Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес аудан әкімі Ж.Жидеханов 30 мамырдан бастап Жаңақоныс, Е.Көтібарұлы, Тоғыз, Кішіқұм ауылдық округтері тұрғындарымен кездесті. Алдымен жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы аталған округтердің әкімдері қысқаша баяндап өтті. Аудан әкімі алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша өлкемізде атқарылған жұмыстар мен алға қойылған жоспарларды мәлімдеді.
Осы кездесулер барысында тұрғындар тарапынан бірқатар сауалдар қойылды. Мәселен, Қопасор ауылының тұрғындары ауылға ұялы байланыс орнатылса, аққайтымдықтар ауылдың кіре беріс жолына жарық шамдар орнатылса, байқадамдықтар Қорғантұз мектебі ғимаратының төбесіне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Тоғыз ауылдық округі Кеңдала ауылының тұрғындары ауылымызға ауыз су келсе, Тоғыз ауылының тұрғындары мал су ішетін (Мәмбет) деген бөгеттен ұңғыма қазылса, шоқысулықтар станса басынан ауыз су мәселесін шешіп берсе, медпункт салынса, Қарашоқат ауылының тұрғындары да ауыз су, медпункт, ауданға қатынайтын жол мәселелері шешілсе деген сауалдарын ортаға салды. Шілікті ауылының тұрғындары ауылдың қасындағы иесіз бөгетті балансқа алып, жөндеп беруді, Қарашоқат стансасынан Шілікті ауылына дейінгі автомобиль жолдарын тегістеуді, мал су ішетін ұңғыма қазып беруді сұрады. Тағы да басқа көпке ортақ мәселелер айтылды.
Тұрғындар тарапынан көтерілген осы сауалдардың барлығына аудан әкімі жекелей тоқталып, қанағаттанарлық жауаптар берілді.
Жалпы, ауылдардағы барлық кездесулер еркін пікір алысуға ұласты. Аудан басшысы тұрғындарды жекелей де қабылдады. Осы кездесулерге аудан әкімімен бірге бірқатар бөлім басшылары, аудандық мәслихат төрағасы, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Өз тілшімізден.