Праймериз туралы Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаев үстіміздегі жылы наурыз айында өткен партияның саяси кеңесі бюросының отырысында «Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шешім деп санаймын» деген еді. Осылайша халықаралық тәжірбиеде мойындалған партияішілік іріктеу тәсілін елімізде алғашқылардың бірі болып «Nur Otan» партиясы қолданысқа енгізді.
Пандемияға байланысты праймериз өткізу ережесіне өзгерістер енгізіліп, дауыс беру онлайн-форматта https://primaries.kz/ сайты және «Рrimaries» мобильдік қосымшасы арқылы өткізілетін болды. Бұл азаматтар денсаулығының қауіпсіздігі және ашықтық пен қолжетімділікті арттыру үшін жасалған нақты қадам деп қабылдауымыз қажет. Өңірдегі интернет желісі жоқ 2 ауылдық округте партия мүшелері дәстүрлі форматта бюллетень арқылы дауыс береді. Дауыс беру онлайн форматта дауыс беретіндер үшін ағымдағы жылдың 1 қазаны жергілікті уақыт 00.00-ден 3 қазан 14.00-ге дейін, ал дәстүрлі түрде дауыс беретін партия мүшелері үшін 3 қазан 08.00-ден 14.00-ге дейін жүргізіледі.
Праймериздің өткізілуін бақылауды партиялық бақылау комиссиясы жүзеге асырады. Сондай-ақ, үміткерлердің партия мүшесі болып табылатын сенімді өкілдері де дауыс беру процесіне байқаушы ретінде қатыса алады. Үміткерлерге дауыс беру партия мүшелері арасында жүргізілетінін айта кеткен жөн.
Бүгінде «Nur Otan» партиясының Шалқар ауданында 22 бастауыш партия ұйымына бірікккен 2662 партия мүшесі бар.
Ауданда праймеризге қатысушылар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде
Ауданымызда праймеризге қатысушы кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Шалқар ауданы бойынша партияішілік іріктеуге 30 үміткер қатысуда. Үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, әлеуметтік мессенджерлер арқылы онлайн кездесулер мен офлайн кездесулер негізінде жүргізілуде.
«Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жарылғасын Талмырзаұлының айтуы бойынша, праймериз кандидаттарының орташа жасы — 44. Кандидаттар арасында әйел адамдардың үлес салмағы 33,3 пайыз (10 адам), 35 жасқа дейінгі кандидаттардың үлес салмағы 26,7 пайыз (8 адам).
Праймериздің басты мақсаты — нақты саяси бәсекелестік негізінде ашық ойлы, әлеуметтік мәселелерді шешуге деген құлшынысы мен қабілеті бар мықты лидерлерді анықтау. Праймериздің барлық кезеңдерінде сайлаушының құпия дауыс беру қағидаттары сақталынатын болады және праймериз кандидаттарына пікірсайыс жүргізу, барлық ниеттенушілер үшін қоғамды дамыту мәселелерін талқылау мүмкіндігі беріледі. Праймериздің үгіт-насихат жүргізу кезеңі ағымдағы жылдың 30 қыркүйегі күні жергілікті уақыт 24.00-де аяқталатын болады, кандидаттарға дауыс беру 1-3 қазан аралығында өткізіледі. Жеңімпаздар әртүрлі деңгейдегі мәслихаттарға үміткерлердің партиялық тізіміне енетін болады.
«Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалы.