«ҚАЛАМ ӨРНЕГІ» 

Аудандық «Шалқар» газетінде ұзақ жылдар қызмет істеп, жетекшілік еткен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қыдыралы Әлиннің 63 мерейлі жасқа толуына орай жарыққа шыққан «Қалам өрнегі» атты кітабының тұсаукесері өтті.    

Аудан орталығындағы «Анаға тағзым» ғимаратының коворкинг залында аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен шараға Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Алмас Елбосынов, «Хабар-сервис» ЖШС баспаханасының директоры Жанболат Жұбанов және облысымыздағы аудандық газеттердің редакторлары мен журналистер қатысты.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Қаниятов құттықтау сөз сөйлеп, журналист Қыдыралы Жақсыбайұлының баспасөз саласындағы еңбегіне айрықша тоқталып өтті. Ырғыз ауданынан келген әріптесі Марат Мырзалы кеш иесінің жергілікті газетті ұстап тұрудағы талай қиындықтармен бетпе-бет келіп, қажырлық танытқандығын  әсерлеп айтып берді. Кітаптың ашылу лентасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепберген мен қарт журналист Сембай Карин қиды.

«Хабар-сервис» ЖШС баспаханасынан басылған кітапта Қыдыралы Жақсыбайұлының өмір жолы, газет шығару ісіндегі өзінің бастан кешірген оқиғалары мен әр жылдары жазылған сықақ әңгімелері топтастырыл-ған. Және  90 жылдық тарихы бар «Шалқар» газеті туралы алдыңғы буын ағалардың жазған естеліктері мен тарихы қысқаша берілген.

Танымдық шарада кітап авторы мен «Шалқар» газеті туралы бейнероликтер көрсетілді. Өнерлі өрендер  ардагерлер ауылына таяған мерейлі жас иесіне арналған арнауларды оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев алыстан ат арылтып келген меймандарға    алғысын  айтып, батасын берді.

Журналистер қауымы бас қосқан шараны ашып, мәнді жүргізген кітапханашы Құралай Айнадинге кітап авторының да алғысы шексіз болды.

М. ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».