ҰСТАЗДАР МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

Сары Батақұлы атындағы Шалқар аудандық Мәдениет үйінде «Дала қоңырауының шамшырағы» деген атпен ұстаздар күніне арналған салтанатты мерекелік шара өтті.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, еліміздің ертеңі мен бүгіні, жас ұрпақтың тағ-дыры ұстаздардың қолында екенін айтты.

— Елбасының айрықша көңіл бөлуі нәтижесінде білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық-техникалық базасын заманауи қондырғылармен жабдықтау арқылы білім саласын дамытуға барлық жағдай жасалып келеді. Оның барлығы білім сапасын арттыруға, кәсіби шеберлікті нығайтуға, мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін жоғарылатуға ықпал ететіні сөзсіз.

Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыстар тілеймін. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін ұстаздық жолдарыңыз тек өрлеу мен өсуге бастасын.

Ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет етіп келе жатқан мұғалімдердің ата-анадан кейінгі ат-қарар рөлі ерекше. Тәуелсіз мемлекетіміздің басты құндылығы — білімді адам. Тек өз Отанымыздағы білім үрдісімен шектеліп қалмай, әлемдік білім кеңістігіне шығу жолындағы қадамдарыңыздың өзі бәсекелестіктің бағын ашады, — деді аудан басшысы.

Сонымен бірге аудан әкімі шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеп, жақсы қасиеттерді бойына дарытқан ұстаздарға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше екеніне тоқталды.

Бұдан соң өз істерін адал, абыроймен атқарып жүрген ұстаздар марапатталды. Аудандық көркемсурет лицейінің директоры Дәулетжан Төлеубаев ҚР білім және ғылым министрінің Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісін кеудесіне тақты. «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының Алғыс хатын 4 адам, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен 11 адам және Алғыс хатын 10 адам иеленді. Сонымен қатар қаламыздағы мектеп директорлары аудан әкімінің Құттықтау хатымен марапатталды. 16 ұстазға аудан әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. 12 ұстаз «Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалы төрағасының Алғыс хатына ие болды.

Мерекелік шарада аудандық мәслихат хатшысы Сқақ Бигеев қаламыздағы 4 қосымша білім беру мекемелерінің басшыларына Алғыс хат табыстаса, қала әкімі Тұрлан Төлегенов 13 балабақша меңгерушілерін Құттықтау хатпен марапаттады. Ауданның білім бөлімінің басшысы Абзал Абдыков ҚР салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасын 8 ұстазға және осы саланың облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасын 6 ұстазға тапсырды.

Мерекелік шарада ұстаздар туралы әндер шырқалды, аудан көркемөнерпаздары шағын концерт қойды.

М. ДӘНЕКЕРОВ,  «Шалқар».