БАБАЛАРЫН ҰЛЫҚТАДЫ

9 мамыр — Жеңіс күні ауданымыздың Қопасор елді мекенінде туып-өскен, бұл күнде еліміздің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан азаматтар туған жеріне жиналып, бас қосты. Басты мақсат — Ұлы Отан соғысына аттанып оралмаған, соғыс кезінде тылда еңбек еткен, соғысқа қатысып, елге келгеннен кейін қайтыс болған бабаларға тағзым ету. Сол күні алыс-жақыннан келген қопасорлықтар маңдайына:

Атыңнан айналайын бабаларым,

Текті ғып тұғырымды тағаладың.

Қырандай Қопасордың хас ерлерін,

Ақиқат пен арым деп бағаладым, — деп жазылған ауыл іргесіндегі ескерткіш тақтаның жанына жиналды. Ол тақтаның бетіне Ұлы Отан соғысынан оралмағандардың, соғысқа қатысып, елге оралып қайтыс болғандардың, соғыс кезінде тылда еңбек еткендердің тізімдері мәрмәр тасқа қашалып жазылыпты.

Ардагер-ұстаз Құлыбек Сүйеубаев  бастаған ардагер аға-апалар Ұлы Отан соғысына Қопасордан аттанған жауынгерлердің ерлік жолдары жайында әңгіме өрбітті. Осыннан түлеп ұшқан азаматтар ауылды аралап, балалық шақтарын еске түсіріп, бір-бірімен сағынышпен дидарласты. Елді мекеннің арғы-бергі тарихынан сөз қозғады. Қопасор бұрынғы «Қызыл ту» колхозының ізі. Ал «Қызыл ту» колхозы 1932 жылы ұйымдастырылған «Шимбасат» колхозының негізінде құрылған. Орталығы Қопасорда орталау мектеп, медициналық пункт, монша, клуб, электростанция, радио торабы, байланыс бөлімшесі, интернат, наубайханалар мен дүкендер болған. Колхоздың жалпы жер көлемі 296369 гектарды құраған. Сол жерлердің 7232 гектары егістікке жарамды, 3272 гектары шабындыққа жарамды жер. Ал 96,146 гектары жайылымға жарақты жер болып бөлінген екен.

Бұл ауылдың негізгі кәсібі — мал шаруашылығы, қазір 20-ның үстінде үйі, 1991 жылы салынған 160 орындық мектебі бар. Кезінде ауылдың айнасындай болған іргедегі Қопасор көлінде балықтар тайдай тулапты. Балықшылар жер-жерден артынып-тартынып келеді екен. Кейін су тартылып, сол бір ертегідей күндерді ұмыта бастағанда биыл Қопасор көліне мол су келіп, ауыл тұрғындарын қатты қуанышқа бөледі, үміттері қайта оянды. Жалпы қалауын тапсаң бұл жер қай шаруаға да қолайлы. Сондықтан да болар, қопасорлықтар ауылдың тұрақтылығын сақтау жолында бар мүмкіндікті қарастыруда.

Шараның жалғасы ауылдағы Қызыл ту негізгі мектебі ғимаратында болды. Онда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің академиялық қызмет департаментінің директоры, аға оқытушы Сабырғали Бишекен баяндама жасап, Қопасор ауылынан 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқандар және соғыс кезінде тылда еңбек еткен қопасорлық ер-азаматтар туралы айтты. Баяндамашы соғыс жылдарында Қопасор жерінен 48 ер-азамат соғысқа аттанған, оның ішінде елге аман оралғаны 28, соғыста қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткен 20 деген деректер келтірді. Соғыс кезінде әйел адамдарды есептемегенде, тылда еңбек еткен ер-азаматтар саны 32 болған екен.

Мектептегі жиында өлкетанушы Оңдасын Үсенов сөз алып, елді мекеннің тарихына тоқталды, мектеп мұражайына, шараны ұйымдастырушыларға өз тарапынан сый-сияпаттар тапсырды. Жаңақоныс ауылдық округінің әкімі Манас Қаюпов ауылдың келешегі жөнінде өз ойының жұртшылық пікірімен үндесетінін жеткізді. Жиын барысында ауыл маңындағы тарихи жерлерді сақтау, шұрайлы жерлерді тиімді пайдалану, ауыл мектебіндегі оқушылар санын азайтпау сөз болды.

Ауыл мектебінің көркемөнерпаздары туған жерін аңсап келген қонақтарға шағын концерттік бағдарламасын ұсынды. Көрермендер 2-сынып оқушысы Еркежан Қалденнің салған «Қазақстан» әніне, 5-6 сынып оқушыларының «Катюша» әніне, билеген биіне қол соқты. Аудандық Мәдениет үйінің әншілері қопасорлық Айбар Жұмабаев пен Таңнұрым Бақытжанның және Гүлсана Қалмағанбетқызының өнерлеріне тәнті болды.

Бір күнге ұласқан шара ауыл іргесінде тігілген үлкен үйде берілген аста қорытындыланды. Осы шараны ұйымдастырушылардың бірі, еңбек ардагері Құрал Мусин:

— Тарих өткенімен тағылымды. Бұндай шара жастарға керек. Қазір жер-жерде әрбір ауылдың перзенттері туған жерлеріне жиналып, ізгілікті істер жасауда. Біз, қопасорлықтар бар күш-жігерімізбен туған жер топырағының гүлденуі, ауылдың тұрақтылығы үшін осы мақсатқа қызмет істеуге баршаңызды шақырамын, — деді.

Осындай ортақ мәселелерді шешуді ауылына келіп, кеңесіп, бір-бірімен араға жылдар салып жүздескен қопасорлықтар үшін бұл күн естен кетпес жәйттерге толы болды. Және қызметпен абырой биігіне көтерілген азаматтар ауылмен байла-ныстың ешқашан үзілмейтінін жеткізді.

Қ. ӘЛИН.

Суретте: меймандар Тоқпан мавзолейі басында