ҚОЛЫ ЕПТІ ЕРДОС

Аудан орталығы мен Бегімбет ауылы аралығына тегіс жол түскелі  осы бағыттарға қатынайтын жеңіл көліктер қатары да күрт көбейіп келеді. Және жол бойындағы ауылдарда да автокөліктер саны өскен. Мәселен 135 түтіні бар Байқадам ауылының өзінде қазір әрбір үйге бір-бір жеңіл көліктен келеді. Енді осы ауылдарда техникалық қызмет көрсету орталықтарының қажеттілігі туындауда.

 Ауыл тұрғыны Ердос Ізтілеуов сол  сұранысты орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасымен 3 млн. 400 мың теңге несие рәсімдеп, техникалық қызмет көрсету орталығын ашуда. Бүгінде ол ауыл ішінен жалпы көлемі 15х5 шаршы метр болатын көлік жөндеу ғимаратын салып қойыпты. Енді ішкі ұсақ жұмыстары мен  техниканы оңдауға  қажетті құрал-жабдықтарды әкеліп орналастыру ісі қалып тұр.

— Ердос Темірханұлы ауылымыздың тәжірибелі электригі. Біз оған «қолыңнан іс келетін жігітсің» деп, үнемі сенім артамыз. Зайыбы Әсемгүл Аязбаева осындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Екеуі де еңбекқор жандар, әсіресе Ердос кез келген темір тұлпарлардың тілін табады. Сондықтан да байқадамдықтар оны «темірден түйін түйген, қолы епті жігіт» деп  атайды.

Ауылымыздан техникалық қызмет көрсету орталығының ашылатынына бәріміз де қуаныштымыз, бұл кәсіптің болашағы да бар. Өйткені іргемізден асфальт жол өтіп жатыр, келешекте ауқымды Шалқар — Бейнеу жолы түседі деп күтілуде. Көлік қатынасы көбейген жерде техникалық қызмет көрсету орталықтарының болуы заңдылық, — дейді Есет Көтібарұлы ауылдық округінің әкімі Мирамғали Кенжалин.

Жастайынан үйінен теледидар, т.б. тұрмыстық заттарды жөндеуден бастап, автокөліктердің моторларын да ашып жинауды  меңгеріп алған Ердостың жаңа кәсібіне біз де сәттілік тіледік.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.