Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидехановтың ауыл тұрғындарымен кезекті кездесуі Қауылжыр, Мөңке би, Ақтоғай, Бершүгір, Айшуақ, Бозой ауылдық округтерінде өтті. Осы аталған округтерге қарасты барлық елді мекендерде болған кездесулерде жыл басынан бері өлкемізде атқарылған істер мен алға қойылған жоспарлар баяндалды. Ауыл әкімдері алдымен өз округтері бойынша жасалған жұмыстар төңірегінде баяндама жасады.
Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың қатарында ауыз судың сапалылығы, кәріз құбырларын жөндеу, жайылым мәселесі, жол қатынасы, т. б. болды.
Бозой ауылдық округінде болған кездесуде зейнеткер Мерғали Жолаев округ орталығына кіреберіс жолдың нашарлығын алға тартты. Ауыл тұрғыны Тазагүл Қасымова үй жанында тұратын мұнай таситын ірі көліктердің қауіптілігін жеткізді. Сондай-ақ, ауыл маңынан күл-қоқыс төгетін арнайы полигон салу мәселесі көтерілді.
Бершүгір ауылының тұрғыны Серікбай Боранов ауылға газ тарту мәселесін көтерсе, Абдулла Қарабасов жаңадан салынған тас жолмен ауыр көліктердің жүруі жол сапасын төмендетеді деген өтінішін айтты. Осы округ тұрғындарының дәрігерлік амбулаториядан арнайы зертхана ашылса деген ұсыныстары болды.
Есет ауылының тұрғыны Ақсай Бисенбаев ауылға кіреберіс төрт шақырымды құрайтын жолға асфальт төселсе деген тілегін білдірді.
Аудан әкімінің кездесулері қала тұрғындарымен белгіленген кестеге сай жүргізіліп отырды. Аудан орталығындағы кездесу №6 орта мектептің акт залында және аудандық Мәдениет үйінде өтті.
Қала тұрғыны Құттыбай Қалдыбаев қаланың Даму аймағындағы Ә.Жанаманов көшесінің бойындағы кезінде саз алынған шұңқырларды қысқа уақыттың ішінде бітеу қажеттігін жеткізді. Осы кездесуде көл жағасында бос жүрген үйір жылқылардың бақша алқаптарына тигізіп жатқан зияны, қаладағы ауыз су тапшылығы, жол бойына орнатылатын жол жүру белгілерін нақтылау, жергілікті аурухананың жұмысын одан әрі жетілдіру, т.б. ұсыныс-тілектер айтылды.
Аудан әкімі қойылған сауалдардың барлығына жауаптар беріп, елдің ортақ өтініші қашан да назардан тыс қалмайтындығын жеткізді.
Кездесулер соңында бірқатар азаматтар жеке сұрақтары бойынша аудан әкімімен және мекеме, бөлім басшыларының қабылдауында болды. Ауылдық округтер орталықтарында әлеуметтік желі арқылы тікелей эфир ұйымдастырылып, онда қойылған сұрақтардың барлығына жауаптар берілді.
«Шалқар»-ақпарат.