ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ЖАРАСТЫҒЫ

Ұрпағына алып бәйтеректей сая болған қазыналы қарттарымыз хақында айтылар әңігменің қашан да мәні бөлек. Шетырғыз ауылдық округінің орталығы Қаратоғай ауылының жасы үлкендері — Ахмедулла-Несібелі Елеукеновтер ғұмыр жарастығы жарты ғасырдан асып, «Гауһар» тойдан өтіп, бүгінде абыздықтың асқаралы шыңына көз тігіп отыр. Балаң жігіт пен қызғалдақ ғұмыр кезінде қол ұстасқан екі жүректің әлі күнге дейін дамылсыз соғуының сыры — сыйластық пен пейілдің кеңдігінде жатыр екен. Бұла шақтарында ұлы сезімнің білтесін тұтатып, әулет тамырын тереңге жайған қарттардан алар тәлім мол.
Жалпы Елеукеновтер — Шалқар өңіріне өсіп-өнген, өнегелі әулет ретінде жақсы мәлім. Есімі ел жадына сіңген әулет бастауындағы Елеукен ата балаларына адал еңбектің ғана дара жолын көрсетіпті. Кейіпкерім Ахмедулла ақсақалдың айтуынша, әкесі Елеукен қаршадайынан Қошабай деген ауқатты адамның малын бағып, жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалайды.Табиғатпен сырласып, алдағы жауын-шашынның мөлшерін, жердің ылғалдығын болжайтын бойындағы айрықша қасиеті — келешегіне жол ашып отырады. Ала жаздай жаңбыр дәметіп, ыстығы бет қарпитын Борсық құмының баурайына тарыны бітік шығару — о заманда осы Елеукен сынды ептілердің ғана қолынан келіпті.
Оның осындай жанкешті еңбегі ескерусіз қалмайды. Шалқардың тірі шежірешісі атанған байырғы журналист Тілеужан Шойғарин кезінде жергілікті басылымға «Құмға салды сабанды, көшпеске қылды амалды — Елеукен…» деп, басталатын өлең жазған екен. «Газеттің өзі — бір күндік, сөзі — мың күндік» деген бар. Бүгінде сексен бес жастың белдеуін ұстаған баласы Ахмедулланың есінде қалғаны да осы екі жол өлең. Алайда бұл Елеукеновтер әулеті үшін тағылымды тіркес, ата болмысын айғақтаған құнды сөз.
— Кіндігім осы ауданға қарасты Қосқақ деген жерде қиылды. Ағаш үйде оқып, жеті кластық білім алдық. Мен ес білгенде әке-шешем Шалқардың маңындағы Жомарт көлінің жанында отырды. Елеукен әкем осы жерде тары егуді кәсіп етті. Жылда жер аяғы кеңісімен ол қара жерді баптап, үнемі тыста жүретін-ді. Жомарт көлінің суы ол кезде мол, балығы тайдай тулап, жағалай қамысы мен құрағы жайқалып жатушы еді. Көктем шыға құстары қиқулаған бұндағы табиғат ананың таңғажайып көрінісін көрудың өзі бір ғанибет. Оған таяу орналасқан Қопасор көлінің де ажары бөлек. Балалық шағымыз осы жерлерде өткендіктен балауса жанарымыз көрген сол бір керемет құбылыстарды әлі күнге дейін ұмыта алмайсың. Біздің бала кезіміз қоңырқай тірлікпен өтті. Мал қарасы аз, әрбір үйге 3 гектар жерден береді, соған дән салып күн көресің. Он шақты адам жабылып, сол бекітіп берген жерді қол күрекпен жыртады. Тұқым қолмен себіліп, қол атпамен суарылады. Қол атпа дегеніміз, көлемі табақтай, іші шұңғыл ыдыс, соған су толтырып, екі адам екі жағынан ұстап су тасиды. Кейіннен бұның жеңілдетілген түрі — шығырмен суару шықты. Әкем осы жұмыстардың барлығын атқарды. Біз осыларды көрдік, әке-шешемізге қолғабыс етіп, қара жұмыспен ерте ширықтық,— дейді Ахмедулла ақсақал.
