ҰСТАЗДАРЫМДЫ ҰМЫТҚАН ЕМЕСПІН…

Қарап отырсам, қолыма қалам алып, ақ қағазға шұқшиғалы бері қаншама жылдар өтті, сонда менің қалам, қағазыма қаймана қазақ орыс, молдаван, татар, сыған іліккен екен.
Япыр-ай мені баурыған ұстазым неге елеусіз, ескерусіз қалуға тиіс?
Жоқ олай болуға тиіс емес. Сәнне ағамызға бір мақала жазуым керек. Бірақ қалай? Ағамызды көп жылдардан бері жақсы білемін. Ұзақ жылдар бойы жұмыстас қана емес, ол менің ұстазым болған. Солай бола тұра қолымда оның жалғыз фотосуретінен басқа тілге тиек етерліктей ештеңе жоқ. Ойға алған екенмін, орындауым керек. Әркімнен сұрастырамын ештеңе өндіре алмадым. Содан қой болмас деп нар тәуекелге бел буып, қалам қағаз қолға алдым.
Сәнне Төлемісов ағамыз 1925 жылы 3 қаңтарда өмірге келген. Бұл еліміз үшін тұрмыстың ауырлау кезі болатын. Әйтсе де әкесі Матжан молда атанған, баталы ақсақалдың отбасында тәлім-тәрбие алған ағамыздың жылдап емес, айлап өсіп-жетілуіне, ертерек ес жиып, есеюіне уақыттың өзі мәжбүр етті. Сұңғақ бойлы, істеген ісі, айтқан сөзі, бойына ойы жарасқан бозбала шымыр болып ер жетті. Сірә «Қыста туған сәби шымыр болады»,— деген ұғым дәл болса керек. Өсіп, ер жетті. Сөйтіп не керек, ең алғаш парауыз депосына тырнағы іліккен қазақтың бірі осы Сәнне ағамыз болатын. Сол заманда бұл кез келгеннің қолына түсе бермейтін еді. Өзінің еті тірлігінің нәтижесінде тез бейімделіп, тепловоз машинистеріне нұсқаушы болғанға дейінгі барлық баспалдақтардан еш сүрінбей өтті. Парауыз жөндеу, качегар, машинист жәрдемшісі, парауыз машинисі, тепловоз машинисі, нұсқаушы машинисі осының бәрін түбіне жете меңгеруінің нәтижесінде үлкен абырой беделге ие болды. Ол кісінің біздерге техникалық сабақ жүргізуінің өзі ерекше көрінеді. Техкабинеттегі көптеген тепловоз бөлшектері агрегаттары, макет, плакат, электр схемалары, т.б. шебер пайдалана отырып, бүге шегесіне дейін мұқият көрсетіп түсіндіреді. Және де қайталап соларын көрсетуді, айтып беруді сол бойда талап етеді. Енді бұдан былай естерінде орнығып қалсын дегені ғой. Ал тұрмыста өте қарапайым еді. Мінезі ашық-жарқын, әңгімешіл. Үнемі қайда көрсеңізде темір жол формалы киімін үстінен ешуақытта тастамай басында фурашкісі. Осы қалпы оны ерекшелеп тұратын. Нұсқаушының міндеттері көптен де көп. Пойызды тепловозда бақылауға сапарға шығады мезгілге қарамастан. Локомотив бригадаларының сапар алдында демалысы, үйдегі тұрмыс жағдайы, отбасы қарым-қатынасы тәртіп мәселесі, білім жетілдіруі ешнәрсе назардан тыс қалмайды. Сәнне ағамыз еңбек ұжымында қандай да мәдени шаралар, мерекелік