Бұл пікірдің негізінде жастарды қоғамның қозғаушы күші ретінде көру, олардың әлеуетін дұрыс бағытта дамыту мәселесі жатыр. Президенттің “жастарға сенемін” деген сөзі – болашаққа деген зор үміттің, сенімнің көрінісі. Бұл сенім – жастардың білім мен мәдениетке, адал еңбекке ұмтылуына негіз болуы тиіс.
Сонымен бірге, Президент жастарға айрықша кеңес береді: дүниетанымы кең, сындарлы ойлай алатын, жақсы мен жаманның аражігін ажырата білетін ұрпақ тәрбиелеу қажеттігін айтады. Бұл кеңес жастарды тек кәсіби маман ретінде ғана емес, рухани жағынан да жетілген тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекет басшысының еңбек адамының мәртебесін көтеру және “Жұмысшы мамандықтар жылын” жариялауы да жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған нақты қадам. Бұл бастаманың басты мақсаты – еңбекке деген құрметті арттыру, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын көрсету. Қазіргі кезде экономиканың түрлі салаларында маман тапшылығы сезіліп жатқаны белгілі. Осы ретте, жастарды осы бағытта ынталандыру – аса маңызды міндет.
Президенттің сөздерінен жастарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны байқалады. Ең бастысы, жастар осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз қабілеттерін дамытса, қоғам да, ел де алға жылжиды. Жастардың бойында отансүйгіштік, тәртіп, еңбекқорлық және білімге құштарлық қасиеттерін қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Аружан ЖЕНЕЕВА, белсенді жас.