РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КҮЙШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТЕДІ

ОСЫ АПТАНЫҢ БЕЙСЕНБІ, ЖҰМА КҮНДЕРІ АУДАНЫМЫЗДА КҮЙШІ, КОМПОЗИТОР ҚАЗАНҒАП ТІЛЕПБЕРГЕНҰЛЫНЫҢ 170 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КҮЙШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТЕДІ. ОНЫҢ АЯСЫНДА ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ БОЛАДЫ. ОСЫ БАЙҚАУ БАСТАМАШЫСЫНЫҢ БІРІ, ҚАЗАНҒАПТАНУШЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ, «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ НҰРБОЛАТ ЖАНАМАНОВ РЕДАКЦИЯМЫЗҒА КЕЛІП, АЛДАҒЫ ІСШАРА ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕП, БАЙҚАУДЫҢ МАҚСАТ, МІНДЕТТЕРІНЕ ТОҚТАЛДЫ.

    — Бұған дейін де Қазанғап Тілепбергенұлының 150 және 160 жылдық мерейтойлары Ақтөбе қаласында аталып өтті. Енді ұлы күйшінің 170 жылдығын өзінің туған жері Шалқар өңірінде атап өту ұйғарылды.

          Бұл жөнінде өзімнің ұсыныстарымды қағазға түсіріп, осы жылдың ақпан айында Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидехановтың қабылдауында болдым. Бұл шараның мәнін терең түсінген аудан әкімі ұсынысымды бірден қолдап, қомақты қаржы бөліп, шараны өткізудің ережесі бекітілді. Бірақ, жазғытұрғы елімізде болған су тасқынына байланысты кейінге шегеріліп, өздеріңіз білетіндей 31 қазан – 1 қараша күндері өтетін болып белгіленді, оған облыс басшысы, облыстық мәдениет басқармасы келісімін берді. Байқаудың құрылтайшысы Шалқар ауданының әкімдігі, ұйымдастырушысы Шалқар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, Сары Батақұлы атындағы Шалқар аудандық мәдениет үйі.

          Мәдени шараның мақсаты мен міндетіне тоқталсақ, ол — бабалар мұрасын дәріптеу, мәдени-тарихи құндылықтарды сақтап, еліміздегі күй өнерін, дәстүрлі күйлерді орындаушылардың жаңа есімдерін және таланттарды анықтау. Қазанғап Тілепбергенұлының күй әлеміндегі өзіндік нақышты өрнегін таныту, республика аумағында күйшілердің кәсіби деңгейін, күй тарту шеберлігін жеткізу.

         — Нұрболат Әдіманұлы, байқауға кімдер қатысады, оны өткізудің тәртібі мен шарттарына тоқтала кетсеңіз.

          — Байқауға 18-35 жас аралығындағы республиканың әр аймағынан бір үміткерден қатыса алады. Астана, Алматы қалаларының кәсіби оқу орындарынан үміткерлер шақырылды. Атап айтсақ, Алматыдағы қара шаңырақ, өнер ордасы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториядан 4 адам, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық дәстүр және өнер институтынан 3 адам, Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінен 3 адам және облыстардағы филармония, оркестрлерден үміткерлер келеді. Байқау екі кезеңнен тұрады.  

          Бірінші кезеңде үміткерлер Қазанғаптың «Жұртта қалған» күйін орындау керек және С.Балмағанбетовтың «Саз зергері Қазанғап» және «Күй дастан» кітаптарынан таңдауы бойынша қалаған Қазанғаптың бір күйін, С.Балмағанбетовтың «Күй дастан» кітабындағы шығармаларынан бір күй орындаулары тиіс. Бірінші кезеңнен өтпеген қатысушылар екінші кезеңге жіберілмейді. Бірінші кезеңде орындалған күйлер екінші кезеңде қайталанбайды.

            Екінші кезеңде Қазанғаптың «18 жасар Балжан қыз» күйі орындалуы шарт. С.Балмағанбетовтың «Сөз зергері Қазанғап» және «Күй дастан» кітаптарынан арнайы таңдалған бес күйінен бір күй, «Күй дастан» кітабындағы Сәдуақастың таңдалған бес күйінен бір шығарма орындау керек.              

             — Енді байқаудың қазылар алқасы қалай жасақталады, жүлделер жөнінде айтсаңыз?

            — Әділқазылар алқасында республикаға белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері болады. Марапаттау жүлделеріне тоқталар болсам, бекітілген ереже бойынша бас жүлде — біреу, бірінші орын — біреу, екінші орын — екеу, үшінші орын — үшеу. Арнайы «Жәлекеш Айпақов», «Сәдуақас Балмағанбетов», «Матай Қуантайұлы», «Кәдіралы Ержанов» атындағы жүлделер беріледі және ынталандыру сыйлықтары мен Дипломдар бар.

       — Нұреке, күйші, композитор Қазанғаптың 170 жылдығы қарсаңында оның шығармалары насихатталды ма?

         — Әрине, облыстық тарихи-өлкетану музейі «Саз зергері Қазанғап» атты ғылыми конференция ұйымдастырды, оған өзім қатысып, Қазанғап күйлері жөнінде жан-жақты мәліметтер бердім, шығу тарихтарына тоқталдым және күйлерін орындадым. Ақтөбе өңірлік университетінің музыка кафедрасында, Қазанғап атындағы музыка мектебінде, А.Жұбанов атындағы музыка колледжінде болып, мұғалімдермен, студенттермен кездесіп, тағы да Қазанғап күйлерінің шығу тарихын әңгімелеп, шығармаларын орындадым. Сонымен қатар ұлы композитордың күйлерін жеткізушілердің есімін атап, олардың еңбегіне тоқталдым. Жеткізушілердің дені Шалқар топырағынан шыққанын айтып, залдан түскен түрлі сұрақтарға жауап бердім.

             Сонымен қатар, Ақтөбе телеарнасының «Қайырлы таң» бағдарламасына, «Рика» телеарнасының ұлы күйші туралы арнайы бағдарламасына қатысып, күйші, композитор Қазанғап жөнінде жанжақты мәліметтер беріп, күйлерін орындадым. Енді осы аптада болатын республикалық күйшілер байқауы сәтті өтеді деген үміттемін.

     — Әңгімеңізге рахмет!

Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».