Ұлт жанашыры ретінде үнемі рухани құндылықтарды тақырыбына арқау етіп, құнды мақалаларды топтастырып, жарыққа шығарып келе жатқан «Ана тілі» газетін мен де өзіме жақын көремін.
Әсіресе, онда төл тіліміздің болашағына ерекше ден қою һәм елдік мәселелер төңірегінде мазмұнды мақалалар жиі жарыққа шығып тұрады. Өткен санында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген сұхбатында көтерілген мәселелер менің көңіліме жылы тиді. Әлем жұртшылығы жұқпалы індетті «жыр» қылып жүргенде мемлекет басшысы осы сұхбаты арқылы халқына болашаққа деген үлкен үміттің отын жағып, серпін берді. Қазір енжарлықтың кезеңі емес, керісінше, жігерлілік танытып, өз-өзімізді қайшыламасақ жаһандану көшінен кейін қалып қоюымыз әбден мүмкін. Қандай жылдам даму болса да әр ел өзінің ұлттық құндылықтарын тасада қалдырмайды. Оның бастысы — өзінің ана тілі, ата-бабадан жалғасқан салт-дәстүрі екені даусыз. Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытта қазақ тілінің өресен кеңейту мақсатында түрлі бастамалар көтеріліп, бірқатар бағдарламалар да бекіді. Алайда, әлі де төл тіліміздің төрімізден еркін сайрауына алаңдаушылық бар екені рас. Адам баласы ана тілімен шектелмей, өзге тілдерді де игеру заман талабы. Жалпы тіл жайында осы мақалада Қасым-Жомарт Кемелұлы кеңінен көсіліп, орамды ойын айтты. Қазақ тілін ұлттық құндылық ретінде көру үшін оны дамытудың жолын мынадай етіп ретке бөлді:
«Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында — анахронизмге айналуға тиіс.
Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.
Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн.
Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет».
Шынында да ана тіліміздің аясын кеңейтіп, ұрпақ санасына сіңіру мақсатында БАҚ құралдарының да маңызы зор. Келешекте осы мәселелер бір жүйеге түсіп, қазақ тілінің көсегесі көгеретініне сенеміз.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Шалқар аудандық ұйымы да рухани құндылықтарымызбен астасатын, ана тіліміздің айбынын асқақтататын түрлі шараларды өткізуді жоспарынан қалдырған емес. Елдегі қазіргі талаптарға орай тізгін тартып тұрғанымызбен осыған дейін де түрлі шараларды ұйымдастырып, көпшілікке ұсындық. Тіл жанашырларымен кездесулер жасалды, ел ақсақалдары арасында батагөйлер сайысы ұйымдастырылды, ардагерлер арасында шахматтан жарыстар өткізілді. Бұның барлығы бір мақсаттағы есеп-қисап үшін емес, астарында өскелең буынға қажет ұлағатты тәрбие тұр. Ұйым — төл тіліміздің абыройын асқақтата отырып, танымдық, тәрбиелік шаралар арқылы алда да жастарға өнегелі істер көрсете бермек.
Қарапайым тілмен еркін әңгімеге құрылған Президенттің осы сұхбатында көтерілген әрбір мәселе көңілге қонымды. Әлем халқы қазір алаңдаулы. Біз бұл ретте білімімізге сеніп, уақытша шектеулерге шетін қарамай, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына бәріміз ниеттес болуымыз қажет.
Роза ДӘУІТОВА,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
Шалқар аудандық ұйымының төрайымы