«АУЫЛ АМАНАТЫНА» артылатын үміт көп

Ауылдық округ тұрғындарын жұмыспен қамтуды ұлғайту және еңбек табысын арттыруды көздеген және кәсіп ашқысы келетін ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» атты жоба облысымызда іске қосылды. Бұл — Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қолға алынған бастама. «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылдан 2025 жылға дейін қолданыста болады. Аталған жобаны барлық өңірде іске асыру үшін бюджеттен несиелер бөлу көзделіп отыр.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауданнан 12 ауылдық округ және  қаладан барлығы 1491,2 млн. теңгені құрайтын 399 жоба қатысады деп жоспарлануда. Жоба аясында 2,5 %-дық жеңілдетілген несие қаражатына қол жеткізу, ауыл халқының табысын, әл-ауқатын арттыру жөнінде халыққа кең көлемде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күнге 101 жоба бойынша тиісті құжаттар жинақталуда, 59 жобаның кепілдік мүліктері бағалауға жіберілген болса, 42 жобаның кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік құжаттары толықтай бағалаудан өтті. Ал 50 жобаның бизнес-жоспары жасақталуда. 27 жобаның құжаттары несие беруші ұйым «Ақтөбе» ӘКК-ның қарауында жатыр. 3 жоба құжаттары толықтай дайын, оның ішінде жылыжай ашу үшін «Greenhouse Shalkar» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі — 18,0 млн. теңге және «Атамекен 2020» ауылшаруашылық өндірістік ко-оперативі — 20,9 млн. теңгеге жылыжай мен гидропоника арқылы өсімдік шаруашылығын дамыту мақсатында құжаттары мақұлданды. 

Пилоттық жоба ауыл шаруашылығымен қатар, шағын және орта бизнестің дамуына да ықпал береді. Жоба нәтижесінде атаулы көмек алатындар саны 13,5 пайызға, тұрақты жұмыстары жоқ адамдар 11,1 пайызға төмендейді. Жобаға қатысатын отбасылардың табысы 204,0 мың теңгеден 232,8 мың теңгеге дейін, яғни 114,1 пайызға артады деп күтілуде.

Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі үйлер кепілдікке алынады. Кепілге тігілген үйлерінің бағаланған құнының 70 пайызы көлемінде несие алуларына болады.

– Несие мерзімі — 5 жыл, несие төлеу уақытына жеңілдік кезең 1 жылға дейін қарастырылған;

– Номиналды сыйақы мөлшерлемесі —  жылдық 2,5 пайыз;

Жобаға қатысушылар:

– ауыл шаруашылығы саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілері қатысады (қарыз алушының жасы зейнет жасынан аспауға тиіс);

Несиелеудің максималды сомасы:

– жеке кәсіпкерлер үшін — 8625000 тг;

– ауылшаруашылық кооперативтер үшін – 27600000 тг.

Берілетін салалары:

– Өсімдік шаруашылығы (бау-бақша егу, жылыжай, жеміс-жидек өсіру, т.б.);

– Құс шаруашылығы (қаз, үйрек, тауық, т.б. өсіру);

– Дәстүрлі емес шаруашылық (сүтті бағыттағы ешкі, бөдене, қоян өсіру);

– Қайта өңдеу, шағын және орта бизнесті дамыту (ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу).

Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл — өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл — үлкен мүмкіндік.

Тауарлық несие беру шарттары

Тауарлық несие дегеніміз — қарыз алушыларға болашақ төлін өтеу жолымен қайтарымды негізде қарыз берушінің есебінен берілетін ауыл шаруашылығы жануарлары. Бұл жерде ақша жүрмейді. Несие тек тауар (төрт түлік мал) түрінде беріледі. Тауарлық несие алған адам алынған төлімен қайтарады, яғни алынған тауардан (малдардан) жыл сайын төлмен (жыл сайын алынған төлден 50%-дан аспайтын) қайтару жолымен тауарлық несиеге ақы төлейді.

Тауарлық несие мынадай шарттармен беріледі:

1) мақсатты пайдалануға және алын-ған төлден қарыз берушіге қайтаруға, 7 жылдан аспайтын мерзімге (жыл сайын алынған төлден 50%-дан аспайтын). Бұл ретте, қарыз алушы тауарлық несиені қарыз берушімен келісім бойынша өзара тиімді шарттармен мерзімінен бұрын   өтеуге құқылы;

 2) тауарлық несиенің нысаналы мақсаты — мал басын өсіру және ұлғайту;

3) тауарлық несиені өтеу бойынша жеңілдікті кезең — 12 (он екі) айдан аспайды;

4) тауарлық кредит беру үшін ең аз мал басы:

– ІҚМ аналық мал басы 5 бастан бастап;

– Қой аналығы 20 бастан бастап;

– Биелер 5 бастан бастап.

Тауарлық несие бойынша ауданда бүгінгі күнге 5 жеке қосалқы шаруашылық барлығы 60 бас МІҚ малын «Нұралы» шаруа қожалығы арқылы алды.  Бүгінгі күнге 1  жеке қосалқы шаруашылық 200 бас ҰМҚ малын алу мақсатында жұмыстар жүргізуде. Аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларды қолдау мақсатында аудандағы әлеуеті жоғары шаруашылық басшыларына тауарлық несие беру үшін ұсыныстар жасалуда. Тауарлық несие беруге аудандағы ірі шаруашылықтарды шақырамыз. Бұл жерде тауарлық несие алушы да, несие беруші де ұтылмайды.

«Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан «Ауыл аманаты» бағдарламасына кеңес беретін бөлме ашылды. Осы кеңседе бөлімнің мамандары, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мамандары кеңес алушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар «Халық» ЖШС жылжымайтын мүлік бағалаушысы аудан тұрғындарының жылжымайтын мүліктерін бағалау үшін үздіксіз жұмыс жасауда. «Ауыл аманаты» қоғамдық қорынан мамандар келіп ауыл әкімдеріне және кәсіпкерлерге кеңес беруде. «Ауыл аманаты» кеңсесінде бизнес жоспар жасауға көмектер беріледі. Сол себепті аудан тұрғындарын «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алып өз кәсібін ашуға, әл-ауқатын жақсарту үшін табыс табудың жаңа мүмкіндіктерін жіберіп алмауға шақырамыз.

Несие алуға ниеттілер «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Шалқар аудандық филиалынан (Шалқар қаласы, Әйтеке би көшесі №67, тел: 49-2-90,) аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен (Әйтеке би көшесі №47 «а», аудандық әкімшілік ғимараты, 111-кабинет, тел: 22-7-72) және ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар ауылдық округ әкімдіктерінен осы бағдарлама бойынша толық мәліметтер мен кеңестер, қажетті дайындайтын құжаттар тізбесін ала алады. Сонымен қатар «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Шалқар аудандық филиалы мамандары мен ауылдық округ әкімдігі мамандары «Еgov»-тан алынатын құжаттарды алуларына көмек береді. Ол үшін несие алушы жеке электрондық қолтаңбасын алып барулары қажет.

Марғұлан ДОСЖАНОВ,

аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары.