ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДА БАҚ СЫНАДЫ

Шалқар қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде «Жасыл ел» еңбек жасағы сарбаздарының қатысуымен «Ханталапай» ұлттық ойындар сайысы өтті. Жастар ләңгі тебу, асық ату, гір тасын көтеру, бестас ойнау, қыз балалардың шашын қазақы үлгімен өру, садақ ату, арқан тартыс сынды кезеңдерден бәсекеге түсті.

          Ұлттық тәрбиемен ұштасатын спорттық шараның ашылуына аудан әкімі Жанболат Жидеханов арнайы қатысып, әсерлі доданың куәсі болды.

           — Жастар — мемлекетіміздің болашағы, сондықтан да өскелең буынға әрдайым жағдай жасап, танымы мен тәрбиесіне зейін қою басты міндеттеріміздің бірі. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін жергілікті жерде маусымдық жұмыстар ұйымдастырып, ұдайы еңбекке баулудың тінін үзбеу — соның бір парасы. Жыл сайын ауданымызда «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымдық жұмыстарға араласып, туған мекен үшін игілікті істер жасап жүр. Біз осындай еңбексүйгіш өрендерді мақтан тұтып, әрдайым қолдаймыз, — деді аудан басшысы ойынға қатысушы жастар алдында.

            Жас буынға ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дәстүрімізді дәріптеу, достық қарым-қатынасты нығайтуды мақсат еткен бұл сайысқа қатысушылар «Шаңырақ», «Жасыл ел», «Миллионерлер» болып үш командаға бөлінді. Еңселі ғимараттың кең залында өткізілген ұлттық ойындарда жастар аталған спорт түрлерінен өзара қызу бақ сынасты. Әсіресе, ләңгі тебу, асық ату сайыстарына ересек көрермендер де қызығушылық танытып ортаға шығып, өздерін сынап көрді. Қазақы нақыштағы киім киген қыз балалар бестас ойынын ойнап, бұрымды шаш өруден шеберліктерін көрсетті.

            Осы шараға мейман болып қатысқан Шоқысу ауылының тұрғыны Самат Жорғабаев садақ атудың қыр-сырын жастармен бөлісті. Саматтың қолымен жасалған садақтарды көрген ойыншылар оның шеберлігіне тәнті болды.

            Жеті кезеңге бөлінген ұлттық ойындардың қорытындысында I орынды «Шаңырақ» тобы жеңіп алды. II орынға «Жасыл ел», III орынға «Миллионерлер» тобы лайықты деп танылды. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар аудан әкімі атынан Диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ осы шараға демеушілік танытқан «Шаңырақ», «Шафран», «Bluefin» кафелері әкімшісінің қаржылай сыйлығының Сертификаттары берілді.

           — «Жасыл ел» бағдарламасымен биылғы жылға ауданымыз бойынша жүз жасты «Үлкен-Борсық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» арқылы маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған болатын. Бұнда жұмыс жасаған жауынгерлердің жалақысы орта есеппен 150 мың теңгені құрайды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшылығының тапсырмасына сәйкес қосымша 20 жасты маусымдық жұмыспен қамту қарастырылды. «Атамекен» студенттер отрядының жастар қоғамдық бірлестігі мен жергілікті «Қолғанат құрылыс» ЖШС арқылы өзара келісім-шарт жасалынды. Бүгінде «Қолғанат құрылыс» серіктестігі арқылы 10, «КварцСпецсервис» ЖШС арқылы 3 жас құрылыс отрядында жұмыс істеуде. Жалпы биыл біздің орталыққа өтінішпен жүгінген жастардың саны 225-ды құрап отыр. Аталған бағдарлама аясында өткен мамыр айында 9 жұмыссыз жас жіберілсе, маусым айында 33 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 10 жас жергілікті білім бөлімі арқылы қамтылса, 23 студент арнайы комиссия отырысының қорытындысымен жіберілді. Ал осы шілде айында 35 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Алдағы тамыз айына 33, қыркүйек айына 5, қазан айына 5 жұмыссыз жасты жіберетін боламыз.

           Үлкенге құрмет, туған жерге жанашырлық, табиғатты аялау, мұның барлығы жастардың бойына отаншылдық қасиетті дарытатын ізгілікті қадамдар. Осы ретте аудандық жастар ресурстық орталығы облыстық «Атамекен» жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, жергілікті жастар арасында «Туған қалаңа ағаш сыйла», «Таза қала — таза жағалау», «Ардагерлерді ардақтайық» атты акциялар өткізілді. Енді алда «Менің атаулы ағашым», «Бұлақ көрсең, көзін аш» атты табиғатқа қамқорлықты насихаттайтын шараларды ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Бұдан да бөлек, психологиялық, танымдық, т.б. түрлі мәндегі іс-шаралар жоспарымызда бар, — дейді Шалқар аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Айбек Ембергенов.

          Ұлттық ойын — бабаларымыздан қалған асыл қазына. «Ханталапай» ұлттық ойындары жарысына қатысқан әрбір жас сол құндылықтардың мәнін сезінгендей әсерге бөленді.

Мұхтар МЫРЗАЛИН, «Шалқар».