«AMANAT» партиясы Шалқар аудандық филиалы ғимаратында аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиналысы өтті. Жиында аудан бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы таныстырылып, оның орындалуына жауапты депутаттар бекітілді.
Қазіргі таңда «AMANAT» партиясының негізгі мақсаты — халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай жұмыс жасап, сайлауалды үгіт-насихат кезіндегі берілген уәделерді жүзеге асыру. Партия еліміздегі ең басты саяси күш ретінде алдағы 5 жылда сайлауалды бағдарламаны орындау жөніндегі Жол картасын толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет, — деді жиынға төрағалық жасаған аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Жарылғасын Шамбалаев.
Сайлау науқаны кезінде сайлаушылардан келіп түскен ұсыныстардың барлығы сайлауалды бағдарламаны орындауға арналған Жол картасына енгізілді. Жиында фракцияның барлық мүшелеріне Жол картасының 63 пункті бөлінді. Алдағы уақытта фракция отырысында Жол картасының орындалу барысы қаралатын болады.
«AMANAT» партиясы Шалқар аудандық филиалы.