ҚАЗАҚТЫҢ ӘР БАЛАСЫ КӨКПАР ТАРТСА ҚАНЕКЕЙ…

Жылтыр ауылының тұрғыны Алтай Сүйеубаев Ұлттық спорттың көкпар ойынын жанына серік еткен ағаларымыздың бірі. Осы ойын бойынша ол талай тартысты додаларға түсіп, еліміздің Ұлттық спорт қауымдастығынан алған марапаттары бір төбе. Білекті де намысты жігіт қазір көкпарға жастарды баулып жүр. Аядай ауылда жүріп дәстүрлі ойынның өміршеңдігін жастарға дәріптеп жүрген Алтай ағаға жолығып, әңгімелескен едік.

Алтай аға, сұхбатымызды өзіңізді таныстырудан бастасақ деймін…

— Рақмет. Мен Шалқар ауданына қарасты Жылтыр ауылында дүниеге келдім. Ауылдағы Төлтай Шанов атындағы орта мектепті аяқтағаннан кейін,  облыс орталығындағы оқу орнындарының біріне түсіп, дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын иелендім. Қазіргі таңда Ақтөбе Ұлттық спорт мектебінің Шалқар аудандық филиалында көкпардан жаттықтырушымын. Марқұм әкем Мұздыбай кезінде «Жаңажол» кооперативінің қойшысы болды. Анам Ұмсынай қазір 85 жаста, ұрпақтарына батасын беріп, жан-жақтың амандығын тілеп, шаңырақтың ұйытқысы болып отыр. Өзім туралы бейнелеп бір сөзбен айтсам, ауылдың атқа мініп өскен қара баласымын.

Көкпарға қалай келдіңіз?

— Ең бірінші аударыспақ спортымен айналыстым. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алға ауданының Бестамақ ауылында аударыспақтан жарысқа шығып, алғаш рет 1-ші орынды жеңіп алдым. Содан Ақтөбедегі ат спорты мектебінің жігіттерімен танысып, аймақта аударыспақты дамытуға үлес қостық. Республикалық деңгейдегі сайыстарда бағымызды сынадық. Көбінесе аударыспақтан жекелей жарыстарға шығып жүрдім. Менің негізгі сүйікті спортым — бокс болатын. Шалқардан тұңғыш боксты ашқан, сол кездегі Т.Шанов атындағы орта мектебінің директоры Қайырғали Назаров ағамыз еді. Ең алғашқы көкпар командасы да аудан бойынша біздің ауылымызда қолға алынды. Ауылымыздың сол кездегі әкімі Қойшыбек Әминов, мектебіміздің директоры Қайырғали Назаровтың қолдауларымен команда жиналды. Олардың өздері де ойнады. 2008 жылы ауыл-аймақ бас қосқан аудандық көкпарда 1-орынды жеңіп алдық. Уақыт ағымымен көкпар тартуға қызығушылығымыз арта түсті, сөйтіп жүріп 2015 жылы нақты командаға қол жеткіздік. 2018 жылы оған «Әлім ата» көкпар командасы деп айдар тақтық.

— Команданың аты қалай қойылып еді?

— Ол кезде біреу команданы «Қайрат» болсын десе, екіншісі «Намыс» деп атайық деп жатты. Бәріміз Кіші жүздің ұлдары болған соң, бір шаңырақтың баласындай сезілсін деп, «Әлім ата» деген атауды мен ұсынған едім.

— Көкпар ойынының теориясы мен практикасын алғаш қайдан үйрендіңіздер?

— Облыстық №13 жасөспірімдерді  даярлау мектебінің бұрыннан ойнап келе жатқан тренерлерімен араласу арқылы  біраз нәрсені үйреніп білдік. Кітаптар алып оқып, жарыстарға қатысып, тәжірибе жинадық. Шалқар топырағынан шыққан Данияр Қобландин есімді ұлттық спортқа жанашыр азаматымыз бар. Жігіттерге демеушілік жасап, бізді Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу курстарына қатыстырды. Жамбыл, Шымкент аймақтарына да біздің балалар барып, тәжірибе жинақтады. Көкпар негізінен осы спортқа әбден машықтанған аттармен ойналады. Даниярымыз сондай аттар алып беріп қолдау білдірді. Хамит Баймашев, Мырзабек Қанат есімді азаматтарымыздың да қолдауларын сезіндік.

