XXI ғасырдағы адам құқықтарын қорғау саласындағы ғаламдық мәселелердің бірі — қоғамдағы барлық топтардың теңдігін қамтамасыз ету және кемсітушілік пен алалаушылықты болдырмау болып табылады.
Қауіпсіз ортада өмір сүру, адам ретінде әркімнің жеке басының қадір-қасиетінің құрметтелуі, білім мен еңбекке, күнделікті өмірдегі мүмкіндіктерге еш кедергісіз қолжетімділік — әр адамға тиесілі құндылық. Осы ретте адамзат атаулының жалпы санының жартысын құрайтын әйелдер қауымының құқықтарының қорғалуы, әр қыз бала мен әр әйелдің өзін қоғамның толыққанды бөлігі ретінде сезіне алуы бүгінгі күні әсіресе, қазақ қоғамында өзекті мәселеге айналып отыр.
«Адамзаттың жартысы» деген сөз саптауына байланысты, мысал ретінде тарихқа шегініс жасап, Еуропаның солтүстік-батыс жағындағы аралдардан құралған Исландия мемлекетіндегі әйелдердің құқықтарына байланысты 1975 жылғы ауқымды «Аналар ереуілін» тілге тиек етуге болады: сол жылғы қазан айында осы елдің әйелдер қауымының 90 пайызы өздерінің күнделікті жұмысын тоқтатып, қоғамдағы әйелдерге қатысты әділетсіздікке қарсылығын білдірген кезде мемлекеттің барлық саласындағы өмір тоқтап, тұралап қалған екен. Содан кейін ғана бұл мемлекетте әйелдерге қатысты көзқарас өзгере бастаған және 1976 жылы мектепте және жұмыс орнында жыныстық кемсітушілікке тыйым салған теңдік туралы заңның қабылдануына алып келген.
Бұл мысал қыз-келіншектер мұндай радикалды шараға барсын деген оймен келтіріліп отырған жоқ, сандық салыстыру арқылы әйелдердің қоғамдағы орнын көз алдына елестете отырып, мысал арқылы көрсету ғана. Әйел мен балаға күнделікті өмірде денсаулығынан, тіпті өмірінен де айырылу қаупінің кез келген жерде, тіпті отбасында да төніп тұратын қоғамда өмір сүріп жатқанымыз — бүгінгі күннің ащы шындығы.
Осы ретте қоғамдағы зорлық-зомбылықтың ушығу деңгейін төмендету, қоғамда шиеленіссіз, бейқам және мамыражай климатты қалыптастырудағы әйелдердің атқаратын рөлін атап кету керек. Психологиялық не физиологиялық тұрғыдан алғанда әйелдер — ұрпақтың саулығы мен амандығына ықылым заманнан жауапты сезімде болуы, сонымен бірге «аналық инстинкттің» әр әйелдің бойына табиғатпен берілгенінің өзі (бұл инстинкттің ағзада әйелдерге тән гормондардың бөліну пропорциясына байланысты деген пікір бар) — қоғамдағы шешім қабылдау тетіктерінде, яғни, маңызды учаскелерде әйелдердің болуының негізділігін көрсетеді.
Шешім қабылдау барысында «бассыз әрекетке» бармастан бұрын өлшеп-пішу, салдарын алдын ала ойластыру, әрекеттің қауіпсіздігін бағалау қабілеті, жоғары эмпатия (өзге адамдардың жан дүниесін түсіну мен жай-күйін ұғыну қабілеттілігі) және жоғары эмоционалды интеллект — көбіне көп әйелдерге тән екендігін әр саладағы мамандар айтып жүр, оның іс жүзіндегі дәлелін күнделікті өмірде де көріп жүрміз.
Статистикалық ақпарат: еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 50 пайызға жуығын әйелдер басқарады екен. Оның үстіне бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Кәсіпкерлік — шығармашылық пен тез икемделуді, батылдық пен тапқырлықты, адалдық пен шынайылықты талап ететін іс екенін ескерсек, әйелдердің адами ерекшеліктеріне басқа дәйек іздеу қажеттілігі жоққа шығады.
