ҚАУЫЛЖЫРДАҒЫ НЕМІС ЖІГІТІ  ВИТАЛИЙ ОСТЕР

Туған мекеннің  келбетінен-ақ елдің елдігін, ұйымшылдығын көруге болады. Уақыт ағымымен жаңарып, ауылдарымызда да сәулетті ақшаңқан үйлердің бой көтеруінен — халықтың тұрмыс деңгейін аңғарасың. Бүгінде 244 түтіні бар Қауылжыр ауылында осындай ілгерілеу мен уақыт талабына сай ұмтылыс байқалады. Анадайдан көзге ұратын екі қабатты еңселі  үйге ауылдастары жиі қатынап, иесіне алғысын айтып жатады.

Себебі халыққа қысы-жазы қызмет көрсететін осы үйдегі жайлы моншаның оты бір сөнген емес. Бұл шаңырақтың иесі — неміс ұлтының азаматы Виталий Остер. Қамал алар қырықты ерттеп мінген, ұзын бойлы, ер келбетті Виталийдің салт-дәстүріміздің  қаймағы бұзылмаған Қауылжырда алғашқы жаялығы жуылды. Бүгінде осы ауылдың ат жалынан нық ұстаған  абыройлы азаматтарының  бірі.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында   КСРО Газ өнеркәсібі бас басқармасының бұйрығы негізінде Өзбекстаннан Ресейдің Орал аймағына табиғи газ жеткізу мәселесі қойылып, Бұқара-Орал газ құбыры тартыла бастады. Соның негізінде Шалқар ауданының Бозой ауылына №10, Бегімбет ауылынан №11, Қауылжыр ауылынан №12 газ айдау-сығымдау стансалары салынды. Алып құбырлардың шындығында да адам қолынан шыққандығы, оны салып шыққан жандардың бойындағы қажырлы еңбек пен қайратын бүгінгі өлшеммен бағамдасаң, еріксіз қайран қаласың. Осы қызу еңбектің  ортасында сол шақта өзге ұлт өкілдерінің де қарасы көп еді.  Еңбек майданында құрыштай шыңдалған сол алдыңғы толқынның өкшесін басқандардың бірі — Виталийдің әкесі Валерий Рудольфович болатын. Ол сексенінші жылдардың орта тұсынан бастап   Шалқар өндірістік тораптық газ құбырлары басқармасының №12 газ айдау-сығымдау стансасында инженер болып, жауапты қызметтер атқарды.  Зайыбы Галина Ксенофонтовнаның ұлты орыс. Ол да әр жылдары осы отағасы еңбек еткен кәсіпорынның кадр бөлімінде жемісті еңбек етіп, мамандығы бойынша дәрігерлік қызмет те атқарды.  Екеуі ауыл тірлігіне тез үйренісіп, ел-жұртымен біте қайнасты. Қайда жүрсе де  Валерий аға мен Галина апай қауылжырлық ағайынның жаратылысындағы бауырмалдық пен адамгершілік, ізгілік сынды қасиеттерін  жоғары бағалайды.

— Қазір әке-шешем Мұғалжар ауданына қарасты Қайыңды ауылында тұрады. Әкем кейінгі жылдары сондағы №13 газ айдау-сығымдау стансасында жұмыс істеп,  құрметті еңбек демалысына шықты. Анам осы сала жұмысшыларының күнделікті денсаулығын қадағалайтын «Жәрдем» ЖШС-де бүгінде медбике болып жұмыс істейді. 68 жастағы әкемнің туған жері Мұғалжар ауданының Жұрын ауылы. Анам 1958 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. Оларды өмірде жұмыс барысы табыстырды десем болады, бір-бірімен сол Қайыңдыда кездесіп, отау құрған. Үйдің үлкені мен, өзімнен кейін Александр, Владимир есімді бауырларым бар.

  Біз туылғаннан осы ауылдың ауасын жұтып, тәрбиесін көріп өстік. Ата-анамыз бойымызға қазақы мінезді сіңірді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретті.  Мектепті де қазақша оқыдық. ГКС-12 орта мектебінде алғаш әріп танытып, санауды үйреткен бірінші ұстазым Дания Ізтаева апайдың мейірімді жүзін, шәкірт жүрегін баурар кең құшағын, өзге де ұстаздарымның жақсылығын ешқашан ұмытпаймын, — дейді Виталий.

Жалпы неміс ұлты өкілдерінің қазақ жеріне алғаш келу тарихы да әрқилы, кей деректерде немістер Ресей мемлекетінде пайда болған кезеңнен бастап, біздің ортамызға орныға бастағаны айтылады. Кейіпкерлеріміз Остер әулетінің арғы ата-бабалары Германияда, жақын туыстары бүгінде Ресейде тұрады. Жырақтағы осы ағайын-бауырларымен туыстық қарым-қатынастары үзілмеген.

Виталий Остер Қауылжырдағы орта мектепті бітіргеннен соң, 1998-2001 жылдар аралығында Ақтөбе политехникалық колледжінде, 2016-2018 жылдары облыс орталығындағы Қайнар университетінде оқып, арнаулы, жоғары білім алады. Бүгінде «Транстелеком» АҚ Шалқар байланыс торабында жетекші инженер болып жұмыс істейтін Виталий ұжымына, ауылдастарына сыйлы.  Ол бос уақытында бау-бақша күтімін жасап, қиял шыңындағы таңғажайып көріністі қылқаламымен сурет қылып салғанды, тұрмыстық техникаларды жөндегенді жаны сүйеді.

— Иә, ауылдасымыз Виталийдің техникалық сауаттылығын жоғары бағалаймыз. Әсіресе, тұрмыстық техникалардың, компьютерлік бағдарламалардың тілін жетік біледі. Бастысы көпшіл, жаңашыл қасиеттеріне,  еңбекқорлық болмысына тәнтіміз. Қонақжай, ауылдың қуанышы мен ренішін бөлісіп, елдің ортасында жүреді. Бұқаралық спортты ұстанудағы берік қағидаларын әрдайым жастарға үлгі етеміз. Барлық талаптарға сай жұмыс істеп тұрған монша қызметіне ауылдастар дән риза, — дейді Қауылжыр ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Ержігіт Қазымов.

«Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген қанатты сөз бар. Бұл тіркесті кейде түрлі мағынада қолдана береміз. Алайда түпкі мәнінде жүректің әмірі — ер азаматқа деген сенім тұр. Виталий өмірлік серігін осы туған жерінен таңдады. Қазақтың қаракөз қызы Ғалия Жанатқызының  оған деген сенімі, ұлы сезімдерге ұласып, отау құрып, екеуі Алина, Роман есімді балаларды өмірге әкелді. Ғалия жанұяда балаларына аналық шуағын төге жүріп, бүгінде отағасы қолымен салған моншаның жұмысын жандандырып отырған жеке кәсіпкер.

 — Мен өзімді осы туған ауылымда бақытты сезінемін. Өйткені қазақ халқының барлық салт-дәстүрін, тағылым-тәрбиесін кішкентайымыздан санамызға сіңірдік. Сондықтан да жүрегіміз әрдайым қазақ деп соғады, солай болып қала да бермек, — дейді неміс ұлтының азаматы. 

«Ауылына қарап, азаматын таны» дейді халқымыз. Виталий мен Ғалия туралы айтар ойымыздың беташар сөзін ауыл келбетімен байланыстыруымның түп-төркіні оқырманға енді түсінікті болған шығар…

Мұхтар МЫРЗАЛИН.

Posted Under
Санатталмаған