Еңбегімен елеулі болған
ҰСТАЗ ТУРАЛЫ СӨЗ ҚОЗҒАЙ ҚАЛСАМ, ЖЫР АЛЫБЫ — ЖАМБЫЛ АТАМЫЗДЫҢ: «МЕНІҢ ПІРІМ — СҮЙІНБАЙ, СӨЗ СӨЙЛЕМЕН СЫЙЫНБАЙ» ДЕП КЕЛЕТІН ЖЫР ЖОЛДАРЫ ОЙЫМА ОРАЛА КЕТЕДІ. БІР ҒАСЫР ӨМІР СҮРГЕН ЖАМБЫЛ ӨЗІ БАТАСЫН АЛҒАН СҮЙІНБАЙДЫ ӨМІРІНІҢ СОҢЫНА ДЕЙІН ҰСТАЗ, ПІР ТҰТЫП, ҰДАЙЫ АЛДЫНА САЛЫП ОТЫРҒАН. ЕНДЕШЕ ҚАЙ-ҚАЙСЫМЫЗ ДА, КІМ БОЛСАҚ ТА, ҰСТАЗДЫҢ АЛДЫНДА ӨМІР БОЙЫ ШӘКІРТ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДІ ЕКЕНБІЗ.
Мәселен, менің алғаш мектеп табалдырығын аттағандағы ұстазым — Тауманұлы Бисенбі, университеттегі ұстазым — Тауман Амандосов, ал еңбектегі ұстазым — Тауман Төреханов. Бір қызығы, ұстаздарым «Тауман» есіміне байланысты болып келеді.
Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған тұлға — әрі ұстаз, әрі тәрбиеші Аманғали Ешниязов ағайымыз. Менің санамда «интернат — Ешниязов», «Ешниязов — интернат» деген ұғым қалыптасқан…
Сол Аманғали Болатбайұлы Ешниязов кім еді?! Аманғали Болатбайұлы 1940 жылы 3 ақпанда дүниеге келген. Ақтөбедегі педагогика техникумының бастауыш сыныптар бөлімін (қазіргі гуманитарлық колледж), одан соң Оралдың педагогика институтының филология факультетін бітіргеннен кейін 1961 жылы (мен дүниеге келген жылы) Шалқардағы мектеп-интернатта еңбек жолын бастаған. Әлбетте, өзінің жоғары білімді мамандығы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Шалқар қаласында бес мектеп болды. Соның бірі — сегіз жылдық мектеп-интернат. Бұл мектеп басқаларға қарағанда едәуір өзгешелеу. Өйткені, мұндағы оқушылар контингенті ерекше! Мектеп-интернатта Шалқар ауданындағы ауыл еңбеккерлері мен сол аумақтағы теміржолшылардың және қазіргі тілмен айтқанда, аз қамтылған немесе толық емес отбасыларының балалары оқиды. Арасында бірен-саран осы мектеп-интернаттың маңында тұратын үйлердің балалары да болды.
Мектеп-интернаттың күнделікті тұрмыс-тіршілігінің өзіндік тәртібі бар. Таңертеңнен кешкі ұйқыға дейінгі мерзім белгілі режимге бөлініп қойылған. Ертеңгісін ұйқыдан тұрғаннан кейін таңғы жаттығу, төсек жинау, жуыну, сосын сап түзеп, ертеңгілік асқа бару. Түске дейінгі сабақтан соң түскі ас, содан 15.00-ге дейінгі бос уақыттан кейін келесі күннің сабағына дайындық. Кешкі астан соң ойын, өз-өзіңе күтім, сосын ұйқы. Балалардың бәрі жасына, сыныбына қарай біркелкі киім киеді.
Мектеп оқушыларының құрамы — 1-8 сынып аралығындағы 7-15 жасар ұлдар мен қыздар. 7-8 сынып оқушылары ересектер болып саналады. Соңғы сыныптағылар өздерін кәдімгідей есейген бозбала мен бойжеткендей ұстайды. Ал бастауыштағыларға, әсіресе, бірінші сыныпқа келгендерге ауыр. Ауылдың балалары қайбір ясли немесе балабақша көрген дейсің. Анасының етегіне жабысып жүрген бүлдіршінді ата-анасынан бөліп, бұрын-соңды көрмеген жат жерге әкеліп тастағанда олар қаншама психологиялық соққыға душар болатынын ешкім ойлап жатпаған сияқты. Бірақ, олардың жоғарғы сыныптарда не ағасы, не әпкесі болады. Олай болмаса, онсыз да ауылдағы бауырларын сағынып жүрген жоғарғы сыныптағылар бүлдіршіндерге қамқор болып жатады.
