұмытпаймыз, — дейді Шолпан апа жақсы ағаларын есіне алып.
Өмірлік серігі Есет Садақбаев Жаңажол поселкесінде вахталық әдіспен жұмыс істейді. Екеуінің отау құрғандарына да биыл — 37 жыл. Бір ұл, бір қызды өмірге әкеліп, қатарынан қалдырмай оқытып, аяқтандырды.
Апайдың шеберханасында күні-түні қызған жұмыс. Босаңсуға болмайды, өз міндетіңе асқан мұқияттылық қана керек. Кішкентай қателігің алыс сапарларға аттанатын вагондарды кідіртуі бек мүмкін. Әріптестері осы жердің ыссы, суығын бір адамдай көріп келе жатқан Шолпан Байбосынованың тындырымдылығын жоғары бағалайды екен. Доңғалақ жөндеу шеберханасында онымен қысқаша тілдесіп, суретке түсіруге әзірлене бергенімде ұжымдастары «Шолпан апамен суретке біз де бірге түсейікші», деп қаумалап, оны орталарына алды. Фотоаппарат объективінен шойын жолда шыңдалған Шолпанның да шырайлы жүзі бізге айрықша көрінді…
Мұхтар МЫРЗАЛИН.
Суретте: ортада Шолпан Байбосынова.