—Сіздің тұлпар танитыныңызға күмәніміз жоқ. Шабандоздың аты қандай болу керек?

—Қазір жарысқа әкелініп жатқан аттар көбінесе таза қазақы жылқылардың тұқымы емес. Өйткені көкпар алаңына бітімі бөлек аттар таңдалады. Мысалы, оңтүстік өңірлерде аттарды даярлауда үлкен жұмыстар атқарылады. Біз сол оңтүстіктен, Қырғыз, Ресей, Қалмақия мемлекетінен аламыз. Мәселен, Қырғыз елінде көкпар қарқынды дамуда, қолдауы да мықты. Бізде футболды қалай қолдаса, олар көкпарға солай жәрдемдеседі. Дегенмен алдағы күндерден үмітіміз мол, қазір жылқы тұқымының сапасына көп көңіл бөлінуде. Негізі көкпар ойынына қатыстырылатын аттар миллион теңгеден төмен сатылмайды.

— Мұндай қаражатты кім бөледі?

— Осы уақытқа дейін өзімнің қалтамнан шығарып келемін. Менің таза қазақы Сұлу есімді тұлпарым бар. Ол мені бүкіл Қазақстанға әйгіледі. Чемпионатта бір салғанда 10 салым салады. Облыстағы әрбір көкпаршы таниды. Тфә-тфә! Ауылға үлкен жеңіс әкелген сәйгүлігім ғой…

— Есімі қандай әдемі. Бұл атты қайдан алдыңыз?

— 2008 жылы көкпар ойнап жүрген кезімізде бір жас бала құлын ертіп келді. Нағыз ауылдан шыққаны көрініп тұрды. Сатам дегесін, бірден сатып алып, баптадым. Еңбегіме қарай, нәтижесін көрсетті.

— Асау жылқыларды қалай үйретесіз?

— Қазақ ат үстінде өскен ел ғой. Бәрі қанда болады деп ойлаймын. Атты баптау да еңбек. Ең бірінші күйін келтіреміз, ойындарға салып үйретеміз. Үстіндегі жігіттің мінезіне қарай сезіп шабады. Жерден серке алатын кезде баяулайды, қарама-қарсы ат келсе тоқтайды.

— Көкпарға салынатын серкенің салмағы 80 келі болатыны рас па?

— Ол рас, бірақ, ретіне қарай тартылады. 14-17 жас көкпаршыға 15-20 келі, орта топқа 20-25, ересектерге 25-35 келі тартатын серкелер тасталады. Сіз айтып отырған салмақ жаппай көкпарларда болады. Мысалы, біреу ас немесе садақа береді. Сондайда команда көп болады. Той иесі топтарды сынағысы келсе, 60-80 келілік серкені тастайды. Бұндай жәйт оңтүстік өңірлерде жиі кездеседі. Көбінесе тез аяқталсын деп 30 келі тастайды ғой. Көкпарды қарулы жігіттер ойнайтындықтан, олар ауыр болмайды.

— Бұрын ойыншылар серкені өз ауылдарына тартып кетеді екен. Қай ауылға түссе, сонда береке кіреді деп сенген. Ал қазір «ұлттық ойынды футболдың тұжырымымен ойнап жүр» дейді мәдениеттанушылар…

— Иә, айтуың орынды. Футболда қақпа, көкпарда шеңбер. Қырғыздар да қазандыққа салады. Жігіттер ауылдарына тартып кетсе, халық сахнаға қарай алмайды ғой. Бұл негізі қума көкпар ғой. Көбінесе ол Алматы жағында ойналады.

Әр ойыннан соң, жігіттер «серкені біздің үйге тастаңызшы» деп өтініп жатады. Ондайларға «келесі ойынға серке тастаңыз» дейміз біз. Жарыстан келгенде  баласына қалап сый сұрайтындар болады. «Ізіңді бассын» деп ырымдап атқа мінеді, арнайылап тұсау кестіреді. 

— Шәкірт тәрбиелеуде қандай қиындықтар кездеседі?

— Бізге  ата-аналар хабарласып, баласын әкеліп жатады. Ат спорты — өте ауыр. Теріс әдеттерден бойды аулақ ұстау қажет. Сырттан балалар келсе, үйімізге қондырамыз. Мектептерге көкпарды дәріптеуге сұхбаттарға шақырады. Кенжелеп дамып келе жатқан бұл өнерге құлшынған жастар өте көп, бірақ осыны түсініп демейтін үлкендер аздау.

— Ат спортының денсаулыққа пайдасы да зор ғой…

— Әрине. Ер болмаса, жайдақ жүріс атқа жауыр түсіруі мүмкін. Ал ат ыстығының денсаулыққа пайдасы зор. Қазіргі ұрпақтың барлығы ат үстінде өткен бабаларымыздан тараған ғой. Атпен үш шақырым жерді айналып келсеңіз, ас ішпегендей боласыз, ауыр мініп, жеңіл түсесіз. Ер адамдарға пайдасы көп. Иппотерапияны дамытатын кез келді. Осыны көпшілік орталарда жиі айтып та жүрмін. Көкпар ойынының арғы тегі жауынгерліктен шыққан. Жауда жарақаттанып қалған жауынгерді топ арасынан алып қашу. Аттан түсіп, мінгізіп жатпайды ғой кескілескен ұрыста. Шауып барып, қолынан ұстап алдына мінгізіп әкетеді.

Көкпар деген нағыз тартысты ойын. Ер бала тез үйреніседі, ат үстінде білегі мен тақымы қатаяды.

— Көкпарға деген қызығушылығыңызды отбасыңыз қолдай ма?

— Әрине, барлығы менің тілеушім. Анамның «құлыным» деп еркелеткеніне мәз болып қаламын. Ауыл балалары кейде қорадағы атыма жем-шөбін беріп, көмектесіп жатады. Аулама емін-еркін кіріп шығып жүрген шәкірттерімді өз ұлымдай көремін. Үйде көп болмағандықтан, кейде әйелім қорадағы аттарымды жайлай береді. Отбасың қолдамаса, ісің оңға баспайды. Үш ұлым, бір қызым бар. Балаларым бокспен айналысады, көкпар, садақ спортына қызығады. Үй ішінде жастықты тақымға қысып алып, көкпар ойнайды. Екі жастағы қызым садағын сүйреп жүреді. Бала көргенін істейді деген осы шығар.

— Арманыңыз бар ма?

— Армансыз адам бола ма?! Ұлттық спорттың барлық түрін қолдауды күшейту керек деп ойлаймын. Өйткені біздің рухымыз сонысымен де биік. Садақ ату, көкпар, аударыспақ сынды ұлттық ойындар қоғамнан оқшау қалмаса екен. Қазақтың осындай ойындары — тек Наурыз мерекесінде ғана емес, былайғы күндері де неге еске жиі түсірмеске?! Қазақ деген атымыз болғанымызбен, кейде дәстүр-іміз көрінбей жатады. Қамшыны тек беташарда іздемей, әр шаңырақтың төрінде тұрғанын қалаймын. Мысалы, өзбек төртбұрышты тебетейін, қырғыз ағайын айыр қалпағын тастамайды ғой. Сондықтан үйірмелердің түр-түрін ашып, жастарды қазақилыққа қазірден тәрбиелеуіміз қажет. Арманым — қазақтың бар баласы көкпар ойнаса деймін.

— Аға, әңгімеңізге рахмет!

Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика мамандығының 2-курс студенті.

№8 орта мектебінің 2021 жылғы түлегі.