Дәлел-дәйек іздемей-ақ, ер-әйел деп жынысқа бөлмей, әр адамның тең құқықтылығы — Ата заңымыз Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленгеніне баса назар аударамын. Осы орайда ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірдегі өкілі ретінде әйелдер мен қыздарға қатысты байқаған, назар аударатын бірнеше үдеріске тоқталғым келеді және бұларға мемлекеттік саясатқа жауапты тұлғалардың назарын аудару қажет деп пайымдаймын:
1) Жалпыға бірдей білім беру концепциясына қайшы, ғаламтор арқылы, білім сапасы күмән тудыратын мектептерден үйден білім алып жатқан қыздардың немесе жоғары білімге қолжетімсіз, үй тірлігіне алдын ала бейімделетін қыздардың легі өсіп келе жатқанын байқадым және олар көбіне-көп мектептегі бірыңғай мектеп формасына қарсы азаматтардың қыз балалары болып келеді. Бұл жерде «Ер адамды оқытсаң — бір адамды оқытқаның, әйелді оқытсаң — ұлтты оқытқаның» деген түрлі ойшылдар түрлі формада жеткізген қанатты сөздер еске оралады. Қыз балалардың білімге қолжетімділігін шектеу салдарының ауырлығын түсіну — осы қанатты сөздердің тереңіне үңілсек, мүмкін болмақ.
2) Жастар, оның ішінде қыздар арасындағы құқықтық немқұрайлылық яғни, нигилизм мәселесі, өзінің құқықтарын қорғау тетіктеріне, жалпы құқықтық сауатын көтеріп, заңнама талаптарымен танысуға қызығушылықтың болмауы. Осы бағытта заң талаптарын білмегеннен жаңсақ қадам жасап, түрмеге тоғытылып жатқан нәзік жандылардың санының азаймауы.
3) Еңбекке араласуға мүмкіндіктердің шектелуі, оның ішінде мансап барысында ерлермен тең өсу мүмкіндігінің шектелу мысалдарының кездесіп тұруы.
«Әйнек шатыр» деген ұғым (орысша: «стеклянный потолок», қазақша мағынасын келтірсек, «көзге көрінбейтін кедергі» деп еркін тәржімалауға болады) ғаламдық деңгейде, ірі корпорацияларда да бар құбылыс, яғни, әйнектен өсу мүмкіндігі көзге көрініп тұрғанымен, мансапта өскісі келген азаматшалардың осы әйнекке келіп «маңдайы тірелетінін» білдіреді. Яғни, әйелдің барлық қабілеті, білімі мен білігі асып тұрса да, мансаптық өсу кезінде ерлерге артықшылық білдіру — осы ұғымның ашық мағынасы.
Дей тұрғанмен, кеудеге үміт ұялататын үдерістерге де тоқталу керек. Мемлекетімізде болып жатқан оң өзгерістер, теңдік және алаламау қағидасының төңірегінде қоғамдық белсенділіктің оянуы, күні кеше әйел құқықтары мен бала қауіпсіздігіне байланысты жаңа заңның қабылдануы тек әйелдерге қатысты емес, жалпы қоғамның өмір сүруге жайлылығын көтеретін фактор болып отыр.
2024 жылғы 15 сәуірде Мемлекет басшысы әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігіне байланысты жаңа заңға қол қойды. Жаңа заң талаптарына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты құқық бұзушылықтардың бірқатары қылмыстық санатқа өтті, денсаулыққа қасақана зиян келтіру бойынша жазалар анағұрлым қатаңдатылды, отбасы институтын ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу арқылы қорғау енгізілді, балалар қауіпсіздігіне байланысты жаңа құқық бұзушылық түрлері енгізіліп, оларға жаза белгіленді. Мәселен, буллинг үшін жаза қарастырылады (10-30 АЕК аралығындағы айыппұл), сонымен бірге 16 жасқа толмаған бала ата-анасыз қоғамдық көлікте келе жатқанда көліктен түсіріп кеткені үшін енді әкімшілік жаза қарастырылады (5 АЕК көлемінде айыппұл). Гендерлік теңдік бойынша статистикалық деректер жылдан-жылға жақсарып келеді, бұл бірінші кезекте жалпы қоғамның жеңісі, алған белесі. Осылайша, Ақтөбе облысында басшы лауазымдағы әйелдер саны өткен жылмен салыстырғанда 19,6 пайыздан 22,8 пайызға дейін өскен.
Жоғарыда айтылған ойлардың тоқетері, «гендерлік теңдік» ұғымына құбыжық ретінде қарамай, қоғамның елеулі бөлігі болып табылатын әйелдер қауымының мүмкіндіктерін, ресурстарын қоғамды жайлы етуге, өмірді қауіпсіз етуге бағыттау, әйелдердің қоғамда алатын орнына тиісті бағасын беру және қоғамдағы «ер-әйел» текетіресін — қоғамның және мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін фактор екенін мойындау қажет.
А. БАЙДУЛЛИНА,
Қазақстан Республикасы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі.