АУҒАН СОҒЫСЫНДАҒЫ ЕРЛІК ЕЛ ЖҮРЕГІНЕН ӨШПЕЙДІ

Ауған соғысының қасіреті оған қатысқан әрбір азаматтың жүрегінен өшкен емес. Арада қаншама жылдар өтсе де сол майдандағы ауыртпалық көптеген жүректердің жазылмас жарасына айналды. Мәні беймәлім осы қақтығыста болған жауынгерлердің өр мінезі мен ерліктерін дәріптеу міндетіміз. Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткізілген «Ауғанстан — біздің есімізде!» атты патриоттық шара осындай ортақ парыздан туған еді.
Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде санитарлық талаптар ескеріле отырып ұйымдастырылған жиында аудан әкімі Жанболат Жидеханов, облыстық Ауған соғысы ардагерлерінің ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің, «Ер-Бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев, облыстық «Жауынгерлік бауырластық» қорының төрағасы Гумер Галеев, шалқарлық еңбек және ауған соғысының ардагерлері, ұстаздар мен жастар қатысты.
Аудан әкімі Жанболат Жидеханов шараның мақсатына тоқталып, ауған оқиғасының қаншама қазақ баласының өміріне жасаған зұлымдығын, осы майданда болған шалқарлық жауынгерлердің жанкешті ерлігін айтып, басқосуға арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді.
— Кезінде Ауғанстанға интернационалдық борышын өтеуге Шалқар ауданынан 77 сарбаз аттанса, солардың қатарындағы Имамадин Тұрғамбаев, Үбайдулла Шүйіншалин, Владимир Прохоренко, Серікбай Сырлыбаев сынды жерлестеріміздің ғұмыры жастай жат жерде қиылуы орны толмас өкініш болды. Олар антқа адалдықтың үлгісін көрсетіп, ерлікпен қаза тапты. Бұл ағаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, осындай мағынасы терең іс-шаралар арқылы да олардың ерлік жолдары қайта жаңғыра береді, — деді аудан әкімі.
Сахна төріндегі үлкен экраннан ауған соғысының тарихы, онда қаза болған жауынгерлердің өмір жолдары, олар жайлы айтылған естеліктер көрсетілді. 2007 жылдың 2 қыркүйегінде №2020 әскери бөліміне қарасты «Сарыағаш» шекаралық учаскесінде Отан алдындағы борышын өтеуде ерлікпен қаза тапқан шалқарлық сарбаз Ерлан Ниязовтың да намыспен шыңдалған балалық шағы баяндалған бейнеролик көрерменнің жүрегін елжіретті.
Ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев 20 жасында ауған жеріндегі соғыста ерлікпен қаза тапқан Имамадин Тұрғамбаев пен Отан алдындағы борышын өтеу барысында қылмыстық топтың қолынан опат болған Ерлан Ниязовтың ата-анасы мен бауырларына арнайы сыйлықтар табыстады. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұловтың және аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлсайран Құлекенованың атынан аудандық тарихи-өлкетану музейімен тығыз байланыс орнатып, өлкеміздің тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға белсенділік танытқан бірқатар ұстаздарға Алғыс хаттар берілді.
Шаршы топта елжандылық рухта әңгіме өрбітіп, өскелең буынға өнегелі кеңесін айтып жүретін ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаевпен сұхбат жүргізілді. Оған бейбітшіліктің қадірі, соғыс қасіреті, қазіргі жастардың бойындағы патриоттық қасиеттер тұрғысында көпшілік көкейінде жүрген сауалдар қойылып, мазмұнды әңгіме өрбіді. Жүргізушінің «Патриот деп кімді айтамыз?» деген сауалына Марат Қойлыбаевтың: «Патриот деп иығына қару асынып, соғыс көрген адамды емес, елін, жерін ата-анасын сүйетін, ұлтын, салтын қадірлейтін барша буынды айтуымыз қажет», — деген жауабы көптің көкейіне жетті.
Рухты оятатын әндермен өрілген салтанатты шараның ашық микрофон айдарында ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз, музей жанындағы ғылыми кеңестің мүшесі Күләй Жұмағалиева, Шалқар ауданының Құрметті азаматы, «Құрметті құрылысшы», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері Жеткерген Елемес, №6 орта мектеп жанындағы Әкелер кеңесінің төрағасы Эрдап Сырлыбаевтар ауған соғысының зардаптары хақында өз ойларымен бөлісіп, жастарды елдің азаттығы мен бейбіт күннің қадірін терең ұғынуға шақырды.
Патриоттық шараның екінші кезеңі Шалқар қаласындағы №6 орта мектебінде жалғасты. Қонақтар осы оқу жылының басында күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпке енген білім ошағының ауласындағы Жеңіс аллеясына гүл шоқтарын қойып, жанына қарағай ағаштарын отырғызды. Мектеп ішінен ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді қолдау кабинетінің ашылу рәсіміне қатысып, мектеп ауласындағы «Біз біргеміз!» акциясы аясында салынған жылыжай жұмысымен танысты. Қазақша күрес үйірмесінің тәрбиеленушілері облыс орталығынан келген өкілдермен жүздесіп, еркін пікірлесті.
Бір күнге созылған тағылымды шараның куәгерлері осы іске мұрындық болған аудандық тарихи-өлкетану музейі ұжымына, басшысы Нағима Тлембаеваға айрықша алғыстарын білдірді.


Мұхтар МЫРЗАЛИН.