Елімізде басталған «Таза Қазақстан» акциясының төртінші аптасы — «Өнегелі ұрпақ» деп аталады. Аталған апталық аясында ақтөбеліктер ардагерлердің аулаларын тазартып, абаттандыруға үлес қосып жатыр. Тазалық шараларына қатысқан ата-әжелердің көбі өздерімен бірге немерелерін де алып шыққан.
Бүгін Ақтөбе қаласы мен облыстың барлық аудандарында тазалық акциясы өтіп жатыр. Қолдарына кетпен-күрегін ұстаған ақтөбеліктер Мәңгілік алау, «Бауырластар зираты» маңы мен тарихи-мәдени ескерткіштер жанын қоқыстан тазартуда. Сондай-ақ барлық әлеуметтік нысандар мен Орталық стадион маңында көшет егіп, ағаштарды әктейді.
Хромтау моноқаласының тұрғындары Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Иванович Грецкий тұратын үйдің айналасын тазартуды өз міндеттеріне алған. Акцияға майдангердің өзі де қатысады деп күтілуде.
Ал Қарғалы ауданындағы «Қасқыр сарқырамасы» аумағында «Біз таза Қазақстан үшін!» атты флешмоб өтеді.