ӨЗБЕКСТАНДА ӨНЕРІМІЗДІҢ БАҒАЛАНҒАНЫНА ҚУАНДЫҚ

Ақбөпе АУАШОВА: «Мұрагер» оркестрінің жетекшісі, дирижер:

Жақында Өзбекстан республикасының Тәшкент қаласында өткен Халықаралық «Біз бақытты баламыз» байқауына Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы Шалқар аудандық  Саз мектебінің «Мұрагер» оқушылар оркестрі  қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.  Біз осы оркестрдің жетекшісі, «Үздік педагог» төсбелгісінің иегері Ақбөпе Ауашоваға жолығып,  байқау барысына байланысты  бірер сауал қойған едік.

— Ақбөпе Түлкібайқызы, биыл саз мектебі үшін мерейлі де, мерекелі жыл. Жарты ғасыр болған өнер ордасына сіздің де қосып жүрген еңбегіңіз бір төбе. Сіз жалпы ұстаздық жолға қалай келдіңіз, әңгімемізді осыдан бастасақ?

— Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебіне биыл 50 жыл толып отыр. Жарты ғасырлық тарихы бар осынау өнер мектебінің ауданымыздың мәдениеті мен руханиятының дамуына қосқан үлесі зор деп білеміз.

Өзім де осы музыка мектебінің шәкіртімін. Мектеп табалдырығында оқып жүріп, саз мектебінде Райкүл Қойбағарқызы Мұханбедиярдың алғашқы шәкірті атандым. Осы ұстазымның  жол көрсетуімен Ақтөбедегі музыка колледжінде білім алып, домбыра класының мұғалімі, оркестр жетекшісі және дирижері деген мамандықтарды оқып, қызыл дипломмен бітіріп шықтым. Өз білімімді Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетте жалғастырып, кейін өзіме қанат қақтырған осы Саз мектебінде 25 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Сондай-ақ аудандық А.Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрінің жетекшісі әрі дирижерімін.

— Жақында ақжолтай хабар сүйіншілеп, Тәшкент қаласында өткен халықаралық «Біз — бақытты баламыз» байқауынан жүлдемен оралдыңыздар, құтты болсын! Бұл жеңіс қалай келді?

— Көп рақмет! Менің жетекшілік ететін оқушылар оркестрі ақпан айында    Қызылорда қаласында «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Дала сазы» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды және Өзбекстан Республикасының Тәшкент қаласында наурыз айында өтетін «Біз — бақытты баламыз» атты халықаралық байқауға жолдама алған болатынбыз. Сол байқауды ұйымдастырушыларға біздің орындаған шығармамыз ұнады. «Қырғыз елінің әйгілі композиторы Атай Огонбаевтың осы «Маш Ботой» шығармасын алда Тәшкентте де орындаңыздар» деген ұйымдастырушылар тарапынан ұсыныс алдық. Бұл халықаралық байқауға Қазақстаннан 205 оқушы және Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан елдерінен көптеген өнерпаздар қатысты. Өзбекстан мәдениет және туризм министрлігі мен «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен бұл  доданың жастарға берері мол болды.

Өзбекстанда өнеріміз бағаланғанға қатты қуандық, бұл гран-при оқушыларымыздың шығармашылығына берілген үлкен баға деп есептейміз. Шалқар жерінде осындай талантты балалардың өсіп келе жатқаны көңілімізді марқайтады. Бұл жеңіс — саф өнердің жемісі деп есептейміз.

— Осы байқаудан ұстаз ретінде не түйдіңіз? Үлкен додаларда дарынды балаларымыздың жұлдызын жағу үшін бізге әлі не керек деп ойлайсыз?

— Біздің Шалқар — киелі жер. Талай батырлар, ақындар, күйші, композиторлар шыққан. Келешек ұрпақ өз өнеріміздің бағасын біліп, рухани кемел болып өссе екен дейміз. Ол үшін талантты жастарды шығармашыл ортаға тартып, дер уақытында қолдай білуіміз қажет.

«Жаны жақсы ағаның етегін баспа, жолын қу, болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген жақсы сөз бар. Олай болса, жас таланттарды халықаралық деңгейдегі додаларға қатыстырып, еліміздің ұлттық өнерін дәріптеу абзал іс. Бұл ретте сол өрендерді қолдайтын, демеуші болатын жандар табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

— Осы жерде өзіңіз жетекшілік ететін «Мұрагер» оқушылар оркестрінің құрылу тарихын, оркестр құрамына тоқталып, оған оқушылардың қалай енетінін ашып айтсаңыз?

— Мен осы оқу жылынан бастап оқушылар оркестріне жетекшілік етіп келемін. Оркестрге «Мұрагер» деген атауы  қалай берілді дегенге келсек, өткен қыркүйек айында біз республикалық «Жеті өнер» байқауына қатысып, бас жүлдені иелендік. Сол кезде бізден оркестрдің аты сұралды. Сол жерде ойласып, қазағымның ұлттық өнері келешек ұрпаққа мұра болып қалады деген ниетпен «Мұрагер» деп қойдық.

 «Мұрагер» оркестрі қараша айында Ақтөбе қаласында өткен «Ақжелең» атты конкурста да бас жүлдемен марапатталып, алдағы маусым айында Түркістан қаласында өтетін суперфинал халықаралық байқауға жолдама алды. Түркістаннан соң, шетелге шығып қалуымыз да мүмкін.  Оркестр құрамында 25 оқушы бар. Түрлі аспаптар қамтылған домбыра, қобыз, қылқобыз, сазсырнай, шертер, домбыра прима, бас домбыра, сырнай, дауылпаз, тоқылдақ т.б.

— Жылда Саз мектебіне дарынды балалар қалай қабылданады, бұл жерде ата-аналардың белсенділігі бола ма әлде дарынды балаларды өздеріңіз іздеп тауып, шығармашылыққа баулисыздар ма?

— 50 жылдық тарихы бар Саз мектебінде қазіргі таңда 500-ге жуық бала білім алуда. Мектеп табалдырығын бітірушілер де жыл сайын көбейіп келеді. Ол өте қуантарлық жағдай. Демек, Шалқар жұртшылығы балаларын өнерге баулығанды дұрыс деп есептейді. Тамыз айының аяғында біздің мектебімізге көптеген ата-аналар балаларын алып келеді. Осыдан 10-15 жыл бұрын аудан мектептеріне барып, оқушыны өзіміз іздейтінбіз, Аллаға шүкір, қазір бізді іздейтін дәрежеге жеттік.  Кейде той-томалақта, концерттерде жақсы ән айтып тұрған, өнер көрсетіп жатқан баланы көрсек әрине, «бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей,  мектепке өнер үйренуге, білім алуға шақырамыз. «Өнер жұтамас байлық». Сондықтан да қазақтың әрбір қара домалақ баласын өнер үйренуге шақырамын. Және де осы сұхбатты пайдаланып мен мектеп директоры Гүлбану Үмбетова бастаған өнер ұжымын,  өз әріптестерімді 50 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. — Әңгімеңізге рақмет!

Мұхтар МЫРЗАЛИН.