ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ ЖОЛДАН ӨТКЕН САЗ МЕКТЕБІ

С.Балмағамбетов атындағы кабинет

26 мамыр күні Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы  саз мектебінің 50 жылдық іс-тәжірибесін тарату және рухани-мәдени бағыттағы жұмыс нәтижелерін насихаттау, мектептің бүгінгі және келешектегі тыныс-тіршілігін кеңейту, рухани қажеттілігін айқындау мақсатында «50 жыл — 50 іс-шара» жоспарына сәйкес күйші-композитор, өнер зерттеуші, доцент Сәдуақас Балмағамбетов атындағы кабинеттің салтанатты ашылуы болды. Онда аталған мектептің домбыра класының оқытушысы, қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының доценті, домбырашы, күйші-зерттеуші Мұрат Әбуғазы сөз сөйлеп, бүкіл саналы ғұмырын өзіне дейінгі күйшілерді насихаттаумен өткізген, күй өнерінің қайыспас қара нарындай өз өмірін осы жолға сарп еткен Сәдуақас Балмағамбетовтың өмір және еңбек жолына қысқаша тоқталды. Оның кейінгі ұрпақ үшін Қазанғаптың мол мұрасын шашасына су тигізбей адал да кіршіксіз саф түрінде жеткізгенін айтты.

Кабинеттің ашылу лентасы қиылғаннан кейін көпшілік С.Балмағамбетов туралы жинақталған деректермен, күйшінің кейінгі буынға арналған бай мұрасы — кітаптарымен танысты.

Күй өнері зерделенді

Бұдан соң аудандық Мәдениет үйінде облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы және Қ.Тілепбергенұлы атындағы аудандық Саз мектебінің ұйымдастырумен «Қазанғап мұрасын насихаттау жолдары: музыкалық сауаттылық пен аспаптарда орындау ерекшеліктері» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мақсаты — қазақ халқының атақты күйші-композиторы Қазанғап Тілепбергенұлы мұрасын дәріптеу және сазгер домбырашы С.Балмағамбетовтың күйлерін насихаттау.

Конференцияда аудан әкімі Жанболат Жидеханов сөз сөйледі.

— Ауданымызда өзіндік орны бар іргелі білім ошақтарының бірі саналатын Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің құрылғанына биыл 50 жыл толып отыр. Баршаңызды мерейлі 50 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Қоғамның талғамы әр кезеңде өзгеруі мүмкін, десек те, тағынан түспейтін музыка өнері маңызын ешқашан жоғалтпақ емес. Шалқар қаласында музыка мектебінің алғаш іргетасын қалаушы, жұртшылық жылы қабылдаған әндердің бірі, Шалқардың гимніне айналған «Шалқар вальсінің» авторы Емберген Медіресінұлы Терековтің орны ерекше. Бүгінгі күні шәкірттері мен жерлестеріміз Емберген Медіресінұлын әрқашан құрметпен еске алып, баға жетпес еңбегіне ыстық ықыластары мен зор ризашылығын білдіреді.

Шежірелі Шалқар топырағынан шыққан бала дарын мен дара дарындарды байланыстырып отырған Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебі аталмыш миссиясын қашан да абыроймен атқарып келеді, — деді аудан басшысы. Конференцияға арнайы келген қонақтарға өз атынан Алғыс хаттар табыс-тады.

Одан кейін Қ.Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебінің директоры Г.Үмбетова «Музыка мектебі — рухани-эстетикалық тәрбиенің көзі», ҚР мәдениет қайраткері, күйші-зерттеуші М.Әбуғазы «Сыршыл күйші — Сәдуақас», ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазанғаптанушы Ж.Асылханов «Қазанғап және оның мұраларын жеткізуші Сәдуақас Балмағамбетовтың орындаушылық ерекшеліктері», ҚР мәдениет саласының үздігі, қазанғаптанушы Н.Жанаманов «Қазанғап Тілепбергенұлы — қазаққа ортақ дарын иесі», ҚР мәдениет саласының үздігі Т.Хамзин «Қазанғап күйлерін республика көлеміне алғаш насихаттаушы Жәлекеш Айпақов» тақырыптарында баяндамалар жасады. Онда Қазанғап пен Сәдуақастың рухани байланысы ашылғандай болды. Сәдуақас тартысындағы Қазанғап күйлері айрықша таза, мөлдір бұлақтай екендігі айтылды.

