ҰСТАЗ ЕҢБЕГІНЕ БЕРІЛГЕН БАҒА

Білім саласының дамуы бүгінде өркениеттің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші десек, қазіргі күні заманауи білім берудің талап үдесінен шығып жүрген ұстаздар қауымының еңбегі орасан зор.
Жеке тұлғаны жарқын болашақ пен шығармашылық ізденіске, бастамаға үндейтін жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген тәжірибелі ұстаз Карима Жүсіпова Тәуелсіздік мереке-сінде «Ерен еңбегі үшін»медалімен марапатталды.
№2 мектеп-гимназиясында орыс тілі мен әдебиеті пәнінен 35 жыл талмай дәріс беріп қана қоймай, ұжымда қай істің де ұйтқысы болып, білім мен тәрбие беруде өзіне және оқушыларға талап қоюмен қатар, олардың әрбір жетістігін қалт жібермейтін, білім теңізінен нәр алуға деген ынтасын арттыратын сезімталдық қасиеті ұстаз бойынан айқын сезіліп тұрады.
Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі марапаттарға ие. Өскелең ұрпақтың өнегелі өмірі үшін жарқын болашағы үшін жанын аямайтын, бойында бар білім мен білігін сарп етіп, білгенін үйретуден жалықпайтын Карима Абдрахманқызы ұстаздар отбасында дүниеге келген. Жұбайы Абай екеуі екі бала тәрбиелеп, оларға өнегелі ата-ана бола білді. «Ұлағаты үлкеннің ұрпағы үлгілі», дегендей Алмагүлі де анасының тәлімді жолының ізімен бүгінгі күндері ортамызда ағылшын тілінің мұғалімі болса, Әділбегі өзі қалаған мамандықтың шебері атанып жүр.
Еңбегінің жемісін көріп отырған әріптесіміз Кариманы шын жүректен құттықтаймыз. «Жақсы ұстаз — шамшырақ» дегендей ортамызда жарқырап, үлгілі ісімен оза шауып жүре берсін демекпіз.

Гүлнәр Аманжолова,
№2 мектеп-гимназиясының
кітапхана меңгерушісі.