Қыркүйек айының екінші жексенбісі — Отбасы күніне орай қаламыздағы «Анаға тағзым» орталығының дәстүр залында аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен аудандық Аналар кеңесі және аудандық жастар ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Отбасы — ынтымақ ошағы» тақырыбында салтанатты жиын өтті.
Алдымен аудан әкімі Жанболат Жидеханов шараға қатысушыларды Отбасы күнімен құттықтады.
— Баршаңызды күздің молшылығымен бірге келген жарқын мереке — Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ халқы үшін отбасы — қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі осы отбасында қалыптасады. Бұл талайды қанаттандырып, талай адамға алтын бесік болған киелі шаңырақ.
Дана халқымызда «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейтін ұлағатты сөз бар. Әрқашан отбасы институтының ең басты міндеті — салауатты ұрпақ тәрбиелеу, аға буынның үлгі-өнегесі мен жақсы қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру. Ата-ана баланы адал, қайырымды, ел мен жерге қызмет ететін отансүйгіш, білімді әрі еңбекқор етіп тәрбиелеу керек. Әрбір ата-ана өз отбасының болашағына және ұрпақ тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қарауы қажет.
Осындай қуанышты күні баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, шынайы бақыт тілеймін. Әр үйде бақ қонып, қыдыр дарып, қуаныш пен шаттық шалқысын, — деп мерекелік тілегін білдірді.
Аудан басшысы өз атынан «Мерейлі отбасы — 2023» ұлттық байқауының аудандық кезеңіне қатысқан Сисенбиндер отбасын 3-орын, Тіржановтар отбасын 2-орын, Нұрғалиевтер отбасын 1-орын Дипломдарымен марапаттап, сыйлықтар тапсырды. Аталған байқаудың облыстық кезеңінде үздіктер қатарынан көрініп, III орын алған Нұрғалиевтер отбасына және Тіржановтар отбасына облыс әкімі атынан Диплом мен қаржылай Сертификаттар табысталды. Сондай-ақ аудан әкімі 7 отбасыға арнайы марапаттар ұсынды.
— Бүгінгі өткізіліп отырған іс-шарадан мен үлкен әсер алып отырмын. Бейбіт заманда жастық шақта еткен еңбегің еленіп, мерейің өсіп жатса, оның өзі адам баласына үлкен бақыт екен. Қосағым Ақкенже екеуміз кезінде уақытпен санаспай еңбек етіп, бала тәрбиесіне де ден қойған жандармыз. Көп балалы отбасы атандық, шүкір, қазір барлығы өз алдына үй болып, ел қатарлы еңбек етуде. Жастарға айтарым, әрдайым адал жұмыс істеп, үлкендердің ізгілікті жолын жалғап, азамат болуға ұмтылыңыздар. Ол үшін отбасындағы тәрбие дұрыс болуы керек. «Отан отбасынан басталады» демекші, тәрбие мәселесіне бәріміз де жауаптымыз. Осыған қоғам болып ден қойсақ, — деп, тілегін білдірді конкурс жеңімпазы Нұрғалиев Рахат ақсақал.
Осы басқосуда Райжановтар отбасы мен аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бұдан соң аудан әкімі Жанболат Жидеханов аудандық перзентханаға арнайы барып, мереке қарсаңында сәбилі болған аналарды құттықтап, Құттықтау хат пен естелік сыйлықтар тапсырды.
Аудан басшысы өз сөзінде мемлекет тарапынан аналарымызға әрқашанда қолдаулар көрсетіле беретіндігін айтып, жылы лебізін білдірді.
Өз кезегінде аналар осындай сый-құрметтері үшін аудан басшылығына ризашылықтарын жеткізді.
Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».