Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ақтауда әуе апатыкезінде көмек қолын созған азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды.
Президент «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде зардап шеккен азаматтарды құтқарып, көмек көрсеткен азаматтардың жанқиярлық әрекеттерін айырықша атап өтті.
«Құтқарушылар, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті, кәсіби деңгейі мен азаматтық жауапкершілігі жоғары екенін көрсетті. Жақын жердегі Маңғыстау өңірлік электр торабы компаниясының жұмысшылары бірден көмекке келді. Төңіректегі тұрғындар да зардап шеккендерді құтқаруға атсалысты. Азаматтарымыздың жанқиярлығы арқасында барынша көбірек адамның өмірін сақтап қалдық»,- деді Мемлекет басшысы.
5 қаңтар күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Президент тапсырмасына сәйкес, Ақтауда Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшыраған кезде батылдық, кәсібилік пен жауапкершілік танытқан бір топ азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттап, Президенттің Алғыс хатын табыстады.
Апат орнына алғашқы болып келген «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» АҚ қызметкері Нұралы Шопанов біздің орнымызда кез-келген адам болса дәлосындай қадамға барар еді дейді.
«Біз жұмыс орнымызда болатынбыз. Ұшақтың құлағанын көріп, ойланбастан жүгірдік. Тіпті ұшақтың жарылып кетуі мүмкін дегенді ойламағанда екенбіз. Ішінде адамдар болса тезірек шығарып алып, көмек көрсетсек деген ой ғана болды», – дейді ол.
Фельдшер Тимур Қисаев ауруханаға дейінгі кезеңде шұғыл медициналық көмек көрсетті.
«11 сағат 00 минут шамасында аға-дистпетчерден шақырту түсті. Әуе ұшағы апаттық жағдайда қонайын деп жатқандығы туралы айтылды. Дереу сол маңға қарай бағыт алдық. Науқастарды көріп, қарап алғашқы көмек көрсеттік. Қалған бригадаларға және аға диспетчерге хабарлап, қанша науқас бар екенін, нешеуі ауруханаға тасымалданғаны бойынша хабар жеткіздім»,- дейді Тимур Қисаев.
Түпқараған аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Ақманов Сәкен сол сәттегі әсерімен бөлісті.
«Аспанда қисая ұшқан ұшақ санаулы уақытта жерге құлағанын көрген бойда оқиға орнына бет алдық. Ұшақтың ішіндегі адамдардың жан айқайын естіген бойы сол маңда қызметте жүрген «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» мамандарымен бірлесе әуе бортындағы жолаушыларды сыртқа шығарып, жедел жәрдем қызметіне тапсырдық. Әдетте мұндай көріністі тек кинолардан көріп жүрген біз алғашқы сәтте есеңгіреп те қалдық. Ендігі мұндай апаттың болмауын тілейміз», -деді учаскелік полиция инспекторы.