Мені бұл мектеп-интернатқа бесінші сыныпта анам әкеліп тапсырды. Мұның алдындағы сыныпта кеңшардың мектеп-интернатында бір жыл оқығаным бар, аса қиналмадым. Ал жаңадан келгендер ата-анасынан айырылмай, ию-қию болып жатады. Бірінші сыныпқа келген бүлдіршіндер үшін тіпті ауыр. Кейбіреуі жата қалып, жер тепкілесе, енді біреулері еңіреп жылап, мектеп ауласынан қашып бара жатады. Оларға ересектер «жаңадан келген жабайылар» деп күледі. Өздері де кезінде дәл сондай «жабайы» болған.
Міне, Аманғали ағайымыз осыларға тәрбиеші болды. Тіпті біздің сынып жетекшіміз де, тәрбиешіміз де осы ағай екен. Сонымен бірге интернаттағы барлық тәрбиешілердің үстінен қарайтын аға тәрбиеші болып шықты. Менің бірден байқағаным, Аманғали ағай қатаң көрінді. Қатаң көрінбегенде қайтеді, ойдан-қырдан жиналған балалардың басынан сипай берсе, қайсысына ие бола алады. Жамырап кетеміз ғой. Оғаш қылығыңды байқап қалып, ағайдың жалт қарайтын бейнесі әлі күнге көз алдымда тұр. Жасыратын несі бар, шалдуар, тентек болсаң, жазасыз қалдырмайды. Өйткені, ол заманның ата-аналары баласын мектепке әкелгенде мұғалімге: «мына баланың еті — сенікі, сүйегі — менікі» деп тапсырып кетеді. Бала мұғалімнің, тәрбиешінің қатаң бақылауында болса, ата-ана да — алаңсыз!
Сонымен, интернат тәртібіне көндік. Тамағына үйрендік. Біздің интернаттың жанындағы екі қабатты үйлерде шылғи орыстар тұрады. Үйінің алдында шағын, үш аяқты мотоцикл сиятын гараждары бар, сол жерден қыркүйекте бау-бақша өнімдерін сатады. Үзілісте барып үлгереміз. Ауылда көкөніс көрмеген біздер қызанақ, қияр, қауын, қарбыз сатып алып жеп, жырғап қаламыз. Көктемде көк жеп, іші кететін қозы-лақ сияқтымыз. Мұғалімдеріміз, тіпті Аманғали ағайдың өзі де тыйым сала қоймайды.
Сөйтсек, ол кісінің өзі бау-бақшаның бағбаны екен. Ағай бізді сыныбымызбен «Газиктің» қорабына тиеп алып, интернаттың бақшасына апаратын. Барғанша әндетіп барамыз. Ауылдың балалары мал қарап, еңбекке үйреніп қалғандар ғой. Ал бақшаның жұмысы таңсық, өзгеше, жан аямай кірісіп кетеміз. Ағайдың көзі тая бергенде, қызанақ жинап жүріп, тойынған соң бір-бірімізді атқылап ойнаймыз. Интернат бақшасында қызанақ, қияр, картоп, жүгері, қырыққабат, қауын, қарбыз өседі. Каникул кезінде әр сынып оқушылары кезекпен келіп, күтім жасап, күзде жинап алып, асхана іргесіндегі қоймада сақтайды. Сосын оқу жылы бойына тұздалған көкөніс жеп шығамыз.
Аманғали ағай бізге осылай бақша дақылдарын өсіруді, оған күтім жасауды, жинауды үйретті. Ағайымыз ылғи да мұнтаздай болып киініп жүретін, тіпті бақшаға барғанда тағатын галстугы да болды.
Ағайдың бізге үйреткені көп. Жағамыздың астында үнемі бір жағында ақ жіппен, екінші жағында қара жіппен сабақталған ине-жібіміз болады. Ағайдың өзінде де солай. Мектепте не жатақханада түймесі үзілген, киімінің бір жері сөгілген не жыртылған баланы көріп қалса, өзінде жүрген ине-жіппен ретке келтіре қояды. Кейде ұлдар бір-бірімізбен ұстасып не тіресіп қалсақ жағадан алмайтынбыз, өйткені, қолыңа ине кіреді. Талай рет ұстап алып, әкіреңдеген көшенің бұзықтары саусақтарына ине кіріп, қақсап қалатын.
