«ТОЙОТА» АЛҒАН АЛҒАШҚЫ ШОПАН

Жастайынан аяғы үзеңгіден босамай қайратты шағын ат үстінде өткізген ілгерідегі шопандарымыздың еңбегін қалай айтсақ та жарасады. Кешегі кезде «Сарыбұлақ» кеңшарының отар қойын шашау шығармай бағып, бертінде оның ізінен жеке шаруашылық құрып, табандылығымен еңбектің торысы атанғандардың бірі — Сағынғазы Төлебаев. Оның әкесі Төлебай  Балдосов байырғы ұжымшардың тұсындағы  белді малшылардың бірі болыпты. Әкенің еңбектегі дара жолын айғақтайтын құжаттарды Сағынғазы ақсақал әлі күнге дейін көзінің қарашығындай қорғап, сақтап жүр. Солардың ішіндегі 1955 жылы Мәскеуден берілген «Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Жданов атындағы колхоздың аға шопаны Төлебай Балдосов 1954 жылғы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы Көрмесінің  қатысушысы және медальмен марапатталды» делінген куәлік оған айрықша көрінеді. Өйткені ол сол жылы Күлпаш анамызбен ғұмыр жарастырып, небары 17 жасында әкесі Төлебайдан Шопан ата таяғын өзіне аманат етіп алады. Балдаурен шақтағы заманның қоңырқай лебімен ерте есейген жас жігіт қайраты қайтқанша қой бақты. Ізінен ерген балаларын да осы ата кәсіпке баулып, әрқайсысының өмірлік жолын ашып, бір-бір отауға айналдырды. Оның ондаған жылдар бойы отар қойын өргізіп, ұзатып жайған өрісі — берекелі Аяққұм өңірі. Атадан балаға жалғасқан киелі кәсіпті бүгінде «Төсқора» қыстауында бала-келіні Амандық пен Жәнила жалғастырып отыр.

Өмірінің басым бөлігі өткен осы қыстақ — қарияның қасиетті мекені саналады. Аудан орталығынан ара-тұра осында келіп, алпыс жылдай ат үстінде жүріп, мал баққан қырат белесіне көз тігіп, сағынышын басып қайтады. Ол қосағы Күлпаш анамыз екеуі шопандықтың бар бейнетін арқалай жүріп, зейнетіне де кенелді. Кезінде жыл сайын өтетін шопандар слетінде Сағынғазы Төлебаевтың еңбегі биік мінбелерден айтылып, мерейі артып отырған. «Бұның барлығы әке аманатына адалдығымыз бен азғантай еңбегі-міздің жемісі шығар» деп өткен жолына тәубе етеді ақсақал.

Ол еңбек озаты ретінде кезінде Алматыда өткен Қазақстан Коммунистік партиясының ХVI съезіне делегат ретінде  қатысқан. Шалқар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сматолла Беркімбаев бастап барған сол сапардағы еңбек адамдарына көрсетілген сый-құрметті ардагер әлі күнге дейін зор ықыласпен әңгімелейді. Ата кәсіпті ардақ тұтқан қария  1971 жылы сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Журиннің қолы қойылған «Облыстың таңдаулы шопаны» атағын алған. Оның сыртында ол «Қазақ КСР ауылшаруашылығының еңбегі сіңген қызметкері» атағы, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері.

2018 жылы ұрпақтары әке туралы «Аяққұмның ақтаңгері» деген кітап құрастырып шығарыпты. Сол еңбекке ұзақ жылдар ауылшаруашылығы саласында жауапты қызметтер атқарған еңбек ардагері, Шалқар ауданының Құрметті азаматы Аманжол Аязбаев: «…Кейбір шопандар секілді Сәкең қой баққанда аяғын баспайтын жаман шабан торыларға мінген жоқ. Себебі, бұл кісінің талғамы бөлек, өресі өзгеше. Ол кісіге тапал атқа мініп жүрудің өзі жараспайтындай көрінетін біздерге. Әрі атбегілігі бар адам ондайға тіпті жолай ма?! Сондықтан біз Сәкең дегенде, оның жұлқынып тұрған жүйрік ат үстіндегі айбарлы қалпында көзімізге елестететінбіз. Біз білетінде ол қашаннан астына мінген атын баптап жүргені және таңдап көліктің тәуірін мінеді» деп, алды кең жайлау ағасына інілік ілтипатын білдіріпті.

Осы оймақтай оң пікірдің соңғы тіркесінен қарт шопанның тағы бір табандылық қасиетін тарқатуға болады. Егемендікке алғаш қол жеткізген 1992 жылдары жаңа көлік сатып алу қай ортада жұртты таңырқатар тосын қадам еді. Дәл осы тоқырау тұсында ол адал еңбегімен алыстағы Аяққұмына су жаңа «Toyota Corolla» маркалы шетел көлігін мініп келіп, бір бүйірдегі ауылдың да  дүниенің озығына ұмтылуға  хақысы бар екенін көрсетті. Бұл жерде біз кейіпкердің жиған-тергенін таразылау емес, шалғайдағы малшының жаңашылдыққа ұмтылысын, ақ адал еңбекпен өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді саусаң, өрге озуға болатын өнегесін айтқымыз келді.

Күнделікті өмірін дала төсінде өткізген Сағынғазы ақсақал бүгінде өмірлік серігі, «Алтын алқа» иегері Күлпаш ана екеуі Шалқар қаласында тұрады. Ертең Ұлыстың Ұлы күні атақты шопан бұйырса сексен алты жасының көжесін бастап ішеді. Алланың берген ғұмырын өз ақыл-парасаттарымен өрген ардақты ақсақал мен асыл анаға ең бастысы — бала-шағаларының амандық-саулығы, еліміздің береке-бірлігі мен тыныштығы әрдайым маңызды.

 М. БОҚАН.