1951 жылдың желтоқсан айында Үкіметтің арнайы қаулысымен еліміздің батыс аймағындағы колхоздарды Оңтүстік Қазақстан облысының мақта егетін аудандарына қоныс аудару тапсырмасы күшіне енеді. Осы қаулының пәрменімен Шалқар өлкесіндегі Шетырғыз аумағынан 7 колхоз еліміздің оңтүс-тігіндегі Мақтаарал ауданына қоныс аударады. Осы тұста Ұлықұмның бойына егін салудан аты шығып келе жатқан Елеукен әкейдің отбасын Шетырғызға көшіруге тура келеді. Бұндағы мақсат — егіншілік кәсіпті өзен суы мол — Шетырғыз жақтан да жандандыру. Қыс қаһарына қарамастан олар құм етегіндегі Жаңақоныс ауылынан осында ат-түйемен 15 күн жүріп, көшіп келген екен.
— Бізге жаңа мекенге үйренісіп кету, басында оңай болмады. Бұған дейін құмның бойында тұрғандықтан, оның етегіндегі қураған жиде мен ағаш бұталарын тасып, отын ретінде пайдалана беруші едік. Мына жақтан ондай жұлып әкеле қоятын отын таба алмай қатты қиналдық. Ол кезеңде малдың тезегі де тапшы, көмір дегенге қол жеткізу тіптен қиын. Бар отынды тамақ пісіруге пайдаланып, үнемдеп, алғашқы қыстан да өттік. Бұнда келгесін әкем егіншілік кәсібіне білек түре кіріскенімен қолы жүре қоймады, салған жерінен ойлағанындай өнім ала алмады. Содан шөп шауып, мал азығын әзірлеу жұмысына бет бұрды.
— Біз көшіп келген жылдары Шетырғыз колхозында техника деген атауымен жоқ еді. 1957 жылдың 3 қаңтары күні Орынбасар Ақжанов деген басқарма басшысы менің жаныма ауылдың екі жігітін қосып, Шахты елді мекенінен бір шынжыр табанды, екі «Беларусь» тракторын алып келуге жұмсады. Біз Шахтаға жетісімен техникаларымызды дайындап, кешкілік қайта жолға шықтық. Жолай боран соғып, жол кедергісіне тап болдық. Қазіргідей қосымша жылытқыш құралдары жоқ, аяғымызға жұқа саптама етік киген біз, үсіп кетудің аз-ақ алдында қалдық. Трактордың мұздай тізгіні саусақ қариды, кабина іші ұлып тұр. Сау-сағымыз илікпей қалған кезде трактордан түсіп, мотордан шыққан ыссы мөржені ұстап, қолымызды жылытып, қайта жүреміз. Осылай түсіп-мініп, ауылымызға түн жарымында жеткен едік.
Содан бастап ұзақ жыл трактор жүргіздім, ұжымшар мен кеңшардың барлық жұмыстарына жастық жігермен араластық. Кейінгі он бес жылдай уақытымды бригадирлікке арнадым. Шүкір, осы еңбектерімнің жемісі болар, бірқатар сый-сияпаттарға да ие болдым. Кеудемдегі екі «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Құрмет белгісі», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарым соның дәлелі. Еңбектегі озаттығым үшін екі мәрте «Урал» мотоциклін міндім, — дейді ардагер өткен күндерге ризашылықпен.
Ақсақалдың өмірлік серігі Несібелі әжеміздің қазір жасы 82-де. «Алтын алқа» иегері атанған кейуана Қаратоғай ауылының батыс беткейіндегі Талдықұм ауылының тумасы. Әкесі Базарбай II Дүниежүзілік соғысына аттанып, елге оралмаған. Анасы Өрік қызына әкесінің жоқтығын білдіртпей, тәрбиелеп өсіреді. Несібелі әжеміз отағасы Ахмедулламен алғаш танысқан сәтін ұмытпапты.