Бізде үтік бола қоймады-ау деймін. Өйткені, шалбарымызды түнде ұйқыға жатарда қырын сындырып, дымқылдап, төсегіміздің астына салып жатамыз. Бірақ дөңбекшімей жатуың керек, әйтпесе қыртыстанып қалады. Ал галстугімізді дымқылдап, керуеттің басына орап қоямыз. Сонда ертеңгісін шалбарыңның қыры пышақтай, галстугің крахмалдап тастағандай теп-тегіс болып тұрады. Осының бәрін үйреткен Аманғали ағайымыз. Интернаттың балаларының бәрі де осылай жасайды.
Жоғарыда, сағат 15.00-де келесі күннің сабағына отырамыз деп едім ғой, бұл ешқашан бұзылып көрген емес. Дайындық та күнделікті сабақ сияқты, тек еркін киім үлгісімен келіп, келесі күннің барлық сабақтарын пысықтаймыз. Нәтижесінде «дымбілместердің» есінде де бірдеме қалады. Осы дайындықты көбіне Аманғали ағайдың өзі университеттегі семинар сияқты жүргізеді. Жұмабек, Тәрбия, Дариға сияқты үздік сыныптастарымыз тақтаға шығады да берілген тапсырма бойынша кеңірек баяндайды. Мұндай тәсіл интернаттың оқу-тәрбие бағдарламасында бар ма, жоқ па білмеймін, бірақ өте пайдалы методика! Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәніне келгенде тапсырма тақырыбын талдап кететінбіз.
Бірде, қай сыныпта екені есімде жоқ, не бесінші, не алтыншы болу керек, Ыбырай Алтынсаринның «Өзен» деген өлеңін талдадық. Тақтаға мені шығарды. Жаттап алған өлең мәтінін мәнерлеп (!) оқи бастадым.
Таулардан өзен ағар сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта,
Аралап тау мен тасты арқыраған.
Көңілің суын ішсең ашылады,
Денеңде бар дертіңді қашырады.
Өксіген оттай жанып жануарлар,
Өзеннен рақат тауып басылады…
Осы жерге келгенде ағай мені тоқтатты. Жатқа оқығаныма риза.
— Төреханов, айта қойшы, жануарлар неге өзен суына асығып келе жатыр, неге рақат?..
— Су ішуге келе жатыр… — дедім.
— Неге «рақат табады»?
Мен басқа жауап таба алмадым.
— Қане, кім айтады?
Сыныпта ілініп-салынып жүрген Мұрат деген бала бар еді, сол орнынан ұшып тұрып:
— Жануарлар шөлдеп келе жатыр, — деді.
— О, міне дұрыс! Саған «5», ал Төрехановқа «4» — деді ағайымыз.
… Дайындық сабағы осылайша қызықты өтіп жататын. Сондықтан да шығар, сыныптағылардың назары көлденең ермекке ауа қоймайтын. Өзім қандай болғанымды біле қоймаймын, бірақ, небір шу тентектер болды ғой. Аманғали ағай сондай балалардың өзін жүгенге үйреткенін білемін. Сол баланы сыныпқа «староста» қылып қояды, сонда әлгі бұзақының өзі де, сынып та тыныш. Ал бантигі мен алжапқышы қыртыстанбайтын мұнтаздай Лиза — сыныптың санитары. Шаш, тырнағың мен көйлегіңнің жағасын күнде тексереді. Тықылдаған Тәрбия — дружина кеңесінің жетекшісі, бұра тартсаң сынып жиналысына салады. Қазір есімде жоқ, тағы бір бала «кәзнәшей» болды. Оның қызметі — сыныбымызбен қаланың орталығына қыдыратын болсақ, 5-10 тиыннан ақша жинайды. Аққуаш — шаруашылық басшысы, моншаға барғанда таза киім үлестіреді, әскердегідей «каптёрщиктің» жұмысын атқарады. Мейрамбай — таңғы жаттығуды жүргізеді. Өмірбай — электрик. Мен көрнекі құралдар жасаймын. Қысқасы, сыныпта бірде-бір бала қоғамдық жұмыстан тыс қалмайды. Соның бәрін үйлестіруші — Аманғали ағай!
Мектеп-интернатта домбыра оркестрі болды. Соның дені біздің сыныптың балалары болатын. Оның құрамында Мейрамбай, Базарбай Шыңғысовтар, Сәрсенбай Сексенов, Мұқан Башбаев, Лиза Ілиясова, Самат Әлжанов, Жаналы Құрманов, Аманғали Ілиясов, Серікқали Нұрғалиев, Бақытжан Жұмабаев және мен болдым. Оркестрдің жетекшісі — виртуоз, күй орындаушы Ілиясов Ізбасар ағайымыз. Майда шашын маңдайынан желкесіне дейін жатқыза тарап қоятын, тұла бойында бір қырым артық еті жоқ, сыптай болып жүретін кісі еді. Мектептегі мәдени-көпшілік шараларды былай қойғанда талай мәрте аудандық мәдениет үйінің, теміржолшылар клубының сахнасына шыққанбыз.
Тәрбия Нысанбаева мен Сәрсенбай Сексенов — конферансье. Оркестріміздің солистері — әншілер Базарбай, Мұқан, Лиза, термеші Самат Әлжанов, биші Дәмегүл Жаниязов. Әншілеріміздің қай-қайсысы да кәдімгідей кәсіпқой өнерпаздар. Оларға репетиция жасайтын Аманғали ағайдың өзі. Ол әншінің дауысын қойып, ерінбей қайталатып, қырып-жонып, сахнаға шығарғанда талайлар таң қалғанын, шапалақ ұрғандарын көзіміз көрді. Базарбайдың «Отан», Мұқанның «Ауылым» деп салған әндері әлі күнге құлағымда тұр. Самат жұрттың алдына емін-еркін шығатын. Домбыраның шанағын қақыратып жіберердей қағып-қағып жіберіп, «Ақ Жайықты» қоя беруші еді. Ол сол уақыттың өзінде Ғарифолла Құрманғалиевті теледидардан көрген шығар, өйткені, ән салғанда қас-қабағы мен көзі ойнақшып отыратын. Ал Дәмегүліміз сахнаға құбылып киініп, бұралып шыққанда үнді, өзбек, татар қыздарын көргендей болатынбыз. Егер осы солистеріміз өз өнерлерін одан әрі жалғастырғанда елімізге танымал әртістер болып шығары сөзсіз еді. Осы сыныптастарымның арасынан әнші, биші, күйшіні танып, тапқан да Аманғали ағайдың өзі!
Біз Аманғали ағайдан каникул кездерінде және өзіміз ұйқыға кеткенде болмаса, мүлдем көз жазып көрмеппіз. Ол қалай десеңіз, айтайын. Күндіз тамақ, сабақ, ойын деп жүреміз де, кешкісін керуетке құлаймыз ғой. Еріккен балалар қайбір ұйықтай қоямыз. Жатақхананың әр бөлмесінде төрт не алты баладан жатамыз. Ырың-жырың, жылтың-жылтың. Кейбір кездері өзге сыныптың балаларымен шатысып қалатынымыз бар.
Аманғали ағай бәріміз ұйқыға кетпей, ол да кетпейді. Не керек, «Жатыңдар!» деген бұйрықтан кейін біз де ұйықтаймыз, ағай үйіне қайтады. Ол кісі Шалқар көлінің жағасында тұрады. Үйіне, бірнеше көшені кесіп, тағы да бірнеше темір жол желілерінен өтіп, көл жағалай тура кететін болар. Сонау Комсомол көшесіне апаратын тура жол сол. Ертеңгісін «Тұрыңдар!» деп, тағы да сол Аманғали ағайымыз бөлме жағалап жүреді. Көзіңді жұмсаң да, ашсаң да көретініміз — Аманғали ағай! Бұл дағды бір күн, бір апта, бір ай емес, бірнеше жылдан бері солай. Біздің балаларды ағайымыз өз жауапкершілігіне бірінші сыныптан алған. Бірде ұл-қызымыз бәріміз жиналып отырғанда «Бұрын қыз балалардың бөлмесіне еркін кіріп, жатқызып, жамылғыларын жауып шығатын едім, қазір сендер өстіңдер, есіктеріңді қақпай кіре алмаймын» деп, көңілі босағаны бар. Шынын айтқанда, ағайымыз барлық уақытын өз балаларынан гөрі біздің жанымызда өткізді.
Аманғали ағай біз жазғы каникулға кеткенде де үйінде отырмайды екен. Интернаттың бау-бақшасы өз алдына, онымен қоса мектептегі жас ұстаздарды жинап, жаз айларында аудан шаруашылықтарында мал азығын дайындауға баратын. Соның бәріне де үлгереді. Не деген тегеурінді қуат!
Аманғали Ешниязов мектеп-интернатта ондаған жылдар бойы аға тәрбиеші болғанда тәрбиеленушілер арасында бірде-бір келеңсіз жағдай не құқық бұзушылық орын алмаған. Бұл әрине, мектеп-интернаттағы педагогтар ұжымының еңбегінің жемісі деп жалпылама айтуға болады. Ал шындығын айтар болсақ, тәрбие ісіндегі Ешниязовтың жанқиярлық еңбегіне жан баласы дау айта қоймас! Ағайдың «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озаты» деген құрметті атағын айғақтайтын төсбелгісі бар. Егер елімізде «Үздік тәрбиеші» деген атақ болса, бірінші кезекте Аманғали ағайымыз соған лайық ұстаз еді. Оқушы қаншалық озат болғанмен тәрбиесі келіспесе қоғамның соры. Ал тәрбиелі пенде ештемеден кенде болмасы айдан анық.
