ТЕМІРЖОЛШЫЛАР АЛҒАШҚЫ ПАРАВОЗ МАШИНИСІН ДӘРІПТЕДІ

Шалқар темір жол торабының жұмысшы-қызметкерлері ерен еңбек атқара отырып, қаламыздың көркейіп дамуына да өз үлестерін қосып келеді. Атап айтсақ, қаламыздың орталығында орналасқан теміржолшылар саябағын көгалдандыру мақсатында 300 түптен астам шырша, қарағай ағаштары отырғызылып, қыркүйек, қазан айларында жастарды жұмылдырып, тағы бір жақсы істің ұйтқысы бола білгені мақтануға тұрарлық. Қай істе де темірдей тәртіп пен ұйымшылдықты қатар алып жүретін теміржолшылар өткенін ұмытпай, жастарға үлгі болып, өздерінің еңбек ардагерлерін жаңашылдықпен еске алады.
Сондай шараның бірі қазан айында қаламыздағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Ақтөбе, Шалқар локомотив жөндеу деполарының басшылығымен және Шалқар темір жол торабы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Шалқар жастары арасынан шыққан алғаш паравоз, тепловоз машинисі Хамит Есбосыновты еске алуға арналған темір жол мекемелерінің жұмысшы-қызметкерлері арасында шағын футболдан ашық турнир болып өтті.
Аталмыш жарысқа вагон жөндеу депосы, электрмен жабдықтау дистанциясы, Шалқар жол дистанциясы, Шалқар белгі беру дистанциясы, станция, әскерилендірілген теміржол күзет бөлімі, Ақтөбе локомотив жөндеу депосы, Шалқар локомотив жөндеу депосы командалары, барлығы 120 спортшы қатысты. Екі топқа бөлінген командалардан төрт команда ақтық сынға шықса, соңында Шалқар және Ақтөбе локомотив жөндеу деполарының командалары І орынға таласып, ойынның негізгі уақытында командалар 3:3 ұпаймен тең түсіп, нәтижесінде пенальти тебісу әдісімен Шалқар локомотив жөндеу депосы жеңіске жетті.
Жарыстың жоғарғы деңгейде өтуіне атсалысып, қолдау көрсеткен әскерилендірілген темір жол күзеті бөлімінің бастығы Жәнібек Жандос, №2 спорт мектебінің директоры Мұхтар Құлтасбай, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сұлтан Жұманов және көп жылдар теміржол саласында қызмет жасап келе жатқан Құрметті теміржолшы Әбужан Есбосынов бастаған Хамит атамыздың балалары демеушілік жасай отырып, локомотив жөндеу депосының ауласына ағаш үй тігіліп, ас берілді.
«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» дегендей әлі күнге дейін қандай жетістікке жетсе де, сол әкесінің арқасы екенін сезіне біліп, жақсы істерімен бауырларының ұйытқысы болып жүрген Әбужан Хамитұлының өткізген іс-шарасы көпшілікке ой салып, ризашылық сезімдерін оятты.

Темірхан Қадыров, Құрметті теміржолшы.