АҚПАНДАҒЫ ҚЫЗЫЛ СУ

Ақпан айының басында табиғат тосын мінез танытып, еліміздің әр аймағында тұрақсыз ауа райы сақталғаны баршаға аян. Облысымыздың басым бөлігінде қарлы боран соғып, автокөлік жолдары жабылды. Бұндай қолайсыз ауа-райы Шалқар өлкесін де сырт айналып өтпеді. Аудан аумағында анау айтқандай дүлей боран болмаса да 8-9 ақпан күндері күн күрт жылынып, қала бойынша бірқатар тұрғын үйлерге еріген қар суынан қауіп төнді. Жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері шұғыл қимылдап, бұл қатердің алдын алуға бекінді. Осындай сын сағаттарда аудан әкімі Жанболат Жидеханов өзі бас болып, әлеуметтік желі арқылы тікелей байланысқа шығып, тұрғындарды сабырлыққа шақырды.

Қыс ортасында жайылған судың қарқынына қарсы жасалған жұмыстар барысын бізге аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Әнуар Уахитов мәлімдеді. 8 ақпан күні сағат жергілікті 19.00-ден бастап қала көшелерінде еріген қар суы жиналуына байланысты 112 телефон нөміріне 2 көшеден су сору, құм төгу қажеттілігі бойынша хабарламалар түседі. Сол сәттен бастап, жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері  жиналған суды алу жұмыстарына кіріседі. Бірлесіп атқарылған жұмыстар нәтижесінде 150 текше метр су сорылып, 220 тонна инерттік материалдар төгілген.  Осы жұмыстарға барлығы 15 адам, 6 техника, 2 мотопомпа және 1 су таситын техника жұмылдырылады.

9 ақпан күні ертеңгілік жергілікті сағат 9.00-ден бастап,  ауа райының күрт жылынуына  орай қала көшелеріне ері-ген қар суы жиналып, жергілікті әкімшілікте арнайы штаб құрылып, 112 және 23-7-73 телефон нөмірлеріне қала ішіндегі 40 көшеден су алу және құм төгу қажеттілігі бойынша хабарламалар түседі. Осыған орай төтенше жағдайлар және №7 өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері мен 2 техника, 1 мотопомпа жұмылдырылып, 838  текше метр суалынады. Жергілікті әкімдік те арнайы су таситын техникаларды жұмылдырып 448 куб.м суды тысқа шығарады. Бұл жұмыстар сол күнгі түнгі сағат 23.50-ге дейін жалғасқан.

Шетырғыз ауылдық округінің орталығы Қаратоғай ауылындағы Айтасов және Маманов көшелеріндегі тұрғын үйлерге қауіп төндірген қар суының да беті қайтарылған. Ауыл ішіндегі бұл жұмыстарға Қаратоғай өрт сөндіру бекетінің жұмысшылары қатысқан.

Осы күндері аудандық маңызы бар Шалқар-Ембі тас жолының аудан орталығына таяу тұсына тұрып қалған үлкен жүк көліктерінің сапарын одан әрі жалғастыру үшін көмектер көрсетілген. Осы ретте тұрғындарға жергілікті төтенше жағдайлар бөлімі мына жәйттерді ескертеді.

— Табиғат мінезін ешкім алдын ала болжай алмайды, дегенмен де қандай да болады-ау деген қауіпке дайын болуымыз қажет. Бұл біріншіден жеке бастың жауапкер-шілігіне де байланысты. Азаматтық қорғау қызметкерлері қаладағы суға кету қаупі бар жеке үйлерді аралап, аулаларындағы үйілген қарларды шығару қажеттігін ұдайы айтып келеміз. Алайда бұл талаптар толығымен әлі күнге дейін орындалмай отыр. Қала ішіндегі арықтарға тұрғындардың салғырттықпен тастаған қоқыстары суды ағызарда кедергі келтіргенін айта кеткеніміз жөн.Ылди жерлерге су толып, үйлерге қауіп төнген кезде құмға тапсырыс берушілер көбейеді. Бұл дұрыс қадам, алайда осындай қысылтаяң сәтте негізсіз шағым айтып, ауласына құм төктіріп алғысы келетіндер де бар. Ал бұларға не деуге болады!?

Сондықтан да шын мұқтажға уақыт тапшы болып жатқан сәттерде біз нақты ақпаратқа қарай әрекет етеміз.  Қыс мезгілі әлі аяқталған жоқ, көктем алда, сондықтанда босаңсуға болмайды. Жоғарыда айтқан ескертулерді әр тұрғын үй иесі мықтап қаперге алғаны жөн, — дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әнуар Жақсылықұлы.

Қала әкімдігі қарғын суды тоқтату жұмыстарына қол ұшын бергендерге, соның ішінде өздерінің қуатты техникаларымен көмектескен Жаңабай Исенбаев, Темірлан Ахметов, Медет Сатыбалды, Бегімбет Рахманов, Сағыныш Көшетов, Мадияр Көшетов сынды жекелей азаматтарға алғысын айтады.

Еріген қар суынан сақтану баршамызға ортақ іс. Көктем мезгілі таяп келеді, алаңсыз отыруға болмайды. Ауласын су алу қаупі бар тұрғындар қарды дер кезінде шығарып, алдын ала қамданғаны абзал.

М.БОҚАН.