Республика күніне орай №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ардагерлер арасында шахмат пен дойбыдан біріншілік өтті. Бұл шараға аудан әкімі Жанболат Жидеханов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепберген, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев қатысты.
Шахмат пен дойбы ойынына икемді ардагерлеріміз жарыс алаңына ертемен жиналып, бір-бірімен қауқылдасып, жүлделі болуларына сәттілік тіледі. Жарысқа қатысушы үлкендеріміздің арасында ақ жаулықты аналарымыз да бар.
— Ардагерлерімізді әрдайым жүздерін жадыраңқы күйде көру — бәріміз үшін де мәртебе. Республика күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып жатқан әрбір шаралар сіздердің құрметтеріңізге арналады. Өйткені сіздер екі дәуірді көріп, егемендігіміздің қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірдіңіздер. Өздеріңізге қандай да құрмет пен ілтипат жасалса да артық етпейді, — деп оларға сәттілік тіледі.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепберген өлкемізде ақсақалдардың талап-тілегі назардан түспейтіндігін айта келіп, қандай да қоғамдық іс-шараларда олардың белсенділігі жоғары екендігін сөз етті. Жас ұрпақтың ұлттық тәрбиесіне, салт-дәстүрімізден алыстамай, рухани тәрбиеге сусындап өсуіне ардагерлер қауымының ақыл-кеңесі ауадай қажет екендігі айтылды.
Кең де жарық залда ала тақта үстінде өткен ойлылар сайысында дойбыдан бірінші орынды Аманғос Айтбаев, екінші орынды Шора Тлеужанов, үшінші орынды Салжан Отарбаева жеңіп алды.
Шахмат жарысы бойынша бірінші орынға Қадір Құлетов лайықты деп танылды. Екінші орынды Қию Індібаев, үшінші орынды Есенгелді Бекмағанбетов иеленді.
Қорытындысында жүлделі орындарға ие болған ардагерлерге сый-сияпаттар салтанатты түрде табысталды.
М.БОҚАН.