ХАЛЫҚТЫҚ МИЛИЦИЯДАН БҮГІНГІ ПОЛИЦИЯҒА ДЕЙІН

Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда  еліміздің ішкі тәртібі нығайып, тұрақтылық пен түсіністік салтанат құруына ішкі істер органдарының қосқан үлесі зор. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Полиция — тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуге тиіс» деген сөзі халық алдында адал қызмет етуге ант берген қатардағы әрбір тәртіп сақшысына үлкен  жауапкершілік жүктейтіні белгілі.

Өткенімізге ой жүгіртіп, тарих қойнауына енген күндерді терең бағамдасаң, болашақ үшін салмақты ой, салиқалы сөз туады. Даңқты батыры­мыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіп­сіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл бол­май­ды» деген сөзі бар. Қандайда дамушы мемлекет ішкі тәр­тіп­ті нығайту арқылы ел болады, тәртіптің ішкі тұрақ­тылықты сақтайтынын саналы түрде мойындайды. Ал тұрақ­ты­лық орнаған елде табыс пен берекенің де еселенеріне әлемде мысал көп.

Осы тұстан сәл кейінге шегініс жасасақ, Қазақстан полициясының негізі — кешегі Кеңестік үкіметі орнаған кезден бастау алғанын көре аламыз.

Ашық дерек көздерінде Қазақ хандығы тұсында хан жарлығы мен билер шығаратын билік шешімдерді орындайтын белгілі адамдар тобы болғаны айтылады. Нақты полиция қызметін мақсат еткен жасақ мәселесі Алашорда үкіметі тұсында көтерілген деседі. 1917 жылы Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезінде көтерілген 10 мәселенің бірі «милиция туралы» болған екен. Сол съез қорытындысында «Халықтық милиция» құру бағдарламасы бекітілген.

1920-30 жылдар аралығында Қазақстан милициясының негізгі бағыттары айқындалады. 1921 жылы ҚазАССР милиция қызметкерлерінің кәсіптік деңгейін, білімін жетілдіру мақсатында еліміздің бірқатар аймағында милиция мектептері ашылады. 1928 жылдың ақпан айында ҚазАССР халықтық комиссарларының кеңесі мемлекеттік маңызы бар мекемелер мен жеке кәсіпорындарды мемлекеттік күзету жөніндегі шараларды табысты өткізу үшін ведомстволық милиция құру туралы қаулы қабылдайды. 1929 жылдың 24 тамызында Қазақстан Орталық атқару комитеті  ішкі істер халықтық комиссариатын (ІІХК) қайта құру туралы шешім шығарды.

Еліміз азаттық алғаннан кейін, яғни, 1992 жылдың 23 маусымынан бастап Қазақстан полициясының шынайы тарихы басталды деп айтуға негіз бар. Содан бері тәуелсіз мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, қоғам тәртібін сақтауда полицияға негізделген міндеттер мен жүктелген жауапкершілік жүгі де арта бастады. Тәртіп сақшылары ел ішіндегі аса қауіпті оқиғалардың бел ортасынан табылуды адал борыш деп сезінді. Елімізде бұл қызмет құрылғаннан бері полицияны азаматтық қоғамға сай етуге, елдің ішкі қауіпсіздігін арттыра түсуге бағытталған көптеген шаралар жүзеге асырылды. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «милиция» атауы «полицияға» ауыстырылды.

Ғасырлық жолға бет түзеген Шалқар ауданының ішкі істер саласында бірнеше буынның қоғамдық тәртіпті сақтаудағы қалтқысыз қызметі, тәртіп пен талапты егіз ұғынған ұстанымы бүгінге дейін жалғасып келеді. Жігерлі шағымызды осы салаға арнаған бізде алдыңғы ағаларымыздың ілгері істерін, олардың сертке беріктігін, қоғамдық тәртіпті, адамның құқығын қорғаудағы жанкешті еңбектерін өзімізге бағдар тұттық.

Бүгінде Шалқар ауданы бойынша ішкі істер органынан зейнетке шыққан 100-ге жуық ардагер бар. Олар елдік мүдде жолында қызмет етуге әлі де әзір, қоғамдық іс-шараларда белсенді. Араларында мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеп, халық сенімін иеленіп, депутаттық мандатын абыроймен алып жүргендер бар. Негізінен  тәртіп, талап адамды жазалайтын, ар-намысын, абыройын төмендететін емес, керісінше адамның адамдық бол­мысын көтеретін, қадір-қасиетін арт­ты­ратын, парасат-пайымын өсіретін қасиетті қадам. Осы жолда қажырлы еңбек еткен 3 ардагеріміз еліміздің «Ішкі істер органының Құрметті ардагері» төсбелгісін, 2 ардагеріміз Шалқар ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды.

