«Таза Қазақстан» – бұл тек экология туралы ғана емес, қоғамның әр саласына әсер ететін, ұлттық идеологияның іргелі бөлігіне айналатын бастама.

Бүгін 3 қаңтар күні Мемлекет басшысының “Ana tili” газетіне берген сұхбаты шыққан болатын. Президент “Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту” атты көлемді сұхбатында өткен 2024 жылға шолу жасап, алдағы уақытқа жасалатын жұмыстардың бағыт-бағдарын көрсеткен.
Соның ішінде “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы туралы да сөз қозғады.
“Таза Қазақстан” акциясы – елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында қолға алынған маңызды бастама. Бұл тек қана қоқыс жинау емес, ұлттық сана мен тұрмыстың жаңа деңгейіне көтерілуге арналған үлкен идеологиялық платформа.

Акция барысында жиналған деректер – халықтың осы идеяға қолдау көрсетіп, өз үлестерін қосуға дайын екенін көрсетеді. 3,8 миллион адамның қатысуы мен 1,5 миллион тонна қоқыстың жиналып, 3,2 миллион көшеттің егілуі бұл бастаманың нәтижелі екенін дәлелдейді. Бұл көрсеткіштер әрбір азаматтың экологиялық мәселеге бей-жай қарамайтынын және өз болашағын табиғатпен үйлесімді байланыстыруға дайын екенін байқатады.

Әсіресе жастардың белсенді қатысуы қуантады. Олар тазалық пен табиғатты аялау ұлттық құндылықтарымыздың ажырамас бөлігі екенін түсініп, өркениетті қоғам құру жолында бастамашы болуда. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру үшін өңірлердің әкімдері мен қоғам белсенділерінің үйлесімді жұмысы маңызды.

«Таза Қазақстан» – бұл тек экология туралы ғана емес, қоғамның әр саласына әсер ететін, ұлттық идеологияның іргелі бөлігіне айналатын бастама. Ұйымдастыру мен халықты жұмылдыру жүйелі түрде жүргізілсе, акцияның маңызы артып, еліміздің экологиялық мәдениеті жаңа деңгейге көтеріледі.

Қуанышбай КНЯЗБАЕВ, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы.