«Жайлы мектеп»
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысы қаралды.
«Жайлы мектеп» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленді. Жоба республикадағы 800 мыңнан астам, оның ішінде Ақтөбе облысындағы 17 мыңнан астам оқушының заманауи мектепте білім алуына мүмкіндік береді.
Осы мақсатта өңірде 20 мектеп бой көтереді деп жоспарлануда. Оның 14-і — 2024 жылы, 6-ауы 2025 жылы пайдалануға беріледі. Білім беру нысанының басым бөлігі Ақтөбеде салынады, өйткенімұнда Батыс-2 сияқты жаңа тұрғын үй алаптары бар. Оқушыларға орын тапшы. Сонымен қатар 1 мектеп —Қандыағаш қаласында,4 мектеп ауылдарда бой көтереді. Осылайша Шұбарқұдық ауылында апатты мектеп мәселесі шешіліп, Кеңқияқ ауылындажаңа ғимарат салынады.
Облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының деректеріне сәйкес қазіргі уақытта жобаларды уақтылы іске асыру бойынша шаралар қабылдануда, айтарлықтай түйткілді мәселелер жоқ.
Облыс әкімі әрбір жобаны тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы және белгіленген мерзімде орындалуға тиіс. Әр мектептің мерзімі мен оған жауапты тұлғаларды анықтай отырып, жұмыс кестесін жасаңыздар, — деп тапсырды Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ білім басқармасына жаңа мектептердің кадрлық құрамын қалыптастыруға қатысты жұмыстарды бастау жүктелді.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» жобасы аясында барлық мектеп бірыңғай стандартқа сай салынып, заманауи техникамен жабдықталады. Балаларды дамыту үшін қосымша мүмкіндіктерге ие болады.