   Өлкеміздің қоғамдық қауіпсіздігін қадағалауға өзіндік еңбегі сіңген ардагерлеріміздің арасында қос дәуірдің куәсі болған өмірлік тәжірибелері мол ағаларымыз бар. 1979-2008 жылдар аралығында аудандық ішкі істер бөлімінде табанды еңбек етіп, майор шенімен құрметті еңбек демалысына шыққан 72 жастағы Иманғали Тобажанов осы салаға әке жолымен келгенін әрдайым айтады. Оның әкесі Шүрен Тобажанов (1926-1983 жылдары өмір сүрген) өткен ғасырдың елуінші жылдардан кеңестік милиция қызметін атқарған кісі.

— Әкеміз жұмысына әбден берілген, үнемі түзде жүретін адам болды. Мен кейде оның жұмыс орнына үйден тамақ әкеліп беретінмін. Қазіргі Шалқар аудандық полиция бөлімі ғимараты орналасқан жерде бұрын 4 пәтер есебінде тұрғызылған бай татардың үйі болды. Саманнан салынған 1 қабатты ғимараттың 3 метрлік үлкен ағаштан салынған қақпасы бар еді.  Қала орталығындағы бүгінгі архив мекемесі мен аудандық №7 өрт сөндіру бөлімі ғимараттарының ортасында саман кесектен салынған күдіктілерді уақытша ұстау үйі болды. Ол кезде көлік ретінде тәртіп сақшылары атпен, ат арбамен жүрді. Қызметтік мініс аттарын күтіп баптайтын арнайы қора-жайлары да болды. Ал аудандық полиция бөлімінің қазіргі ғимараты 1977 жылы пайдалануға берілді, — дейді Иманғали Шүренұлы.

Ішкі істер саласының ардагері Сайлау Кәлкентаев та әке жолын қуған азаматтардың бірі. Әкесі Ілияс Қалиев (1922-1972 жылдары өмір сүрген) Ұлы Отан соғысынан оралған соң, жергілікті милиция қызметінде жұмыс жасайды. Ілияс әке осы қызметте жүріп атбегілікпен де аты шыққан екен. Сол кезде ол көлік ретінде пайдаланған милицияның мініс аттарын баптап бәйгелерге қосып, жүлделі орындарды иеленген.

1971-1993 жылдары аралығында аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет істеп, зейнеткерлікке капитан шенімен шыққан Сембай Ақбаланың сөзінше, қазіргі Шалқар аудандық полиция бөлімі ғимаратының құрылысы 1975-1976 жылдары жүргізілген. Ол кезде аудандық ішкі істер бөліміне Адайбай Көптілеуов есімді тәртіпті жаны қалайтын, сөзі өткір азамат басшылық жасайды. Ғимарат құрылысын жергілікті ПМК, СМП мекемелері мен тәртіп сақшыларының жеке құрамы бірігіп салған. Құрылыстың ойдағыдай жүруіне сол кезде белсенділік танытқан әріптестеріміздің бірі, бүгінгі ардагеріміз Ибрахим Ұлмағанбетовтің есімін айырықша атағымыз келеді. Өйткені, сол кездегі ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жоспарланған құрылыс жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отырған. Аудандағы сот, прокуратура сынды құзырлы органдар ол кезде бір орталыққа бағынған. Шалқар аудандық ішкі істер бөлімінің тарихында ең алғашқы қызмет көлігі «Газ-69» маркалы автокөлік болған. 1965 жылдары берілген бұл көлікті Шалқар аудандық ішкі істер бөлімінің сол кездегі басшысының орынбасары Лескен Ізбанов деген азамат тізгіндепті. Лескен ағамыз ол кезде мемлекеттік автоинспекторы болған, кейіннен қызмет барысымен жоғарылап, облыс орталығында ішкі істер органында абыройлы еңбек етті. Ол қандай қызметте болса да шалқарлықтарға бүйрегі бұрып, көмек қолдау жасап тұрғандығын атап айтқымыз келеді.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап аудан аумағынан «Бұқара-Орал» магистралды газ құбырының құрылысы жүргізіліп, оған жұмыс бабымен сырттан келуші өзге ұлт өкілдерінің саны артады, артынша Шалқар жерінде ірілі-ұсақты қылмыс саны да көбейе бастайды. Қалыптасқан осы ахуалға байланысты жергілікті ішкі істер бөлімінің кадрлық саны артып, қоғамдық тәртіпті қадағалауға талап күшейеді. 1980 жылдары аталған бөлімге «Газ-51» маркалы көлік берілген.

Ардагерлеріміздің арасындағы жасы үлкені, қазір Шалқар қаласында тұратын 83 жастағы Жақсыбай Кереков ақсақалымыз. Бар ғұмырын ішкі істер саласына арнап, бүгінде полицейлер әулетінің алтын діңгегіне айналған ардагермен тілдессең, аға толқынның өлшеусіз еңбегіне тәнті боласың.

— Мен 1965 жылы Шалқар аудандық ішкі істер бөліміне қатардағы милиция болып жұмысқа орналастым. Үш жылдай кезекші инспекторлық қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққанға дейін криминалды полиция бөлімшесінде  болдым. Криминалды полиция қызметінің атқарар жүгі өте ауыр. Біріншіден, онда жұмыс істейтін қызметкерлер жұмыс  барысындағы құпияны сақтай білу керек, екіншіден олар уақытпен санаспай, еріншектікке салынбай еңбек етулері қажет. Біз кешегі кезеңнің тәрбиесінде болдық, ол кездегі заң бүгінге қарағанда сәл қаталдау еді. 1966 жылы үкіметтен «Бұзақылыққа қарсы жауапкершілікті күшейту туралы» деген заң шықты. Міне, осы заң қолданысқа енген күннен бастап жалпы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы алға басқандай болды. Көшеде бос сенделген адамды көрмейтін болдық. Қылмыс деген атау тіптен жоққа айналды. Кейіннен жастар арасындағы бұзақылық сияқты қылмыстар шыға бастады. Біз күн-түн демей, қызмет істеуге әбден төселдік. Үйімізге бір-екі апта оралмайтын кездеріміз болды. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында қандай қылмыс болмасын ары кетсе бір-екі айдың ішінде ашылатын еді. Менің қызметтік тәжірибемде ең ұзаққа барған қылмыс тоғыз айға созылды. Ол ауыр қылмыс еді, осы қала ішінде түн ортасында орын алған оқиға болды. Түн қараңғысында екі адам бір-бірімен ерегісіп, аяғында біреуі жазым болады. Міне, осы қылмысты ашу бізге оңай соқпады. Дегенмен қасымдағы қызметтестерімнің өзі ісіне деген тиянақтылығының арқасында бұл іске жауапты қылмыскерді тоғыз ай дегенде анықтадық.

Біздер жұмыс істеген кезде қазіргідей техникалық мүмкіндіктер болған жоқ. Аудандық ішкі істер бөлімінде бір ғана көлік болды, оны бастық қана мінетін. Телефон байланысы да нашар еді, — депті, бір сұқбатында Жақсыбай ақсақал. 

Отбасылық еңбек династиясының қалыптасуы әулет имиджін арттырудың игі қадамы екені даусыз. Әулеттегі осындай әдемі сабақтастық ауданымыздың  полиция қызметінің тарихында да бар. «Ата көрген оқ жонар…» демекші, бұл қатарға Кәлкентаев, Қалиев, Кереков, Дәулеталин, Үркімбаев, Шектібаев, Мусин, Наржанов, Маханбетов, Мұздақов, Үсенов, Мұханбетжанов сынды әріптестеріміздің әулеттерін жатқызуға болады. Полиция ардагерлері тағылымды іс-шаралар өткізу мақсатында жиі бас қосады. Бұндай игі қадамдарға Ж.Нағашыбаев, М.Үркімбаев, Т.Жапақ, Б.Қарпықов, И.Ұлмағанбетов, А.Наржанов, А.Елубай, Ж.Жұбанышбаев, Е.Бисенбин, Н.Ақборсықов, Е.Тіржанов, Б.Шадин, Т.Шерипов, Б.Нұрпейісов, А.Мұрсал сынды ардагерлеріміз ылғи да белсенділік танытып отырады.

Темірдей тәртіп те, талап та, қоғамд­ық сананы көтеруге қызмет ететін тәрбие құралы. Тәртіп бар жерде жақсы өмір, тыныштық пен тұрақтылық бар екені ұғынықты.  Ал ел мүддесіне қызмет ететін қандай салада болмасын аға буынның өткен жолы — өскелең ұрпаққа үлгі. Біз  ауданымыздағы полиция бөлімінің өткен жолына көз жүгіртіп, осы салаға бар күш жігерлерін салып, бүгінде алды ақсақалдықтың ауылына ат байлаған ілгері топтағы ардагерлер естеліктерін жүйелеп, ортаға салдық. Алайда қандайда тарих сан алуан пікірлер тоғысымен тереңдейтінін ескерсек, жоғарыда біз келтірген деректер аясында қалың оқырманның алып-қосары болса біз қуана қабылдаймыз.

Қонысбай ДӘУЛЕТАЛИН,

Шалқар аудандық полиция бөлімі ардагерлері ұйымының төрағасы.