салтанатты шерулер, жаңа жылдық көгілдір алауы, Наурыз, Теміржолшылар мерекесі, сенбіліктер түрліше жиындар бәріне белсенді атсалыса жүретін-ді. Сосын ылғида айтып жүретін: «машинис көзі қырағы, қолы темірдей қатты, әрі тапқыр болуы керек», — деген бір жалынды сөзі бар. Осы ретте мынадай бір эпизодты айтпай кетуге болмас еді. Менің әлі де ысыла қоймаған жастау кезім, қақаған қыс. Бірде Шалқар — Қотыртас учаскесіндегі №62 разъезде жүк пойызы қарлы боран басып тоқтап қалған. Көп тұрып қалған пойызды бір шалағайлау машинис орнынан қозғай алмай бүкіл доңғалақ атаулы асты қар мен мұзға толып мұрша бермеген екен. Қалайда соны алып келу керек, жалғыз жолды байламай босату, өзге пойыздарға жол ашу қажет деген жауапты тапсырмамен мені жіберді, әрине, жәрдемші де бар. Разъезге барған бойда станцияға соғып, екі күрек алдық. Ең алдымен дайындық жасау керектігін ескерттім. Сөйтіп біріншіден тепловоздың 12 доңғалағы қысып тастаған қарды аршыдық. Одан соң бастапқы 2, 3 вагон астын күреген болдық. Қайран жастық шақ… Десемде одан артық қар күреу мүмкін емес, қатты қар. Екеуміз де борша терге малындық. Содан біраздан соң рация арқылы кезекшімен байланысып, бізге диспечермен келісіп, бағдаршамды «көк жасыл» аш дедім. Пойызды ілгері-кейін 15-20 метрге ырғап көреміз. Содан соң тәуекел деп алып кетуге әрекет етеміз дедім. Жарайды деді ол ықыластана. Енді доңғалақ астына, рельс үстіне топырақ септік, оны жел ұшырып кетіп жатыр. Бір кезде жасыл жанды. Біраз ілгері-кейін қозғап көрдік те, шамасын байқап алдық. Алып кетуге болатын сияқты. Кеттік пе, кеттік. Нар тәуекел!
Содан сәл кібіртіктеп, ілгері жүріп кеттік. Жолда пойыз жоқ бізден басқа Шалқарға келіп бір-ақ тоқтадық. Ертеңіне техникалық сабақ- та бізді мақтап жатыр. Басшыдан алғыс алдым қысқасы, содан былай мақтаулылар қатарында мені де айта жүретін болды. Осының бәрі Сәнне ағамыздың бізге үйреткен ақыл-кеңесінің арқасы.
Осы мақаланы дайындар сәтте №5 мектеп-лицейінің директоры Әлия Әбдіғапарова қарындасымызға жолықтым. Әңгімемнен алдағы өзімнің жоспарымның тірелген тұйығын лезде түсіне қойған ол «Мен сізге сол ағайдың Ақтөбедегі келін баласының телефон нөмірін берейін», — дегенде көктен іздегенім жерден табылғандай сезіндім. Қысқасы, мына жаңа ғана дайындап отырған мақалама айтарлықтай себепші болған Әлияға деген ризашылығымның шегі жоқ.
Сол-ақ екен ертеңіне телефон шыр етті. Тыңдасам жаңағы Сәнне ағамыздың келіні, есімі Орынгүл екен. Әңгіме төркінін күн ілгері біліп отырған сыңайлы. Өзі де бұл тақырыпқа ниеті түзу көрінеді.
Орынгүлдің естелігінен…
«Атамыз тек өз балалары ғана емес тіпті өзге жұртқа да қайырым-қамқоршыл, адал және ақынжанды адам болатын. Ауыл-аймағы, ағайын-тума, көрші-көлеммен де жақсы қарым-қатынаста болды. Әлі күнге дейін біздерге олар бәрі ыстық. Атамыз, енеміз Жаңалай екеуі көп балалы, ардақты ата-ана. Балаларын жұптарымен қоса айта кетейін: үлкен қызы Мағиша-Серік, ұлдары Мұхиядин -Сәуле, Нұрадин, Ақмадин-Ағнап, қыздары Периза, Кабира, ұлдары Асылбек-Орынгүл, Асқар-Рита, Мирамбек-Ақтөре. Атамыз өмірінше теміржолда абыройлы еңбек етіп, ұрпақ, із қалдырып 1998 жылы 1 сәуірде өмірден өтті. Атамыздың жүрегін жарып шыққан біздерге, ұрпақтарына деген, әрбір нәзік сөзі, әрбір өлеңі әрдайым рухымызға дем беріп тұрғандай сезінеміз. Ал, енеміз ылғи да бала тәрбиесімен үй шаруасын тындырумен (1927-1986 ж.ж.) өмірден өтті. «Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» демекші, бұрынғы ауылы аралас, қойы қоралас, көз көргендер, жұмыстас болғандар бәрі біздерге ыстық. Ал, біздер, бала-шағалар, әр салада еңбек етіп, өсіп-өркендеп жатқан жайымыз бар».
Орынгүлдің әңгімесінен елді, атасын, даланы, жусан иісін сағынған самал лебі еседі десем артық сөз бола қоймас. Атасы өмірден өткелі де жиырма жылдан асып барады екен. Ал, ондай адамгершілігі мол, тәжірибелі адамның өзі баулыған шәкірттері де көп болатыны белгілі. Осы орайда солардың бір тобын атап өтер болсам, арғылары, яғни бізден бұрынғылары өз алдына…
Енді бергілері Бекбай Жұмағалиев, Кеңес Ақбергенов, Жаулыбай Қаласов, марқұм, ағайынды Жұмасейіт, Әлсейіт Төремұратовтар, Сұлтан, Құсан Ізімбетовтер, Ж.Исаков, т.б. Айта кеткеніміз жөн, ол кезде көптеген өзге ұлт өкілдері, орыс, украйн, татар, т.с.с. қоян-қолтық араласып жұмыстас болды. Олай болса олардың арасында Сәкеңнің шәкірттері болуы әбден мүмкін. Кезінде Сәнне ағамыздың беделіне орай оны сағалаған, ағалаған жақын-жуықтары болса және өз балаларын қосыңыз. Сонда шәкірттерінің ұзыннан ұзақ тізімі шығары сөзсіз. Әрине, уақыт өткен сайын ұмытыла бастайды. Ендеше, «Сол тізімде біздер де бар едік», — дейтін ескерімді жандар үн қосып жатса қанекей?!
Осылай жоғарыда айтылған ағамыздың ерен еңбегінің бір саласы әлгідей маман кадр, шәкірт даярлау деген әлі күнге дейін аса өткір мәселе болып тұр емес пе? Сондай үлкен үміт артқан шәкірттерінің бірі ретінде ағамызды үнемі мақтан ете жүремін. Менің шәкірттерім де жетерлік, бірақ олар жайлы бөлек әңгіме… бөлек тақырып…
Жалпы Сәнне ағамыз турасында менің түсінігімше, біздер біле қоймағам оның жастық жігіттік шағы көңілділеу… Қолына қара домбыра алып, өзі шығарған өлең, әндерді-шырқай жөнелуге қабілеті бар, рухани жағынан бай адам болған. Осы пікіріме дәлел ретінде мына бір қағазға емескілеу түскен өлең шумақтарының көшірмесін қоса ұсынуды жөн көрдім. Ұзақ жыл жұмыстас, ұстазым, Сәнне ағамыз әр сапарында тиісінше ақыл-кеңесін, ескертпесін жазған қолтаңбасы бар формулярымды әлі күнге дейін ескерткіш ретінде сақтап келемін. Ол адал еңбегімен көптеген мақтау, марапатқа ие болған, іскер маман. Осындай аға-апаларымыздың әруағы біздерді де әрдайым қолдап, желеп-жебеп жүргей! Ұстазым о бастан күткен үмітін ақтауды мақсат етіп, үнемі ілгері ұмтылумен келемін. Мені он ойланып, мың толғантқан ұстазым жайындағы бір үзік сырым осы еді.

Сембай Карин,
ардагер-журналист.