«ҚАҺАРЛЫ КҮНДЕРДІҢ ТӘТТІ ДӘМІ» КӨРЕРМЕН КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

Ақтөбе қаласында Қазақстанның халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына орай облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Театр — өнердің ұлы көші» атты ХІ республикалық халықтық театрлар фестивалі өтті. 

Оған облысымыздан және еліміздің жеті өңірінен 10 халықтық театр қатысты. Театр ұжымдары Тахауи Ахтановтың шығармалары бойынша қойылымдарды  көрермен назарына ұсынды. Сары Батақұлы атындағы Шалқар аудандық Мәдениет үйі жанындағы халық театры осы республикалық байқауға қатысып, бас жүлдені иеленіп қайтты.

— Фестивальде біз Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романының желісімен «Қаһарлы күндердің тәтті дәмі» атты қойылымды қойдық. 40 минутқа созылған көрініс арқылы сол заманның ақтаңдақ тұсын, сұрапыл соғыстың бет-бейнесін, қараша халықтың арман-мақсатын, сағыныш пен сатқындықты, махаббат пен сенімді көрсетіп, қалың көрермен мен қазылар алқасының жоғары бағасын алдық. Біздің театрдың құрамы қазір жастармен толығып келеді, онда әр саланың мамандары бар. Олардың кәнігі актерлерше ойнап, спектакльді шынайы шығаруы — үлкен еңбекпен келгенін айта кетуіміз қажет. «Қаһарлы күндердің тәтті дәмі» спектаклінің қоюшы режиссері — өзім. Суретшісі Адайбек Дүйсенбаев, музыкамен көркемдеуші Бақытқали Жанықұлов, жарық беруші Нұрлан Ізтаев, реквизиттерді дайындаушы Жантұрсын Ділман. Рөлдерде Нұрғали Сидақов, Айдана Орынбасарова, Ләйлім Есмағанбетова, Әбілмұрат Ілиясов, Жасұлан Сағынтаев, Әсет Оразаев, Асылхан Дәрібаев, Манарбек Сүлейменов, Таңнұрым Бақытжан, Айбар Жұмабаев, Асхат Сұлтановтар ойнады. Киімдерді әзірлеп, грим жасаушы Гүлсана Дәрібаева. «Қаһарлы күндер» романы бойынша инсценировка жасаған Асылхан Дәрібаев. Аты аталған осы әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Бізді қолдаған жергілікті билік өкілдеріне, көңілі көлдей көрермен ықыласына бек ризамыз. Осы наурыз-сәуір айлары аралығында бұл қойылымды алдымен жергілікті көрермендер назарына ұсындық. Аудандық Мәдениет үйінде 8 рет қойылған көріністі шалқарлықтар жылы қабылдады.

Біз осыған дейін де қатарынан 6 рет облыстық фестивальде бас жүлдені жеңіп алдық. Биыл республикалық деңгейде өткізілген сайыста да сол биіктен көріндік,— дейді Шалқар аудандық халық театрының режиссері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Айгүл Муытова.

Фестивальді қорытындылау сәтінде шалқарлық театр ұжымы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың қолынан Диплом, арнайы мүсін және 500 мың теңгенің Сертификатын алды.  

Деректерді сөйлетсек, Шалқар аудандық халықтық театры 1977 жылы аудандық мәдениет үйі жанындағы драма коллективі негізінде қалыптасты. Ұжым құрылған алғашқы жылдары коллектив бірнеше спектакльдерін көрермендерге ұсынған. Көрермен көңілінен шыққан драма ұжымына  Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің 1987  жылғы 30 қазандағы коллегиясының қаулысымен драма коллективіне  «Халық театры» атағы берілген.

2000 жылдан бастап аудандық Мәдениет үйі жанындағы халық театрына  Айгүл Муытова жетекшілік етіп келеді. Шалқар халық театры  облыстық, аймақтық халық театр фестивальдеріндегі бас жүлделерімен қоса «Үздік халық театры» номинациясын жеңіп алған. 2 рет  ІІ орын иеленіп,  3 рет «Үздік режиссер жұмысы», 1 рет «Үздік суретші» жүлдесімен және 1 рет екінші пландағы үздік ер адам рөлімен марапатталған. Қазіргі таңда театр репертуарында Б.Тәжібаевтың «Сал Сары мен Қыз Қосан» (драма), Д. Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» (драма), Ә. Файзуллаевтың «Түнгі көбелек» (трагикомедиясы), Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу» (мелодрама),  Б. Жәкиевтің «Әке тағдыры» (драма), З. Қыстаубаевтың «Аспиранттың ақ шымылдығы» (драма), Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» (лирикалық драма), Сая Қасымбектің «Бала кімдікі» (комедия), Қ. Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» (комедия) атты спектакльдері бар. 

Театр ұжымы келешекте де көркемдігі жоғары жаңа формадағы жақсы қойылымдарымен көрермен көңілінен шыға беретіндеріне сенімді.  

Мұхтар МЫРЗАЛИН.