Поэзияны жаны сүйген теміржолшы болатын      

Қатардағы теміржолшы бола жүріп, қалам қарымымен поэзияға жанымен берілген таланттар да болады. Солардың қатарына жерлесіміз Зиядин Әбдуәлиевті жатқызуға болар еді. Зиядин ақын Ырғыз ауданына қарасты Шеңбертал ауылында дүниеге келіп, жастайынан өмірдің ауыртпашылығына тап болып, қатал тағдырға мойымай есейеді. Ата-анадан ерте айырылған ол сегіз жылдық білімімен Шалқар теміржол училищесіне оқуға түсіп, қалаған мамандығын алып, осындағы теміржол торабында қарапайым жұмысшыдан еңбек жолын бастап, аға конструктор, тепловоз машинисінің көмекшісі, тепловоз машинисі болып табан аудармастан 38 жыл еңбек етеді. 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шыққаннан бергі кезеңде жыр әлеміне ынта-шынтасымен кірісіп, бірқатар мақалалар мен очерктер жазып, республикалық, облыстық, аудандық газеттер беттерінде есімі әйгіленеді.

   Қара сөзден маржан түзіп, жүрек түкпіріндегі нәзік сезімдерді жырмен өрнектейтін ардагер ақын 1999 жылы «Шұғылалы Шалқар», 2002 жылы «Асыл арым — қазынам», 2006 жылы «Жомарт жүрек» атты жыр жинақтарын шығарды.

Отты жырларымен артына өшпес із тастап, 2012 жылдың 22 наурызында 81 жасында өмірден өткен З.Әбдуәлиевтің есімі қай кезде де сөз өнерін қадірлейтін қауымның жадынан өшкен емес. Оның ішінде ұлттық руханиятымыздың темірқазығы саналатын жергілікті кітапханалар сөресінен арда ақынымыздың жыр жинақтары түспейді.

№2 қалалық кітапхана мен «Қазақ тілі қоғамы» аудандық ұйымының бірлесе ұйымдастыруымен сөз зергері Зиядан ақынды еске алуға арналған «Асыл жырым — қазынам» атты әдеби-сазды кеш өтті. Бұл шараға ақынның ұрпақтары мен жырсүйер қауым, мектеп оқушылары қатысты.

Ақынның туған жері Ырғыз өңірінің Шеңберталы болса, ал ес біліп, етек жинап, мәнді ғұмыр кешкен ортасы — шежірелі Шалқар топырағы. Осы екі өңір ақын жырларының негізгі арқауына айналады. Кеште мектеп оқушылары ақынның «Шеңбертал», «Сарышолақпен сырласу», «Қатардан асқан қайраттым», «Дана бабам», «Өшпеген жалын», «Депода еңбек думаны», т.б. өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Насамбаева студент кезінде жергілікті ақын Зиядан Әбдуәлиевтің шығармашылығы төңірегінде курстық жұмыс жазып, онымен тығыз байланыс орнатқандығын, бұл еңбегі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі оқытушылары тарапынан да жоғары бағаланғанын, ақынның ризашылықпен берген батасымен талай істе жолының оң болғандығын мақтанышпен жеткізді. Аудандық «Шалқар» газетінің редакторы Мұхтар Мырзалин жергілікті ақындарды көзі тірісінде құрметтеп, жас ұрпаққа кеңірек насихаттай білсек екен деген ой айтты. Шалқарлық ақын Ғалия Мұстафина мен Зиядиннің шығармашылық байланысы, өзара сыйластығы жөнінде ақынның жолдасы Алпысбай ағай: «менің өмірімнің ең әдемі сәттері ақындар ортасында өтті», деп өнегелі естеліктер өрбітті. Ақынның отбасындағы әкелік тәлім-тағылымын ұлы Амангелді ағай баяндаса, келіні Жұмагүл қайын атасының өнегелі өсиеттерін әрдайым өзіне өмірлік бағдар тұтатындығын айтты. Кеш барысында ән мен жырдан шашу шашылып, ақынның сөзіне жазылған әндер де орындалды.

Қорытынды сөзді «Қазақ тілі қоғамы» аудандық ұйымының төрайымы Шолпан Мұқанова алып, әдеби-сазды кеште белсенділік танытқан барлық оқушыларды марапаттап, сый-сияпаттар табыстады. Кітапханашы Сыражан Сәрсенбаева Зиядин ақынның шығармашылығына арналған кітап көрмесімен таныстырып, барша қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан шынайы алғысын білдірді.

М. БОҚАН.