Мейірім — жүрек кілті

25 қазан — Республика күніне орай және «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында №1 мектеп-гимназиясында «Жүректің кілті — мейірім» атты қайырымдылық концерті өтті.

Алдымен сөз алған мектеп директоры Мұхтар Оңғаров  қайырымдылық жасау халқымыздың бойында бар асыл қасиет екенін айтып, игілікті шараларға демеушілік жасап жүрген ата-аналарды өз атынан Алғыс хаттармен марапаттады.

Ауданның білім бөлімінің бас маманы Дидара Ақмалай «Мектепке жол» акциясы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, «Жақсылық жаса!» ұранымен бастау алған осы акцияға үлесін қосқан аудандағы бөлім, мекеме басшыларын, кәсіпкерлерді және көмек қолын созған жомарт жандарды аталған бөлім басшысы Қази Жұмахановтың атынан Алғыс хаттарды табыс етті.

Бұдан соң мектеп оқушылары өздерінің қолымен жасаған бұйымдарын аукционға қойып, шараға келген меймандар қолөнер туындыларын бастапқы бағасынан жоғары бағаға сатып алып жатты. Сондай-ақ Шалқар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Нұрсәуле Қоблашева өз атынан 50 оқушыға оқу құралдар жиынтығын мектеп әкімшілігіне табыстады.

Қайырымдылық концертте жас өрендер адамдарды мейірімді болуға үндейтін  сахналық қойылым мен «Мейірім — жүректе» атты  бейнероликті ұсынды. Сонымен қатар Ерасыл Төлеуберген, Әлинұр Арманұлы, Сұңқар Қаналин, Бекет Оралбай Н.Тілендиевтің «Әлқисса», Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйлерін күмбірлетсе, «Нұршашу» тобы мың бұрала би билеп, Мансұр Алғазин «Жақсылық жасап жарысайықшы», Жанат Серік, Нұрқанат Мұқамбетжанов «Наша мечта», Дария Ақпанова «Ерке қыз», Исламбек Таңатаров «Қазақтай ел қайда?», Нұрдана Әбдікәми анасы Динара Имановамен «Ана мен қыз», Таңатаровтар отбасы орындаған «Ана мен бала» әндері шараға жиналған көпшіліктің жүрегіне жылулық ұялатып, естен кетпестей ерекше әсер сыйлады.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ.