Ақтөбеде алаяқтық оқиғасы тіркелді. Белгісіз адам жәбірленушіге WhatsApp арқылы қоңырау шалып, өзін «Энергожүйе» компаниясының қызметкері ретінде таныстырған және есептегішті ауыстыру үшін «1414» нөмірінен келген кодты айтуды сұраған.
Кейінірек өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырған басқа адам қоңырау шалып, жәбірленушінің атына жазылған код арқылы оған несие рәсімделгенін мәлімдеген. Алаяқтар қаражатты ұрлаудың алдын алу үшін жәбірленушіге өз атына несие рәсімдеуді және ақшаны «қауіпсіз» шотқа аударуды ұсынған.
Жәбірленуші алаяқтардың барлық талаптарын орындап, үш банктен кредиттер ресімдеген және көрсетілген шотқа 7 миллион теңгеден астам ақша аударған.
Полиция департаменті еске салады: күдікті қоңыраулар мен хабарламалар түскен кезде әңгімені дереу тоқтатып, алаяқтардың талаптарын орындамау керек. Көмек алу және ақпаратты тексеру үшін дереу полицияның 102 нөміріне хабарласу маңызды.
Бейтаныс адамдарға сенбеңіз және әрқашан ақпаратты тексеріңіз!