«АУЫЛ АМАНАТЫНЫҢ» ЖЕҢІЛДІКТЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары М.Досжанов, қала әкімінің орынбасары Е.Құдайсүгіров, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы  аудандық филиалының директоры Б.Анапин, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А.Қорқытұлы аудан орталығындағы  «Қамқор вагон» ЖШС, №8 Шалқар жол дистанциясы, №3 Шалқар сигнализация және байланыс дистанциясы және «Қамқор Локомотив» ЖШС Шалқар сервис орталығының жұмысшы қызметкерлерімен кездесті.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары М.Досжанов «Ауыл аманаты» бағдарламасының жеңілдіктері туралы кеңінен түсіндірді.

— Бұл бағдарламаның игілігін пайдаланушылардың қатары көбейіп келеді. Осы бағдарлама бойынша жеке қосалқы шаруашылықтар 8 625 000, ал ауылшаруашылық кооперативтері 27 600 000 теңгеге дейін несие алуға мүмкіндіктері бар. Жылдық сыйақы мөлшері 2,5%-ды құрайды және 5 жыл мерзімге беріледі, 1 жыл несие демалысы қарастырылған. Бұл бағдарлама бойынша құс, өсімдік, дәстүрлі емес шаруашылық және қайта өңдеу бағытындағы шағын бизнес ашуға болады, — деді ол.

Қала әкімінің орынбасары Е.Құдайсүгіров осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, несие алуға ниеттілер болса, қала әкімшілігі тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетіндігін жеткізді. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры  Б.Анапин кәсіпкерлерді қолдау мақсатында несие алушыларға құжаттарын жинақтауға, бизнес-жоспарларын әзірлеуге, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге және т.б. барлық жағынан көмектер болатындығын айтты.

Жергілікті белсенді жастардан құралған топтар да елді мекендерді аралап, аталған бағдарлама мүмкіндіктерін ауыл жастарына насихаттап жүр.