Таза Қазақстан: Ақтөбе жастары жалпыұлттық акцияға белсене қатысуда

Ақтөбеде колледж студенттері Семей ядролық сынақ полигоны құрбандарына арналған ескерткіш маңын қоқыстан тазартты. Сенбілікті қалалық жастар ресурстық орталығы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырды. Бұл жолы ALT гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері жиналды.

«Осылайша біз табиғатты аялау, құрметтеу идеяларын насихаттап қана қоймай, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосамыз. Күннің суытқанына қарамастан, ескерткіштердің айналасын тазалап, тазартып, қоқыстарды шығарып жатырмыз», – дейді Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Азамат Әбуов.

Колледж студенттерінің арасында басқа өңірлерден келгендер де болды.

«Қаланы таза ұстауға бағытталған акциялар туралы бұрын-соңды естігенмін, бірақ бірінші рет қатысып отырмын. Мен Қызылордаданмын, Ақтөбемен енді танысып жатырмын. Бұл жақ маған өте ұнайды, қоқыс жиналып тұрған жерді көрмедім және қала тұрғындары тарапынан жасалған вандализмнің куәсі болған жоқпын. Бұл жергілікті тұрғындардың, оның ішінде менің қатарластарымның да туған жерін жақсы көретінін, оған қамқорлық жасайтынын аңғартады», – дейді 1-курс студенті Тәжібек Байдос.