Біздің кезімізде мектеп директоры Шәуен Елмағамбетов, оның орынбасарлары — Емберген Тереков, Құлыбек Сүйеубаев болған еді. Солармен бірге тарихтан Мұхаметжан ағай, жаратылыстанудан Сәния апай, геометриядан Шәрипа апай, ағылшын тілінен Мажра апай, орыс тілі мен әдебиетінен Шолпан апай, музыкадан Жамал апай, қыздарға тігін тігуден Тойым апай, тағысын тағы ұстаздарымыз басқа пәндерден сабақ берді. Әсіресе, бармағынан бал тамған бас аспаз Гүлжаһан апайды айтсаңызшы! Былайғы жұрт «интернаттың балалары жарты құрсақ» деп жататыны рас, бірақ, «үйдің балаларына» қарағанда біздер шырайлы көрінетінбіз. Жазғы каникулда ауылда ойынымыз қанып, қозы-лақ, бұзау бағып, ауылдың тұрмыс-тіршілігінен өңіміз тотығып келеді де, екі-үш аптада интернаттың тәртібіне түскеннен кейін әлденіп-сәнденіп шыға келетінбіз. Баламыз ғой, үйдің тамағын сағынатынымыз рас.
Міне, интернаттың жыры қысқаша осындай еді. Ата-анадан жырақ болғасын бізді басқалар жел өтінде жүргендей көретін шығар, бірақ біздің панамыз да, ата-анамыз да — Аманғали ағайымыз еді. Қарабайыр есепке салар болсақ, әр оқу жылында аға тәрбиеші Аманғали Ешниязовтың қарамағында 250-дің үстінде бала болды. Осыншама баланы тәрбиелеген Аманғали ағайға өз үйіндегі 10 бала көптік етпеген шығар. Әрине, үйдегі балалардың салмағы Мәрия апайымызға түскен болар. Бірақ, ойдан-қырдан жиналған жүздеген ұл-қызды интернатқа қабылдап, жыл сайын түлеткен, бала бағбаны — Аманғали ағайымыз үшін үйдегі он баланы бағып-қағу қиын болып па?! Ешниязовтардың отбасынан өрбіген ұрпақ та үлгілі, тәрбиелі, зиялы азаматтар қатарынан аталып, олардың алды немере сүйіп отыр.
Мен Шалқардың қазіргі бас журналисі Қыдыралы Әлинді жарты ғасырға жуық уақыттан бері білемін. «Коммунизм таңы» газетінде жауапты хатшы болып жүргенімде Қосқақтан «Ж.Қыдыралин» деп қол қойған хат жиі келетін. Қол-аяғы балғадай материалдар — сын да бар, сықақ та бар. Айтайын дегенім, сол Қыдыралы құрдастың жан жары Ботакөз Аманғали ағайымның қызы екен-ау! Мұны білгеннен кейін Қыдекеңді бұрынғыдан да жақын тартып кеттім. Өйткені, Ботакөз де, мен де бір адамның тәрбиесін көргенбіз.
Жақында Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов Шалқар мектеп-интернатының (қазіргі №3 орта мектеп) қабырғасына «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озаты» Аманғали Болатбайұлы Ешниязовтың есімі жазылған ескерткіш тақта орнату жөніндегі мектеп ұжымы мен ардагерлерінің ұсынысын қолдаған екен. Бұл — барша тәрбиешілерге көрсетілген құрмет, жас ұрпаққа үлгі деп санаймыз.
Қазір мектептерде ұлағатты ұстаздарға арналған пән кабинеттері ашылып жатқанын білеміз. Сол сияқты бұрынғы мектеп-интернатта Аманғали Ешниязов атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні кабинетін жасақтау туралы пікірлер айтылып қалуда. Әрине, қолдаймыз! Дегенмен, пәнге арнағаннан гөрі Аманғали ағай атындағы ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие кабинетін ашқан әлдеқайда тиімді сияқты. Қалай болғанда да Аманғали Ешниязовтың ұрпақ тәрбиесі жолындағы салауатты және салиқалы істері ізсіз қалмауы тиіс.
Ғалымжан ТӨРЕХАНОВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.