Ақтөбе облысында ауылдық мектептерді дамыту жұмыстары жүргізілуде

Жолдау-2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында мектептерді жаңарту және цифрлық технологиялардың қолданылуын әрі қарай дамыту туралы айтылды.

Осы тапсырмалар аясында Ақтөбе облысында цифрлық технологияларды пайдалана отырып, шағын жинақты мектептерді дамыту жобасы сынақтан өтті. Жобаны іске асыру барысында ауылдық жерлерде білім беру сапасы мен оқытудың тиімділігі айтарлықтай артқаны анықталды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Ақтөбе облысының барлығы 10,5 мың оқушы контингенті бар 134 шағын жинақты мектебі пилоттық жобамен қамтылды. Жоба қорытындысы бойынша мектептердің 77,4%-да жоғары сапалы интернетке қол жеткізу мәселесі шешімін тапты. 

«Оқу процесінде цифрлық шешімдер, соның ішінде тірек мектептер оқытушылары озық технологияларды тиімді пайдалануды, оқушыға оңай жеткізуді жүзеге асырды. Жобаны іске асыру нәтижесінде мектептер онлайн-оқытуға арналған 155 жаңартылған цифрлық кабинеттер мен зертханалық жұмыстарды жүргізуге арналған ғылым кабинеттерін алды. Сондай-ақ, 1000-нан астам педагог білім беру бағдарламалары бойынша оқудан өтті. Оқу жетістіктері мониторингінің нәтижелері оқушылардың барлық пәндер бойынша үлгерімінде оң динамиканы көрсетті», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Әлия Чокушева.

Бүгінде Қазақстанда 8 мың мектеп бар, оның 67,4%-ы ауылдық жерлерде орналасқан, ал 51,2%-ы шағын жинақты мектептер болып табылады. Шағын жинақты мектептердің ең көбі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында орналасқан. Алынған нәтижелерге сүйене отырып, аталған жобаны келесі жылдан бастап жоғарыда аталған өңірлерде масштабтау жоспарлануда.

Жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесіп, «Қазақстан халқына» қорының, Білім беруді тұрақты дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылуда.