Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларында әрдайым білім саласын реформалауға қажетті мәселелерді алға қойып келеді. Президентіміз «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет. Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту керек» — деп атап айтты. Бұл сөз білім саласының ел өміріндегі ерекше орнын айшықтап берді.
2024-2025 жаңа оқу жылын 35 мектеп, 1 мектеп-бөбекжай-бақша, 27 бөбекжай-бақша, 5 қосымша білім беру ұйымымен бастағалы отырмыз. Жаңа оқу жылына 1-сыныпқа 847 оқушы қабылданды, мектепке дейінгі ұйымдарға 2817 тәрбиеленуші тартылды. Биылғы оқу жылында:
-Оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда — 33 оқу апта, 2-11 (12) сыныптарда — 34 оқу аптасын құрайды. 2024 жылғы 2 қыркүйектен алғашқы оқу күні, оқудың аяқталуы — 2025 жылғы 23 мамыр.
-1-сынып 33 апта, 2-11-сынып 34 апта оқиды.
-Ауданның 35 мектебі 5 күндік оқу аптасымен оқиды.
-Тілдерді кезең-кезеңмен оқыту шеңберінде 3-сыныпта «Шетел тілі» пәнін оқыту енгізіледі. «Көркем еңбек» пәнін кезең-кезеңмен «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» пәндеріне бөліп оқыту 3-сыныпта жалғасады, 4-сыныпта «Көркем еңбек» пәні оқытылады.
-1-4 класс оқушылары жаппай ыстық тамақпен қамтылады.
-«ДосболLIKE» бағдарламасын және «Менің бауырым» волонтерлік жобасын іске асыру шеңберінде мектепте салауатты және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасады.
-Ауылдық тірек және шағын жинақты мектептерінде жекелеген пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдері енгізіледі.
-2024 жылдан бастап «Цифрлық ұстаз» жобасын іске асыру шеңберінде тұрмысы төмен отбасылардан шыққан білім алушылармен жұмыс белсендіріледі.
-2024 жылдан бастап педагогтерді аттестаттаудың жаңа форматы енгізілді.
-«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» кадр резервінің республикалық базасын қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасады.
-Цифрлы технологияларды пайдаланып шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамытуға бағытталған пилоттық жобалар масштабталады.
-Мектептердің ата-аналар қауымдастығымен өзара іс-қимылы бойынша жұмыстар күшейтіледі.
-Оқыту мен бағалауда жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейтіледі.
– «Жер елшілері» креативті жастардың Бүкілқазақстандық экологиялық қозғалысы» жобасы шеңберінде білім алушыларға экологиялық білім беру жүзеге асырылады.
Өткен оқу жылына көз жүгіртсек, 2023-2024 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептерде 8737 оқушымен оқу жылын аяқтадық, жаңа оқу жылын 8800 оқушымен бастаймыз. 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы — 60,61%, 2022-2023 оқу жылымен салыстырғанда 0,4% өсу динамикасы байқалады. Үздік оқушылар 1973, оқу екпінділері 2756, аудан бойынша 48 түлек «Алтын белгі», 48 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды.
Аудан көлемінде барлық инфрақұрылым бойынша Президент Жолдауындағы міндеттердің орындалуын және іс жүзіне асырылуын қадағалайтын бірінші тұлға облыс әкімі десек, облыс тарапынан ауданда білім беру сапасын арттыру бағытында қыруар қаржы бөлініп игерілуде.
2023-2024 жылы Шалқар ауданы бойынша 2 мектепке (Ә.Жангелдин атындағы ЖОББМ, І.Үргенішбаев атындағы ЖОББМ) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Екі мектептің де жөндеу жұмыстары 2 жылға жоспарланған. Биылғы жылғы бөлінген қаржы 382,9 млн теңге. Күрделі жөндеу жұмыстары тамыз айының аяғына дейін аяқталады. Сонымен қатар, «Балдырған» санаторлық бөбекжай-бақшасына 73 902 000 теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балабақша қазіргі таңда қолданысқа берілді. «№12 бөбекжай-бақшасына» 210 217 000 теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 1 қыркүйекке дейін жөндеу жұмыстарын аяқтайды деп жоспарлануда. «Бершүгір жалпы орта білім беретін мектебін күрделі жөндеуге 229 760 000 теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар барлық білім беру ұйымдарында ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Барлық білім беру мекемелері бейнекамералармен, ішкі әжетханалармен, турникеттермен жабдықталуда.
2024-2025 оқу жылына облыстық бюджеттен оқулыққа 64 279 000 теңге, тасымалға келісімшарт бойынша 580 мың теңге бөлінді. Жалпы жаңадан әзірленетін оқулықтар 3-сынып бойынша орыс тілі (қазақ тілінде оқитын мектептер үшін), ағылшын тілі, еңбекке баулу, бейнелеу өнері, цифрлық сауаттылық пәні (қазақ, орыс тілінде), «Е-таңдау» электронды платформасы арқылы аудан мектептерінің пән мұғалімдері оқулық баспасына таңдау жасады.
Қазіргі таңда технологияның қарыштап дамып келе жатқан заманында мұғалімдер оқушылармен қатар білімін үнемі толықтырып отыруы тиіс. Барлық білім беру ұйымдары bilim.app цифрлы білім беру ресурстарымен қамтылған. Жалпы аудан мектептерінде 3923 компьютер бар. Мектептерді компьютерлік техникамен жабдықтау қазір 89% құрап отыр. 1 компьютерге 2 оқушыдан келеді. Аудан мектептері бойынша жаңа модификациялы кабинеттермен жабдықтау үлесі төмендегідей: физика кабинеттері — 23 (76,6%), химия — 18 (60%), биология — 18 (60%), STEM кабинеті 2 мектепке, робототехника кабинеті 3 мектепке алынды. Жергілікті бюджеттен 204 700 000 теңге, соның ішінде 5 мектепке 8 модификациялық кабинет, Аmanat партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауданның 5 мектебіне 68 500 000 теңгеге модернизация бойынша материалдық-техникалық базасы жаңартылуда.
Бүгінгі күні қоғамдағы үлкен өзгерістер, оның ішінде ақпараттық-коммуникативтік технологиялар мен ғаламтордың шексіз жылдамдығы, ғылыми жетістіктердің жедел де қарқынды дамуы білім алу кеңістігіне зор мүмкіндіктер әкелуде.Осы мүмкіндіктерді білім саласының өзекті мәселелерін шешу жолдарына пайдалануда облыс өңіріндегі шағын жинақты мектептер үшін жүргізілген «БІЛІМ ALL» жобасы — Қазақстан бойынша бастау алған үздік жобаға айналды.
Сонымен қатар «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасын жүзеге асыру мақсатында №3 жалпы орта білім беретін мектебі шағын жинақты мектептердің тірек мектебі болып танылып, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан 250 млн. теңге көлемінде материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылды.
Облыс әкімінің бастамасымен іске асырылып жатқан «Туған жерге тағзым» акциясының білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға көп септігі тиді деп айта аламын. Осы акция аясында аудан бойынша мектеп бітіруші түлектер мектептеріне 31 855 688 теңге көлемінде қаржылай көмек берді.
Ауданның дарынды өрендері олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда, шығармашылық байқаулар мен интеллектуалдық конкурстарда жеңіс тұғырынан танылып, Қазақстанның әлемдік зерделілік нарығында бәсекелестік таныта алатындығын толық дәлелдеп келеді. Осы жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде І орынмен 2 оқушы, ІІ орынмен 3 оқушы, ІІІ орынмен 7 оқушы марапатталып, 4 оқушы Мақтау қағаздарына ие болды. Облыстық олимпиаданың қорытындысы негізінде Шалқар ауданының командасы ІІІ орынмен марапатталды.
2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша тұңғыш рет өткізілген ауыл олимпиадасының Қазақстан тарихынан І орын және жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен олимпиаданың ІІ орын жүлдегері, №7 ЖОББМ-тің оқушысы, «Алтын белгі» иегері Едіге Мадияр «Үздік ауыл мектебінің оқушысы — 2024» атағымен марапатталды. Ал, №7 орта мектебі «Үздік ауыл мектебі» атанды.
Осы жылдың жазғы кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы жоспар жасалды. Ауданда 1-10 сынып аралығында 8179 бала бар. Соның ішінде жазғы демалыспен 7829 бала (98%) қамтылды. Демалыс қаражаты 16 500 000 теңге жұмсалды.
Одан бөлек облыстық білім басқармасының ұсынуымен «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасын іске асыратын ауыл мектептерінің үздік балалары сауықтыру лагерлеріне жіберілді.
4 қосымша білім беру ұйымдарында маусым, шілде айларында 800 бала жазғы маусымдық шараларға, жазғы жұмыстарға, спорттық ойындарға толықтай тартылды. 30 мектеп бойынша мектеп жанындағы алаңға барлығы 4232 бала қамтылды, оның ішінде тамақпен қамтылатын алаңға 497 бала қамтылды, 7 күндік алаң 2 мезгіл тамақтанумен өткізілді, қаражат көлемі 3479,0 мың теңге. Тамақсыз ұйымдастырылатын мектеп жанындағы алаңға барлығы 3735 бала қамтылды, оның ішінде «Тілдік» алаңға 1253 бала, «Спорт» ойын алаңы 1227 бала, еңбек лагеріне 1255 бала қамтылды. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша маусым айында 10 мектеп оқушысы ақы төленетін еңбекпен қамтылды.
Ауданда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 24 бала бар. Оның ішінде жетім балалар саны — 14, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны — 10. Мектеп жасына дейінгі — 2 бала, мектеп жасында — 15 бала, студент — 7 бала. Аталған балалардың ішінде тұрғын үйі бар — 2 бала, тұрғын үйге үлесі бар – 10 бала. Барлық балалар тұрғын үй алуға кезегіне қойылған. Осы балалардың ішінде биыл 4 бала мектеп бітіріп, грант иеленіп оқуға түсті.
Инклюзивтік білім бойынша айтсақ, аудандағы 35 мектептің 23 мектебінде 125 білім беруде ерекше қажеттілігі бар балалар білім алады. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 80 бала тәрбиеленеді. Ақтөбе облыстық педагогикалық-медициналық-психологиялық кеңесінің қорытындысына педагог-ассистенттер тағайындалып жұмыс жасауда. Сонымен қатар 12 мектепке арнайы маман дефектолог жұмысқа алынды және 2024-2025 оқу жылында облыстық білім басқармасынан 12 логопед маманына сұраныс берілді. Инклюзивті курстардан білім беру ұйымдарынан 168 педагог курстан өтті.
Аудандағы 35 мектепте 4500-дей бала тегін ыстық тамақпен тамақтанатын болады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жыл бойы өтетін форматқа ауыстырылды. 2024 жылғы «Мектепке жол» науқаны басталып, акцияға аудандағы барлық мекемелер, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және аудан тұрғындары толық атсалысуда. Бүгінгі күні 315 балаға 4 675 000 теңге көлеміндегі қаражатқа оқу құралдары мен киім-кешектер алынып берілді. Акция жыл бойы жүргізілетін болғандықтан, одан әрі жалғасын табады. Сонымен қатар «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне қаржылық және материалдық көмек көрсету» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес арнайы санаттағы балаларға қаржылай көмек көрсетілуде. Жоспарланған жекеленген санаттағы 861 бала бар. Әрбір балаға 43 407 теңге көлемінде қаржы аударылып жатыр. Білім мен тәрбиенің бастауы балабақшадан басталады. Аудан бойынша 55 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс жасайды. Оның 27 – сі балабақша, 1 мектеп-балабақша, 27 мектеп жанынан ашылған шағын орталық топтары. Мектепке дейінгі тәрбиемен 1 – 6 жас аралығындағы балаларды қамту 97,2 % құрайды, 3-6 жасқа дейінгі балаларды қамту — 100%. Ауданның жалпы орта білім беретін 35 мектебінде 1534 педагог кадр бар. 1324 педагог жоғары білімді, 210 арнаулы орта білімді педагогтар. 320 педагог-модератор, 328 педагог- эксперт, 323 педагог- зерттеуші, 15 педагог- мастер. Жоғары санатты 14 педагог , І санатты 33 педагог , ІІ санатты 37 педагог , санаты жоқ педагог саны – 464. Мұғалімге қойылып отырған қоғамдық талап өскен сайын жауапкершілік те өсе түседі. Мұғалімдер қауымы оны жақсы түсінуі керек.
2024-2025 оқу жылында ауданның білім беру мекемелерінің алдында тұрған міндеттер төмендегідей:
-Барлық мүмкіндікті пайдаланып білім беру мекемелерін жаңа оқу жылына дайындау; -Сапалы білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған білім беруді қаржыландырудың жаңа тетіктерін тиімді пайдалану; -Ауданның білім беру мекемелерін білікті кадрлармен қамтамасыз етуді жалғастыру; -Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісін ұлғайту, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз ету; -Шағын жинақты мектептердегі кадр тапшылығын шешу; -Мектептердегі инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру бағытында нақты шаралар алу; -Қосымша білім беру ұйымдарында оқушыларға қызықты, заманауи үйірме, секциялар желісін көбейту; -Аз қамтылған отбасыларының балаларына барынша қолдау көрсету; -Жастарды Қазақстандық патриотизм рухында отансүйгіштікке тәрбиелеу, сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт қалыптастыруда олардың азаматтық белсенділігін, әлеуметтік жауапкершілігін және әлеуетін ашу тетіктерін тиімді пайдалана білу. Осы мақсаттарды іске асыру барысында білім беру мекемелері қала, ауылдық округ әкімдіктері және мекеме басшыларымен бірлесіп жұмыстар жүргізеді.
Ұрпақ тәрбиесі — адамзат қоғамының, мемлекет дамуының негізгі алғышарты болса, мемлекетіміздің басты байлығы — бала. Болашағымыздың сапалы біліммен сусындауы әрқашанда өзекті. Олай болса, баршамыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өскелең буынға сапалы білім, саналы тәрбие сіңіру жолында аянбай еңбек етуге мүдделіміз.
Аянберген БАШАНОВ, Шалқар ауданының білім бөлімінің басшысы.