САЛ МҰХИТ ЖҮРГЕН ЖОЛДАРМЕН

10 қазан күні ауданымызға Батысқазақстандық дәстүрлі әнші, мәдениет қайраткері Сағадат Рахметжанов бастаған «Мұхит жүрген жолдармен» атты шағын ғылыми-тарихи-сазды экспедиция келіп, Сары Батақұлы атындағы  шалқар аудандық мәдениет үйінде бір топ өнерсүйер қауыммен кездесті.

Кездесуде С. Рахметжанов:

— Бұл көптен ойымызда жүрген жоба еді. Бұл сапардың негізгі мақсаты — әйгілі әнші Мұхит сал жүріп өткен жерлермен жүре отырып, ел ішіндегі көнекөз қарттардан, өлкетанушы азаматтардан Мұхит сал туралы құнды дерек жинау. Барған жерімізде сол өңірдің зиялы қауымымен кездесіп, әншінің өнері мен әндерінің шығу тарихымен таныстырып, дәріс-концертімізді ұсынамыз. Сонымен қатар сол өлкедегі Мұхит мектебінің әншілерімен танысып, тәжірибе алмасу ойымызда бар, — деді.

Сонымен бірге, «Мұхит Мералиев» атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сағадат Рахметжанов экспедиция екі апта ішінде Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды облыстарында болып, сапар 15 қазан күні Астана қаласында аяқталатынын айтты. Топ құрамында республикалық байқаулардың жүлдегері, жас әнші Нұралы Айтуғанов, жергілікті «Aqjaiyq» телеарнасының операторы бар. Сапардың нәтижесінде деректі фильм, жинақ кітап шығару жоспарланған.

— Біз Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы, Саралжын ауылдық округінде жатқан Мұхит Мералыұлының кесенесіне зиярат етіп, осы үлкен сапарға аттандық.

Сал Мұхит — батысқазақстандық ән мектебін қалыптастырған әйгілі әнші екенін білеміз ғой. Сондықтан еліміздің батыс облыстарын түгел аралаймыз. Ал Қарағанды облысындағы Қарқаралы өңірін кіргізген себебіміз — Мұхит бабамыз кезінде осы жерде өткен Қоянды жәрмеңкесіне де қатысып, Ақан сері, Біржан салдармен кездесіп, бірге ән салған екен, — деді әнші. Сағадат Рахметжанов осы сапарға қолдау білдірген облыс басшыларына рахметін айтты.

Мұхит баба осы өңірді шарлап, Шалқар жеріне келіп, одан Түркістанға барып, сол жерде 1905 жылы өткен қазақтардың құрылтайына қатысыпты. Содан кейін жоғарыда айтқан Қоянды жәрмеңкесіне аттанып, сонда Ақан сері, Біржан салдармен кездесіп, ән сайысына түскен. Және жәрмеңкеде «Қазақтың мың әнін» жинап, нотаға түсірген, музыка зерттеушісі Александр Затаевичпен жолығып, сол жерде «Үш жүзден ән асырған Мұхит сал» деген атақ алғаны айтылды. Және сол жәрмеңкеде А. Затаевич Мұхит бабаға «Қазақтың баяны» деген де атақ берген екен. «Міне, біз бүгін Мұхит сал салған жолмен келе жатырмыз» деді Сағадат Рахметжанов.

Кездесу барысында жиналғандарға Мұхит Мералыұлының өмір жолы, шығармашылығы жөнінде баяндалған сюжеттер көрсетілді. Елімізге белгілі әншілердің орындауларындағы сал Мұхиттың әндері тыңдалды.

Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Ақбақай деген жерде дүниеге келген Мұхит жастайынан әнге әуес болып, атақты әншілермен жанасып, ел аралап, жәрмеңкелерде болып, есімі елге жайылады, өзінің әншілік мектебін қалыптастырады. Өз жанынан әндер шығарады, кең диапазонды «Дүние-ай», «Зәуреш», «Паң көйлек», «Қыпшақ», «Дөң асқан», «Кербез» т.б. әндері халық көңілінен шығады. Кездесуде Мұхит сал әндерін саф күйінде осы күнге жеткізген Ғарифолла Құрманғалиевтің еңбегі де баса айтылды. Дәстүрлі әнші Сағадат Рахметжанов экспедицияның бір мақсаты — Мұхит салдың әншілік өнерін зерттеп, зерделеп, оны классикалық дәрежеге дейін көтеру екенін айтты.

Жергілікті өлкетанушы Самат Әлжанов қазір «Тілеу-Қабақ» әнін Сарышолақ шайырдікі деп жүргендерге келіспейтінін, өйткені әнбасы Мұхитқа тән домбыраның сағасынан  алып басталатынын тілге тиек етті.

Бұл дәйекке дәстүрлі әнші С.Рахметжанов та келісетінін айтты. Себебі, Мұхит Тілеу-Қабақ аталығы мекендеген Шалқар жеріне аяқ басқан, құрмет көрген және Мұхит сал өзі келіп, көңілі біткен жерге ән шығарып кететін өнерпаз болған.

Еңбек ардагері Нұрлан Майкөпов бала кезінде Ғарифолла Құрманғалиевтің Шалқар өлкесіне келіп, ән шырқағанын еске алды. «Әлі әндері құлағымнан кетпейді, бейнесі де есімде. Бірақ, қазір сол атақты әншіні қаралаған материалдар баспасөздерде жарық көріп қалады. Сондайларға тыйым болу керек» деген ой айтты.

Кездесу барысында дәстүрлі әнші Сағадат Рахметжанов, Батыс Қазақстан филармониясының жас әншісі Нұралы Айтуғанов домбырамен сал Мұхиттың әндерін әуелетіп, тыңдармандардың ықыласына бөленді.

 Қ. ӘЛИН, «Шалқар».