МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ АТАНДЫ

Жақында Ақтөбе қаласында өткен Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесінде Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйі жанындағы халық театрының режиссері Айгүл Муытова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл құрметті марапатты өнер иесіне облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет салтанатты түрде табыстады.
«Бұл — менің ұзақ жылғы мәдениет саласындағы еңбегімнің нәтижесіне берілген баға деп білемін», — дейді марапат иесі.
1977 жылы Шалқар ауданында дүниеге келген Айгүл Муытова — №2 қазақ орта мектебінің түлегі. 1998 жылы Ақтөбе гуманитарлық колледжін режиссура мамандығы бойынша тәмәмдап, осы жылы Шалқар аудандық Мәдениет үйіне халық театрының режиссері болып жұмысқа қабылданады.
2002 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Бейбітшілік және жақсылық театры» атты II облыстық театр фестиваліне қатысып, Н.Хугаевтың «Қайын ене» спектаклінде Фена рөлін сомдағаны үшін Айгүл Жарылқасынқызы «Сүйкімділігі үшін риза көрермендерден» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар «Тамаша» ойын-сауық отауын ұйымдастырып, жаңа концерттік бағдарламаларды сахнаға ұсынды. Сонымен қатар 2005 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін режиссура мамандығы бойынша тәмамдайды. 2002 жылы Ақтөбе қаласында 1 сәуір — Күлкі күніне арналған «Айтқыштар — Ақтөбеде» атты әзіл-сықақ байқауына қатысып, II орынды иеленді. Театр репертуарын белгілі драматургтердің шығармаларымен жаңартып отырады. Соның бірі — Бәкір Тәжібаевтың «Сал Сары мен Қыз Қосан» спектаклі. Осы қойылыммен 2003 жылы III облыстық театр фестиваліне қатысып, «Үздік халық театры» атанды.
Айгүлдің шығармашылық жолындағы еңбегі де ескерусіз қалмады. Аудан театры мен драма үйірмесінің жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және III облыстық театр фестивалінде «Ең үздік халық театры» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленгені үшін оған «Шалқар ауданының «Жыл адамы — 2003» атағы берілді. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 80 жылдығына орай өткен IV облыстық театр фестивалінде Дулат Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» спектаклін қойып, «Үздік халық театры», «Үздік режиссер жұмысы» жүлдесі мен лауреат атағын иеленді. 2007 жылы «Ел іші — өнер кеніші» атты V облыстық театр фестивалінде көрсеткен Ә.Файзуллаевтың «Түнгі көбелек» трагикомедиясы көрермен көңілінен шығып, «Үздік халық театры» (әуесқой) номинациясы бойынша I орынды иеленіп, лауреат атанды. 2008 жылы VI облыстық театр фестивалінде жазушы, драматург Тахауи Ахтановтың 85 жылдық мерейтойына арналған «Театр — өнердің ұлы көші» атты VI облыстық театр фестивалінде жазушының «Махаббат мұңы» спектаклін сахналап, II орынды иеленді.
Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай ұйымдастырылған VII облыстық театр фестивалінде Бексұлтан Жәкиевтің «Әке тағдыры» атты драмасын дайындап, төртінші рет «Үздік халықтық театры» номинациясы мен бас жүлдені иеленді. 2013 жылы Т.Ахтановтың 90 жылдығына арналған «Театр — өнердің ұлы көші» атты VIII халықтық театрлардың аймақтық фестиваліне қатысып, драматургтың «Күтпеген кездесу» спектаклін көрермен назарына ұсынды. Фестиваль қорытындысында «Үздік режиссер», «Үздік халық театры» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді. 2015 жылы өткен аймақтық ІХ халықтық театр фестивалінде Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» (аударған — белгілі театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығай) спектаклін сахналап, бас жүлдені иеленді.
Енді аудандық халық театрының тарихына ойыссақ, ол 1977 жылы драма үйірмесі негізінде құрылып, алғашында тарихи-патриоттық, трагедиялық интермедиялар мен бір актілі спектакілдерді көрермендерге көрсете бастайды. Аталған ұжым 1986 жылы сахнада Оразбек Бодықовтың «Қанжар мен домбыра» атты 3 актілі трагедиясын қойып, қорытындысында ҚазССР Мәдениет министрлігінің қаулысымен оған «Халық театры» атағы берілген. Алғашқы режиссері — Мұқанбет Еңсепов.
Театр ұжымы аймақтық фестивальдерде 6 мәрте бас жүлдені иеленсе, «Үздік режиссер жұмысы» номинациясы бойынша 2 рет, «Үздік суретші» номинациясы бойынша 1 рет жеңімпаз атанып, аудан мерейін үстем етті.
Бала кезінен режиссер болуды армандаған Айгүл Муытова таңдаған мамандығын мақтан тұтады. Жұбайы Асылхан Дәрібаев та мәдениет саласының қызметкері.
Өлкеміздің талантты қызына кезінде қазақтың белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай ақ батасын берген екен. «Батаменен ел көгерер…» дегендей, Айгүл Жарылқасынқызына өнер жолындағы еңбегіне шығармашылық табыстар тілейміз.

С. МҰХАМБЕТСАДЫҚҰЛЫ.