Атом энергетикасы – экологиялық тұрғыдан таза әрі сенімді энергия көзі.

Әлем елдері қарқынды дамып, заманның талабы күн сайын өзгеріп жатқанда, Қазақстан да осы көштен қалмай, өзінің технологиялық және экономикалық әлеуетін арттыруға міндетті. Менің басты арманым – еліміздің жан-жақты, тұрақты түрде дамуы. Бүгінгі таңда қоғамда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Әркім өз пікірін білдіруде, ал менің ойымша, еліміздің энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуде АЭС-тің орны ерекше болмақ.

Атом энергетикасы – экологиялық тұрғыдан таза әрі сенімді энергия көзі. Бұл бағытта отандық ғалымдар мен сарапшылар атом энергиясын тиімді пайдаланудың артықшылықтарын ерекше атап көрсетуде. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, АЭС парниктік газдардың шығарындыларын айтарлықтай азайтып, қоршаған ортаға оң әсер етеді. Одан бөлек, АЭС елімізде жаңа жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамытуға, экономикалық және технологиялық прогресті жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл салада ғылыми-зерттеу жұмыстарына жаңа серпін беріп, Қазақстанның ғылымы мен инновациясын дамытуға да ықпал етеді.

Болашақта еліміз энергия тапшылығын сезінбей, өз қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз ете алса деген тілегім бар. Қазақстан атом энергетикасына көшкен жағдайда, энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізіп, тұрақтылыққа кепіл болары анық. Бұл қадам елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық аренадағы беделін де нығайтып, Қазақстанды экологиялық таза әрі тұрақты энергия өндіруші ел ретінде көрсетеді.

Ләззат НАУМАНОВА, Бозой ауылы “Арай” мәдениет үйінің директоры.