Сонымен бірге  А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің директоры А.Исмағұлов, Қазанғап атындағы Ақтөбе балалар өнер мектебінің  директоры Ж.Құдайбергенов, Ақтөбе қаласының Шығармашылық  академиясының директоры А.Сүлейменов бұл өтілген шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта келіп, Қазанғаптың мұрасын дәріптеу, Сәдуақастың күйлерін насихаттау алдағы уақытта да өз мәнінде жүргізіле беретіндігіне тоқталды.

  «Күмбірлеген күміс күй»

Түс ауа облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен ауданның білім бөлімінің ұйымдастыруымен Саз мектебінде күйші-композитор Сәдуақас Балмағамбетов атындағы «Күмбірлеген күміс күй» атты облыстық күй байқауы өтті.  Мақсаты — Сәдуақас Балмағамбетовтың күй әлеміндегі өзіндік нақышты өрнегін таныту, облыс аумағындағы жас күйшілердің кәсіби деңгейін, күй тарту шеберлігін шыңдау.

Оған Ақтөбе қаласынан, Әйтеке би, Алға, Ырғыз, Мәртөк, Қобда, Байғанин аудандарынан және Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебінен барлығы 17 қатысушы бақтарын сынады. Байқаудың басты ерекшелігі — балаларға қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдардың педагогтері мен оқушылары қатысты.

Облыстық күйшілер байқауына ҚР мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының доценті, домбырашы, күйші-зерттеуші — Мұрат Әбуғазы, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқытушысы, қазанғаптанушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы — Жайлау Асылханов,  Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебінің домбыра класының оқытушысы, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері — Нұрболат Жанаманов, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқытушысы, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның, А.Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары орекстрінің бас концертмейстері, Күйшілер одағы қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі, ҚР мәдениет саласының үздігі — Талап Хамзин, Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясының директоры — Алмас Сүлейменов қазылық етті.

Аталған байқауға қатысушылар шарт бойынша өз таңдауларымен Қазанғаптың 1 күйін және С.Балмағамбетовтың 1 күйін орындап,  домбыра тартудағы шеберліктерін көрсетіп, қазылар алқасының құлақ құрышын қандырып, тәнті етті.

Сайыс қорытындысында бас жүлдені Нұрдәулет Сұлтамұратов, жетекшісі Оразғали Көшімов (Қ.Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебі) жеңіп алды. I орынға Ақжол Елембаев, жетекшісі Қуаныш Нұралиев (№1 Балалар музыка мектебі), Дәулет Түсүлбаев, жетекшісі Әсет Сәтжанұлы (Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі) ие болды. II орынды Ислам Орынбасар, жетекшісі Марғұлан Ахмедияр (Әйтеке би аудандық балалар саз мектебі), Алина Жұбаниязова, жетекшісі Бердіғали Жұмағазиев (Алға балалар өнер мектебі), Нұрдәулет Ормағанбет, жетекшісі Оразғали Көшімов (Қ.Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебі) иеленді. III орынды Айнұр Жақсығарина, жетекшісі Қазына Жұманиязова (Қ.Медетов атындағы Мәртөк балалар өнер мектебі), Нұрқадір Нұржанұлы, жетекшісі Әлихан Біләлов (Қобда аудандық балалар өнер мектебі), Бақдәулет Кітабаев, жетекшісі Қуандық Әйләдір (Б.Тәжібаев атындағы балалар  музыка мектебі) еншіледі. Ал басқа қатысушыларға Алғыс хаттар берілді. Сонымен қатар «Қазанғап атындағы жүлдеге» — Тамерлан Әуденов, жетекшісі Аманқос Табыншаев (Қ.Медетов атындағы Мәртөк балалар өнер мектебі), «С.Балмағамбетов атындағы жүлдеге» — Нұрасыл Нұрғазин, жетекшісі Марғұлан Ахмедияр (Әйтеке би аудандық балалар саз мектебі), «Жәлекеш Айпақов атындағы жүлдеге» — Тұрлан Қайроллин, жетекшісі Думан Бекмырза (Қ.Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебі) ие болды.

 Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебінің оқытушысы, қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов өзінің демеушілігімен барлық қатысушыларға ақшалай Сертификаттарды табыс етті.

Өнер ордасының қорытынды концерті

Аудандық Мәдениет үйінде Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебінің «Өнер ордасына — 50 жыл» атты шығармашылық концерті өтті. Алдымен сөз алған аталған мектептің директоры Гүлбану Үмбетова киелі шаңырақтың 50 жылдығымен құттықтап, осы өнер ордасының жеткен жетістіктерін кеңінен баяндады.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов Қ.Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебінің  50 жылдық мерейтойымен құттықтады.

