Еңбекте озған Отарбай

Адал азамат — Адал еңбек

Жасы үлкейсе де шаруадан қалмай, түздегі тірліктен ләззат алып жүретіндер болады. Ондай адамдардың өмір жолына үңілсең, еңбектің қамытын ерте киіп,  ширыққанын көресің.

Қаратоғай ауылының тұрғыны Отарбай Есжан да жастайынан жауапкершілік жүгін арқалаған. Әкесі Есжан Оңғарбай екінші дүниежүзілік соғысынан елге оралғасын Айша есімді қызбен отау құрып, дүниеге 12 перзент әкеледі. Отарбай аға тұңғышы болғандықтан қайтпас сапарға аттанған әке аманатын арқалап, анасына, өзінен кейінгі бауырларына қамқоршы болады. Үлкен әулеттің абыройын аласартпаудың бір жолы — бел жазбай еңбек ету еді. Отарбай аға осы тұста оза шауып бауырларын аяқтандырып, оларға жағасы кең жайлау ағадай қамқорлығын жасайды.

Қазір ауылдарға мейлінше жағдай жасалып жатқанымен, мал шаруашылығын дамытуға келгенде жұмысшы күшінің жеткіліксіз екендігі жиі айтылып жүр. Кейде шалғайдағы шаруалармен тілдесе қалсаң, малшымен қатар ауылшаруашылығы техникаларын жөндеп, тізгіндейтін жүргізушіге мұқтаждығын алға тартып, мұңын шағады. Жақсы жалақы төлесең де, желдің өтінде жүк көлігін жүргізіп, бейнетін арқалай алатын жүргізушілер тапшы. «Жұмыстың жаманы жоқ, кейінгі буынға қанағат пен ынта-жігер қажет», —дейді осындайда ауылдағы ағайын.

Жетпіс жастың желкенін керген Отарбай аға кез келген ауыр техниканы өзі жөндеп, трактормен ала жаздай шабындықтан шөбін шаба береді. Оның алғашқы еңбек жолы 1969 жылы «Шетырғыз» кеңшарында көлік жүргізушіліктен басталған. Одан бергі кезеңде сол ауылдың жедел жәрдем автокөлігін тізгіндейді, ауылдың көлік механигі де болады. Еңбектен қол үзбей жүріп, 1997 жылдан бастап «Жадырасын» шаруа қожалығын құрып, төрт түліктің басын көбейте бастайды. Алғашында 1 трактормен басталған шаруашылықта бүгінде 4 трактор, 2 жүк көлігі, шөп шабатын бірнеше арнаулы техикасы бар. Жергілікті шаруалардың жай-күйін, елмен байланысын, халыққа қамқорлығын сол ауылдың әкімінен артық кім баяндасын.

Бұл ретте Шетырғыз ауылдық округінің әкімі Жанна Әбденованың сөзінен еңбек адамы ретінде Отарбай ағаны әрдайым көпке үлгі тұтатынын білдік.

—Ұзақ жылдардан бері төрт түлік өсірумен қатар, қысқы мал азығын дайындаумен айналысатын «Жадырасын» шаруа қожалығының төрағасы Отарбай Есжан ағамыздың еңбегін мен әрдайым айтып жүремін. Бұл кісінің шаруашылығында қазір қажетті техникалардың барлығы бар. Өздерінен артылған қысқы мал азығын ауыл тұрғындарына жеткізуді дәстүрге айналдырған. Сондықтан ағамызды күнделікті жұмысы бір ізге түскен іргелі қожалықтың иесі деп білемін. Ауылдағы көмек қажет ететін отбасыларға ретті жерінде шөпті тегін түсіріп, қайырымдылық жасап тұрады. 

Бұл кісі уақытын үйде өткізетіндердің қатарынан емес. Енді 73 жасқа толатын ағамыздың техникаға ептілігін айтпағанда, дәнекерлеу ісінің де хас шебері. Еңбектен қол үзбеген осындай жандардың жолы жастарға жұғысты болса екен, — дейді ауыл әкімі.

Тынымсыз еңбектің еленері заңдылық. Отарбай ағаның өмір жолы, ел алдындағы игілікті істері, «Қазақстанның алтын кітабы» энциклопедиясына енгізілген. «Еңбек ер атандырады» деген айдармен берілген жинақ беттерінде оның ауыл шаруашылығы саласына косқан үлесі үшін әр жылдары аудан, облыс басшылықтарынан алған марапаттары тізіліп жазылған.

Отарбай аға зайыбы Гүлнар апай екеуі бүгінде округ орталығы Қаратоғай ауылында тұрады. Олар балаларына: «Ерінбей еңбектенсеңдер әрдайым ырысқа кенелесіңдер» деп үнемі ақылдарын айтып отырады…

 Мұхтар МЫРЗАЛИН.