— Бірде қыс мезгілінде трактор жүргізу курсын оқуға аудан орталығына бара жатқан Шетырғыздың соқталдай сегіз жігіті жолай біздің үйге келіп қонды. Ертеңгісін мына кісі етпетінен жатып, кербездікке салынып, ұйқысынан оянып болмады. Сонда Жайлы есімді жеңгемнің: «Әй, мынау Елеукеннің ұлы емес пе, бір жерің ауырып жатқан жоқ па?» деп, сұрақтың астына алды. Бір кезде ол мені көрді де дереу төсегінен тұрып сыртқа шығып кетті, сол күннен бастап таныстығымыз басталды, — деп, әжеміз жымиып, жастық шақтың сәулелі сәттерінен сыр шертті. Осы тұста Ахмедулла ақсақалда әңгімеге араласып: «Қазіргі техника дамыған кездің өлшемімен қарасақ, Талдықұм ауылы мына тұрған жер ғой. Ат, түйемен қатынайтын ол кезде қалайда бір жолдың ауыртпашылығына кезігесің. Осы кісіні әулетімізге келін етіп алып келуге 1960 жылдың ақпан айында барғанымда далаға түней жаздағаным бар. Шана жегіп шыққан жалғыз атым жолда шаршап, жүрмей қалды. Қасымдағы серіктерім: «Атты қасқыр жеп кетер, қарауылдай тұр», — деп, мені қалдырып, өздері жаяулата жөнелді. Қақаған қыстың ортасы, содан бес, алты сағат дегенде Үсенғазы деген ағам келіп, мені құтқарды. Қазір бұл әңгімелеріміздің бәрі ертегі сияқты. Өйткені бүгінгі заман ол кездің айырмашылығы жер мен көктей. Адамгершілік қасиетті аласартпай, өскелең буын мына бейбіт заманның қадірін білу керек, — деп кеңесін айтты.

Алпыс үш жыл қол ұстасып бірге келе жатқан ардагерлер талайына тағдыр жазған түрлі сынақтарды да көрді. Өздеріне күш-қуат беріп, айналасының амандығына қуана білетін тұла бойы тұңғыштары — Бейбітінің бұл жалғандағы дәмінің ерте түгесілуі ауыр соқты. Аяулы қыздарын ерте жоғалтқанымен ғұмыр жалғастығы бар, өсіп-өніп келе жатқан жиен немерелер көңілге медет.
Оның ізін қуған бауырлары бүгінде бір-бір әулеттің тірегіне айналып, әр салада абыройлы қызметте жүр. Төрт қызы қазір Алматы қаласында тұрады. Қамарсұлуы техника ғылымдарының кандидаты, «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ ақпараттық ресурстарды қалыптастыру департаментінің директоры, Салтанаты С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінің ғылыми кітапханасының анықтама-библиография бөлімінің меңгерушісі, Айгүлі «Grand Estate Company» жылжымайтын мүлік агенттігінде маман, Назкені «Қазақтелеком» АҚ жобаларды басқару дирекциясы келісім-шарттарды қолдау қызметінің маманы болып сол үлкен шаһарда жұмыс істейді. Ал Ардағы болса, аудан орталығындағы «Қамқор-Локомотив» Шалқар сервисінде, Мұхидулласы Ембі қаласындағы «ҚазГеоруд» серіктестігінде көлік жүргізушісі, Бөлекбайы мал шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкер.
«Әкеге қарап ұл өсер…» демекші, шаңырақтағы осы Бөлекбайы қандай да іске байыппен қарап, ұқсатуға тырысады. Сонау тоқсанышы жылдары кеңшарлардың әбден титығы шыққан техникалары жаппай пайға беріліп, Ахмедулла ақсақалдың үлесіне «Газ-53» жүк көлігінің қаңқасы тиіпті. Бөлекбай тізерлеп келген техниканың кем-кетігін бүтіндеп, бойына «жан» бітіреді. Күні кешегіге дейін соның ауылдың бар шаруасын тындырған құтты көлік болғанын қаратоғайлықтар әлі ұмыта қойған жоқ.
Үйде үлкендерінің бар жағдайын жасап, жағаларына кір шалдырмай, бағып қағып, батасын алып отырған бала-келіні Бөлекбай мен Мейрамгүлдің отбасылық бұлжымайтын бір қағидасы бар. Ол — қазыналы қарттарының ғибратты ғұмыр жарастығынан үлкен өнеге мектебін қалыптастыру. Көнекөздердің бойындағы асыл қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіру. Қарияларын сыйлап, төбесіне көтерген ұрпақтан қасиет пен кие де айналып өтпесі анық.
Мұхтар МЫРЗАЛИН.