— Шалқар өңірінде өзіндік тарихы мен бай дәстүрі қалыптасқан, музыка саласындағы өнерлі оқушылар даярлайтын іргелі оқу ордасы жарты ғасырлық белесіне жетті. Осы жылдар ішінде мектеп қабырғасынан қанаттанып ұшқан түлектер бүгінде еліміздің өнері мен мәдениетіне өз үлесін қосып жүрген бірі ұлағатты ұстаз, бірі белгілі өнер жұлдыздары екенін  мақтанышпен айтамыз. Бұл әрине, бұлақ көзін ашқан оқытушылардың еңбегі.

Баршаңызды өнер ордасының мерейлі жылымен құттықтай отырып, толағай табыс, шығармашылық шабыт тілеймін, — деп Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК директоры Раиса Шердің Алғыс хатымен мектептің бірқатар оқытушыларын марапаттады.

Облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының әдіскері Айнұр Нарегеева Қ.Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебінің директоры Гүлбану Ғалимуллақызын облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Жаңылсын Нұрғалиеваның Алғыс хаттарымен марапаттап, Абдулхамит, Сайра Райымбергеновтердің авторлығымен шыққан «Күй төресі Қазанғап» атты кітапты сыйға  тартты.

Осы шараға қатысқан облыстық тарихи-өлкетану музейінің менеджері Сағымбек Ұлықпанов ұжымды мерейтойларымен құттықтап, Саз мектебінің директоры Г.Үмбетоваға музей директоры Мейрам Дүйсенғалидың атынан Құттықтау хаты мен белгілі тарихшы-ғалымдардың әзірлеп шығарған «Ақтөбе облысының киелі географиясы» атты толымды еңбекті табыстап, бұл еңбекте ұлы күйші  Қазанғап туралы жазылғанын, музейдің этнография залында арнайы тапсырыспен алматылық шебер Бақытжан Ділмановтың жасаған Қазанғаптың домбырасының көшірмесі барын айтты.

Ауданның білім бөлімінің бас маманы Лаура Мұрсалова облыстық білім басқармасының басшысы Ж.Сұлтан мен  облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Ж.Нұрғалиеваның Алғыс хаттарын бір топ оқытушыға табыс етіп, білім бөлімінің басшысы Қази Жұмахановтың атынан бірнеше адамды «Үздік белсенді ата-ана», «Үздік ардагер ұстаз», «Үздік сұхбат», «Үздік ерекше жетістік», «Үздік шәкірт», «Үздік орындаушы», «Үздік талант иесі» номинацияларымен марапаттады. Ал аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлсайра Құлекенова қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы А.Мұқашеваның, облыстық кәсіподағының төрайымы Р.Серікованың Құрмет грамотасын және ауданның білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының бірлескен Алғыс хатын Саз мектебінің бірқатар оқытушыларына табыс етті.

Өнер ордасының 50 жылдық мерейтойымен құттықтауға арнайы келген облыс орталығындағы А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің директоры Аманжол Исмағұлов пен Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің директоры Жалғас Құдайбергенов қалалық білім бөлімінің басшысы М.Қосымбаеваның Құттықтау хаты және өз аттарынан Алғыс хаттармен марапаттады.

Салтанатты шара Қ.Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебінің ұжымы мен оқушылары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты. Алдымен аталған мектептің жас ұстаздары өнер ордасы тарихынан сыр шертетін қойылым ұсынса, дәстүрлі ән сыныбының оқытушылары жырдан шашу шашты. «Мұрагер» оқушылар оркестрі, «Кербез қыз» жетігеншілер, сырнайшылар, қобызшылар, үш ішекті аспаптар, «Самғау» домбырашылар, фольклорлық ансамбльдер, вокал класының оқушылары, «Айналайын» балалар хоры, мектептің оқытушыларынан құралған Ахмет Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрі, 50 жылдыққа 50 домбырашылар, сонымен  бірге №5 мектеп-лицейінің бишілер және аудандық Оқушылар сарайының «Салтанат» бишілер топтары өнерлерін көрсетті.

Шараға жиналғандар осы мерекеден естен кетпестей үлкен әсер алып, өнерпаздарды ыстық қошеметке бөледі.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».