ЕҢБЕК ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы – елдегі еңбек адамына деген құрметтің артуының айқын көрінісі. Қоғамымызда еңбекқорлық пен кәсібилікке деген жоғары баға беру – бұл тек жеке адамды ғана емес, ұлт сапасын арттырудың негізгі шарттарының бірі. Президент ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты әрбір қазақстандықтың жүрегінде ұялайтын қағида болуы тиіс.

              Еңбектің жаманы жоқ. Кез келген жұмыстың қадірі бар, егер ол адалдықпен және жауапкершілікпен орындалса. Осы түсінікті қоғам санасына сіңіру – мемлекеттің болашақтағы тұрақты дамуының негізі. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру және оларды дәріптеу – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам. Еңбек адамдарына көрсетілетін құрметтің артуы олардың жұмысқа деген ынтасын күшейтіп, қоғамда әділдік пен теңдік принциптерін нығайтады. Мен де өз шаруашылығымда жыл сайын бірнеше сауын түйелер ұстап, одан сүт пен шұбат дайындап, жергілікті тұрғындарға ұсынып отырмын. Адал еңбек етсең, сені бағалап, өніміңді іздейтіндер де табылады. Күнделікті кәсібіме айналған мал шаруашылығындағы ісімнен бір сәт қол үзгім келмейді.

            Президенттің бүгінгі Жолдауындағы қарапайым еңбек адамдарына деген құрметін көріп, бір серпіліп қалдық. Оның  бұл бастамасы – еліміздегі әрбір азаматтың еңбегіне деген әділ бағаның берілуіне бағытталған тағы бір маңызды қадам. Еңбекқорлық пен кәсібилік әрдайым құрметке лайық және бұл құндылықтар еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

 Айымкүл ӘУЕЗОВА, «Асхат» шаруа қожалығының мүшесі.