ӘЛІМБАЙ ІЗБАЙДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Облыс журналистикасында айрықша қолтаңбасы қалған аға буын әріптестеріміздің бірі — Әлімбай Ізбай еді. Шұрайлы Шалқар өлкесіндегі  Қорғантұз орта мектебінен білім алған ол  жастайынан сөз маржанын зерделеп, жазу үрдісіне дағдыланады.

Шалғай ауылдағы қара баланың шабытынан туған шағын мақалалар сол кездегі республикалық «Қазақстан пионері», «Ара» журналдарына үздіксіз жарияланып тұрыпты. Қаламға құштарлық, шығармашылық  ізденіске іңкәрлік  мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оның өн бойынан табылады.  Төртінші мүшел жасында мәңгілікке беттеген Әлімбай ағаның ізгі қасиеттерін ауылдастары әрдайым мақтан тұтады.

Шалқар аудандық орталықтандырылған кітапхананың коворкинг залында Байқадам ауылдық кітапханасының кітапханашысы  Сәнімгүл Жұбандықованың өткізген «Жарық еткен жұлдыздай…» атты еске алу кеші  де сол қалам ұстаған ұлына деген ауылдастар құрметінің бір белгісі еді. Ортамызда болғанда  биыл 65 жасқа толатын журналисті еске алу шарасында оның студенттік шағы мен қызмет атқарған кезі, шығармашылығы баяндалды. Өнімді еңбек еткен ортасы — облыстық «Ақтөбе» газетіндегі әріптестерінің естеліктері бейнеролик арқылы көрсетілді. Байқадам ауылынан келген зейнеткер Алтынбек Алдияров, Әлімбай ағаның інілері Әуелбай, Қонысбай мен қарындасы Самалдың әңгімелері оқырман қауымға жақсы әсер қалдырды. Зейнеткер-ұстаз Гүлнар Омарова кластасы Әлімбайдың әзілқой қасиеттеріне тоқталып, 1983 жылдың жазында Мұзбел жайлауында өткен оның үйлену тойына еліміздің «Күлкі корифейі»  атанған Көпен Әмірбек пен әйгілі ақын  Бауыржан Жақып секілді көп достарының келгендігін айтып, өткен күндердің шуақты сәттерінен сыр шертті.  Ауған соғысының ардагері Жексенбай Төлемісовтың  тебіренісінен бауырына деген қимас-тық сезімнің лебі есіп тұрды.

Қорғантұз орта мектебі оқушыларынан құрылған «Шабыт» домбырашылар ансамблі ән-күй әуелетіп, журналистің жинақтарынан сатиралық шығармалар оқыды.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақытгүл  Жақсыбаева: «Әлімбай Ізбай шығармаларын насихаттауды келешекте дәстүрлі шараға айналдыруымыз қажет», деген жақсы ойын айтты. Әлімбайдың  әлеміне үңілген кеште осындай ізгілікті бастамалар көтерілгені бәрімізді қуантты.

                           Мұхтар МЫРЗАЛИН.